Ауылына қарап, азаматын таны

1153

0

«Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы».

Президент Жолдауынан

Саялы мекен, ынтымақ пен бірлігі бекем бір ауыл бар Шиелі ауданында. Ол құтты қоныс – Қоғалы ауылдық округі, бұрынғы Ботабай, қазіргі Тұрсынбай датқа елді мекені. Аудан орталығынан 67 шақырым қашықтықта орналасқан сол ауылға сәті түсіп сапарлап қайттық. Әу бастан осы мекен көзтартар келбеті, мұнтаздай тазалығы, шап-шағын, жып-жинақы, бірінен-бірі өтетін әсем үйлерімен ерекше-тін.

Ымыра-бірлігі жарасқан шағын ауылдың кіреберісінен жарқыраған қақпаны көріп, «ауылына қарап, азаматын таны» деген қанатты сөзді есімізге алдық. Ауыл азаматтары өздері ұйымдасып, көзтартар қақпаны қатырып қойыпты. Қалай разы болмайсыз?

Табалдырықтан аттағаннан-ақ қызу тірлік осында ма дерсің. Тақтайдай тегіс жолда көлігіміз жүйткіп келеді. Сірә, жолы нашар көше жоқ сыңайлы. Дәл тауыппыз. Бүкіл бір ауылда тек бір ғана көше асфальтталмаған. Асфальты жоқ дегеніміз болмаса, оған да қиыршық тас төселген. Қаз-қатар бағандарда ілінген шамдар қас қарайса ауыл ажарын тіпті айшықтай түсетіндей. Ауыл әкімі Ғазиз Сейітовтің басшылыққа келгеніне көп болмаса да біраз шаруа бітірген…

Тоқсанжылдық тарих

Өткенге үңілсек, сонау 1930 жылы Шиелі колхоздары арасында Қоғалы 9-шы ауыл болып белгіленген. 1939 жылдан Тартоғай ауыл советіне қарады. Сол жылы Төңкеріс пен Қоғалы колхоздары біріктіріліп, Төңкеріс колхозы болды. Осы кезеңде ауыл тұрғындары Төңкеріске үдере көшіп, ауылда небәрі алты-ақ үй қалған. Қазіргі ауыл тұрғындарының көпшілігі – кейіннен ата қонысына қайта оралғандар.

Ұлы Отан соғысы жылдары Ақтөбе облысынан табын-табын сиыр айдап әкелініп, Тартоғай мал шаруашылығымен айналысқан екен. 1953 жылы ауылда бастауыш мектеп ашылып, 1971 жылы орталау, 1982 жылы орта мектеп болды.

1954 жылы мұнда Жамбыл облысы мен Өзбекстаннан 11 мың бастан астам қой әкелініп, Тартоғай қаракөл совхозы құрылған. Осыдан бастап бұрынғы Қоғалы колхозы №3 ферма аталды.

Ауыл халқы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, тоқырау кезеңінде де атакәсіптен ажырамаған. 1995 жылдың соңында Тартоғай совхозынан бөлініп, «Ботабай» ЖШС болып құрылды. Өз алдына ауылдық округ болып қайта құрылғаннан кейін іргелі шаруашылықты Мейрамбек Омаров, Ерім Маханбетов секілді азаматтар басқарды.

Тарихы терең ауылдан дін иелері, әулиелер мен қоғам қайраткерлері шыққан. Төңірегінде өткеннен сыр шертетін тарихи орындар да көп. Мысалы, қазіргі Қоғалы ауылдық округінің дария жақ бетіндегі «Алтынбек» аралының оңтүстігінде «Тұрсынбай қорғаны» деп аталатын жер бар. Халық ауызында «Дар құрған» деген атпен танымал.

Тарихқа жүгінсек, Тұрсынбай датқа – осы өңірде өмір сүрген, көзі тірісінде халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, басын тәуекелге тіккен ерлердің бірі. Ол Қоқан ханынан датқалардан жоғары лауазым – «пансат» атағын алған. Ел билігіне 22 жасында араласып, 40 жылдан астам датқалық қызмет атқарған. Ал, құжаттарда оның есімі 1840 жылдардан бастап байқалады.

Бұл қазақ халқы бостандығынан айырылып, бодандыққа бой ұра бастаған тым ауыр кезең болатын. Халық ерге қарады, қаһармандық қарымына үміт артты, сенді. Батырларына арқа сүйеді. Сол тұста дар құрғызу бір жағы елдің ішкі және сыртқы жауларына сес, екінші жағынан халықты тәртіпке шақырудың амалы болса керек. Халық арасында сақталған әңгімеге сенсек, жазаның мұндай ауыр түрі ешқашан қолданылмаған. Елдің сенімін осылай ақтаған Тұрсынбай датқа 1853 жылы елі, жері, халқы үшін Қоқан ханына қарсы сөзге келеді. Сонысы үшін ханның қастандығынан Түркістан қаласы тұсында қаза тауып, сүйегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген.

Осы секілді, Тұрсынбай датқа туралы елге тараған аңыз-әңгімелер жетерлік. Елге сүйеу болып, халық арасында қаһармандықтың символына айналған оның есімін елді мекенге беру туралы бастама шешімін тауып, 2018 жылы Тұрсынбай датқа ауылы болып өзгертілді.

Атакәсіп – елдің несібесі

«Бірлік қылмай ел оңбас, тірлік қылмай ер оңбас» деп бабаларымыз бірлік пен тірлік қағидаларын өсиет етіп қалдырғандай, адам қай қоғамда да толыққанды өмір сүруі үшін бекем бірлік пен өзара сыйластық қағидалары ауадай қажет. Осы ретте дана бабалар өсиетін темірқазық етіп ұстанып, қағидалы сөздің мағынасына үңілмеске әсте болмайды. Қазақ атамыз осындайда: «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деп өскелең ұрпағына өнеге қалдырған. Адассаң да көппен бірге адасып, көппен бірге даңғыл жол табасың. Бұған ешкім де қарсы дау айта қоймас. Қазақ елін алып бәйтерекке теңесек, еліміздің ырыс, ынтымағын арттырып отырған ауылдар сол бәйтеректің мәуелі бұтақтары іспетті. Қоғалы жері де елдің ырысын еселеп, ынтымақ пен бірліктің ерен үлгісін көрсетіп келеді.

Осы ретте елді мекеннің тыныс-тіршілігі туралы ауылдық округ әкімі Ғазиз Сейітов айтып берді.

– Мемлекет басшысы биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында соңғы бес жылдың өзінде субсидиялауға екі триллион теңгеден астам қаржы бөлінгенін атап өткен болатын. Жермен айналысып, мал өсіруге бұл да болса көп көмек. Өткен жылы ауылда «Бөрібай» шаруа қожалығы жем-шөпке 1,5 млн теңге субсидия алып, мал басын 100 ірі қара, 60 жылқыға жеткізді. «Береке» шаруа қожалығы да биыл 2 млн теңге субсидия алып, мал басын көбейтті. Ел Президенті шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы керегін айтты. Ауылдағы шағын қожалықтар да бұл игіліктің шарапатын көрсе игі. Сонда ғана оларда қызығушылық пайда болады, мал өсіруге құлшынысы артады. Мемлекет нақты қаржылай қолдау көрсетсе, олар да шаруаларын одан әрі жүргізуге ынталанып, жұмыс өнімділігін арттыра түспек, – дейді ауыл әкімі.

Шынында, «мал өріске қараңғыда шығып, күн батқан соң қайтуы керек» деген бұрынғы ұстанымды осы ауылдан көруге болады. Қазіргі таңда мұнда 6669 бас уақ мал тіркелген. Сиыр басы 2 мыңға, жылқы 1600-ге жетіп отыр. Ауылдық округ халық саны жағынан аудандағы ең шағын округтердің бірі саналады. Мал шаруашылығы қарыштап дамып келе жатқан ауыл тұрғындары кейінгі жылдары кәсіпкерлікке бет бұрып отыр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай.

Өткен жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша «Бастау-Бизнес», «Бизнес кеңесші» жобалары аясында 12 адам оқу курстарынан өтіп, сертификаттарын алды. Жастар жылына тағайындалған бағдарламамен 2 азамат 6 процентпен 4 млн теңге несие алса, 10 азамат қайтарымсыз грант ұтып алған. Оның ішінде 5 азамат – ауыл жастары. Жыл басынан бері 4 шаруа қожалығы, 6 жеке кәсіпкерлік субъектілері ашылды.

Несие алып, мал басын көбейтіп отырған кәсіпкерлердің бірі – «Өлеңді 2» шаруа қожалығы. Кәсіп ашсам деген, жұмыссыз жүрген жандарға үлкен мүмкіндік болып отырған бағдарламаларды тиімді пайдаланған қожалық 2017 жылы 15 млн теңге, 2019 жылы15 млн теңге несие алып, уақ мал басын 1,8 мыңға жеткізді.

– Қазір бізде 5 адам тұрақты жұмыс істеуде. Мал басын біраз көбейтіп, әрі қарай шаруашылығымызды кеңейту жоспарымызда бар. Жұмыс істеуге күш-қуаты жететін жандар үшін мүмкіндік мол ғой. Барлығы адамның өзіне байланысты, – дейді қожалық басшысы Сайфурхан Омарханов.

Расында да, жоқтан бар жасау да, барды жоқ қылу да адамның өзіне, еңбекке деген ынтасына байланысты. Еңбекқор, барды бағалай білетін жандармен сөйлессең, олардың жемісті еңбегін көрсең, өзіңнен өзің бір марқайып қаласың.

Кейінгі екі жылдың өзінде ауылда 24 адам кәсіпкерлік мақсатта жер алып, 20-дан астам шаруашылық құрылған. Бірнеше мал бордақылау орны, омарта шаруашылығы, жем турайтын екі станок іске қосылып, жұмыртқа, сүт, сүт өнімдері бағытында жеке кәсіпкерлер қызметін бастаған.

Бір сөзбен айтқанда, ауыл халқы күнделікті тұтынатын өнімдерінің негізгілерін өздері өндіріп отыр. Тіпті, қонағының алдына қоятын торт, басқа да тәттілер үшін ауданға барып әуре болмайды. Ауыл тұрғыны Айгүл Спанова 2019 жылы мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, 505 мың теңге қаражатқа цехқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Бүгінде бәліш, төрт түрлі кондитерлік тәтті тағамдарға тапсырыс қабылдап, отбасылық кішігірім ісін дөңгелентіп отыр.

– Үйдегі хобби кәсіби кондитер болуға аздық етеді. Дайындаған өнімдер тұтынушы көңілінен шығуы үшін біліктілік керек. Бәсекеге қабілеттілік сын көтермеген жерде шығынға отырасың. Кәсіби біліктілігімді жетілдіру үшін түрлі кондитерлерден дәріс алып, әлеуметтік желідегі рецептерді де пайдаланып жүрмін. Жаңа өнім түрлерін өндіруге көп уақыт жұмсадым, – дейді кондитерлікке машықтанып жүрген ол.

Тағы бір мемлекеттік қайтарымсыз грант иегері Айжан Пернебекова омарта шаруашылығымен айналысады. Бүгінде 40 ұясы бар шаруашылық бүкіл ауылды балмен қамтамасыз етіп отыр.

Маңайы абат, ырысы қабат

Бүгінде ауылдың өңі кіріп, ажары айшықталып келеді. Оны бірқатар әлеуметтік нысандардың жыл санап жаңғырып, жаңадан салынып жатқанымен байланыстырсақ та болады. Сондай-ақ, ауыл биылғы көрсеткіштерде аудан бойынша алдыңғы орында тұр.

Елді мекенде мектеп, клуб, медициналық бекет, балабақша, шағын орталық бар. «Отанды сүю – иманнан» деген сөзді де халқымыз текке айтқан жоқ. Ауылдың барлық тыныс-тіршілігі, ынтымағы мен бірлігі әлбетте, ең алдымен имандылықтан бастау алатыны сөзсіз. 2014 жылы белгілі кәсіпкер азамат Асан Қожаназаровтың демеушілігімен «Қарабура ата» мешіт үйі имандылықты басты шарт еткен жамағатқа есігін айқара ашқан.

2012 жылы ауылдағы №228 орта мектептің де жаңа ғимараты пайдалануға беріліп, білім ордасы 250 орындық, типтік соңғы үлгідегі 2 қабатты нысанға көшті. Бүгінгі таңда мектепте 17 оқу кабинеті, кітапхана, асхана, психологиялық кабинет, заманауи компьютермен жабдықталған оқу кабинеттері бар.

Сондай-ақ, ауылда шағын футбол алаңы, заманауи үлгідегі жаттығу алаңы бой көтеріп, ауыл жастарын спортқа баулу жұмыстары жандануда. 2019 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа медициналық бекет пайдалануға берілген. Елді мекен жұртшылығы көптен күткен денсаулық үйі заман талабына сай жабдықталған. Тұрғындар денсаулығы сыр берсе аудан орталығына қатынап әуреге түспей, өз ауылында сапалы медициналық қызметке қол жеткізіп отыр. Жаңа нысанда дәрігер кабинеті, арнайы екпе егу орны және әйелдер мен балаларға арналған бөлмелер қарастырылған.

Қазіргі таңда үздіксіз білім беру еліміздің ертеңі – өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты, қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен еліміздің білім беру саласының әлемдік кеңістікке өтуі мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға уақытқа сай өзгерістерді енгізуді талап етіп отыр. Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек, ауылда бұл мәселе де оңтайлы шешілген. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ұзақ жыл балабақша ісінде еңбек етіп, зейнетке шыққан сала ардагері Жұпаркүл Болатова 2016 жылы «Айбек» жеке балабақшасын ашқан. Бүгінде 60 орындық балабақшада 18 адам жұмыспен қамтылған.

– Мектепке дейінгі мекеме балаларына үздіксіз тәрбие мен білім беру келешек ұрпақтың жан-жақты дамуына белсенді, шығармашыл болуына тікелей әсер етеді. Осыған орай балабақша тәжірибесіне оқыту мен тәрбиелеудің әртүрлі технологиялары енгізілуде. Тәрбиешілеріміз түрлі республикалық басылымдарда мақалаларын жариялап, аймақтық байқауларға қатысып, үнемі білімін жетілдіріп отырады, – дейді балабақша құрылтайшысы.

Тағы бір айта кетерлігі, балабақшада тасымал қызметі үшін көлік те қарастырылған. Балаларды өздері алып кетіп, әкеліп тастайды.

Мәдениет саласы бойынша да ауылда ауыз толтырып айтар тірліктер баршылық. «Ауылдың алты ауызы» атанған өнерлі үлкендер де, талантты жастар да көп. Клуб – ауыл мәдениетінің ошағы десек, елді мекендегі клубта күй, ән, домбырашылар үйірмелері жұмыс істейді. Клуб меңгерушісі Батырхан Маханов елімізге белгілі күйші. «Ұлы даланың көне сарындары» күйшілер антологиясына жеті күйі енген. Көптеген республикалық, облыстық күйшілер байқауларының жеңімпазы. Түрлі аспапта ойнайтын өнерлі азамат еңбек жолын сонау 1984 жылы бастап, содан бері ауыл жастарының талантын ашып, елге таныту жолында қызмет етуде. Шәкірттері түрлі сайыстарда топ жарып жүр. Солардың бірі Мәди Әшірбай жақында ғана республикалық «Ботақан» телебайқауының жеңімпазы атанды.

– Үш жыл бұрын ауылдың өнерлі жастары арасынан «Тұмар» вокалды-аспапты ансамблі құрылған болатын. Сол кездегі аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев жас ұжымның өнерін жоғары бағалап, барабан сыйға тартты. Ансамбль облысты аралап өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленіп жүр. Соңғы уақыттары пандемия жағдайына байланысты бұл іс-шаралар тоқтап тұр, – дейді Батырхан Маханов.

Тұрсынбай датқа ауылдық клубында 9 адам жұмыс жасайды. Жыл басынан бері мұнда 34 іс-шара өткізіліп, облыстық, аудандық іс-шараларға қатысып жүлделі орындарға ие болды. Табиғи дауысы таңдай қақтыратын әнші де, домбыраның құлағында ойнайтын күйші де ауылда. Оған мәдениет мекемесінің жетістіктері дәлел.

Дегенмен, әлі күнге шешімі табылмай отырған мәселе – ескі клуб ғимаратының жағдайы. Ел аузында жүрген өнер, әдебиет, сахна жұлдыздарының қай-қайсысы болсын ауылдан шыққан. Тұрғындарға мәдениет саласындағы барлық жаңалық пен жаңашылдық дер кезінде жету керек. Сондықтан ғимарат жаңа жобамен қайта тұрғызылса жергілікті халықтың мәдени демалысын дұрыс ұйымдастыруға көп септігін тигізер еді.

Әлеуметтің әлеуеті артып келеді

Бірлігі жарасқан ауылда былтыр өңірлерді дамыту бағдарламасы арқылы бірқатар абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Айталық, 4,4 млн теңгеге үш көшеге жарық бағаналары орнатылды. Екі көшені күрделі жөндеуге 26,2 млн теңге бөлініп, барлығы 2 шақырым жол асфальттанды. Оған қоса, 6 млн теңгеге балалар ойын алаңы салынды.

Әрине, бүлдіру – оңай, бүтіндеу – қиын. Ауылдың келешекке беттеген көші жүре-бара түзелгенін жоғарыда бірді-екілі мысалдармен баян еткендей, бірқатар мәселелер де бар.

– Ендігі міндет – елді мекенге жаңа клуб ғимаратын салу. Әкімдік ғимаратын салу да кезек күттірмейтін шаруа. Ауыл халқы ауызсумен толық қамтамасыз етілген. Аяқсу үшін канал да тартылған. Бірақ аяқсу толық келуі үшін Ботабай каналын, сондай-ақ, Жаңарық каналын қазу, тазарту жұмыстары жүргізілуі қажет. Бұдан бөлек спорт кешені құрылысы, бір көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, басқа да жұмыстар алдағы жылдардың еншісінде, – дейді ауылдық округ әкімі Ғазиз Сейітов.

Ауылдың ажарлана түсуі қалың көптің көңіліндегі тілек, сеніміндегі тірек екені анық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында төзім мен сабырды серік етіп, сындарлы сәттерден сүрінбей өткен бүкіл еліміз сияқты Қоғалы ауылдық округіндегі ахуал да кейінгі кездердегі көптің сенімін сәулелендіріп, үмітін үкілеген 30 жылдағы жетістіктеріміз арқасында түзеле түскенін көзімізбен көріп қайттық. Сөз жоқ, бұл – Елбасының сарабдал саясатының, Мемлекет басшысы айқындаған міндеттердің, соларды негізге ала отырып басшылық қызметті біліктілікпен атқара жүріп, бүгінгідей тірлікке тұтқа болған облыс, аудан,  ауыл басшылығының жұмыс нәтижесі. Еліміздің берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағының кәдімгі қолға ұстатқандай көрінісі.

Ендеше, жоғарыда өзіміз негізгі-негізгілерін айтпақ ойымыздың желісі еткен ауылдағы жетістіктердің бәрі болашақта да баянын табар істер болмағы анық. Тек сол ауылдың көз алдымыздағы ажары мен күнделікті базары молая берсін дейік.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы».

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<