Қасиетті қарашаңырақ

516

0

Жалағаш ауданының  Еңбек ауылында көпбалалы Қаршығаевтар отбасы тұрады. Есімдері елге жақсы таныс әулетке қызыға қарайтындар жетерлік. Отағасы Сабыт пен жары Фатимакүл Нұрмағанбетова – 18 перзент сүйіп, немере мен шөберенің қуанышына кенелген жандар.

Сабыт ағамыз сонау сұрапыл соғыс жылдарында өмірге келіп, еңбекпен есейді. Еңбек ауылында 40 жылдан астам уақыт көлік жүргізуші болды. Аудан мен ауыл арасын жалғады. Жолаушының ақысын емес, алғысын алды. Отанасы Фатимакүлмен 1965 жылы шаңырақ көтерді. Екі жас өмірдің қиыншылығы мен қуанышын қатар көріп, отбасының берекесін сақтады.  Адал еңбегінің арқасында өмірге келген ұл-қыздарын ешкімнен кем етпей жетілдірді. Үйдің тұңғышы Серік 1966 жылы дүниеге келді. Артынан іні-қарындастары ерді. 18 баланың екеуі егіз. Самат пен Гүлзат, Қожахмет пен Жансұлу. Қазір әулеттің түтінін түзу түтетіп отырған  Фатимакүл әжей. Қарашаңырақтың егесі кенжесі – Аманжол. Ол медицина саласын таңдап, бүгінде «Еңбек» ауылдық ауруханасында жұмыс істейді. Әрі анасының жеке дәрігері. Бірлігі бекем, татулығы жарасқан отбасында өсіп-өнген оның  да шағын мемлекеті бар. Бір перзенттің әкесі.

– Көпшілік арасында «қанша ағайындысың?» деп сұрап жатады. 17 бауырым бар деймін. Көпшілігі сенбейді. Біз секілді көпбалалы отбасылар аз болғандықтан болар. Таңырқап жатады. Мен үйдің сүт кенжесімін. Анам мені 48, ал, әкем 54 жасында көрген. Тегімді әкем атына жаздырған. Қызығы, ата-баба шежіресі жазылған кітапқа ұлдар қатарына емес, немересі ретінде тіркеп қойыпты. Жалпы, әкемнің көзі тірісінде де «немерең бе?» деп сұрайтындар көп еді. Әкем өте балажан кісі. Ол үшін әрқайсымыздың орнымыз ерекше болды. Пейілі кең, жүрегі жұмсақ, адамгершілікті жоғары бағалайтын. Анам екеуі ұл-қыздарын оқытып, бір-бір шаңырақтың егесі болуы үшін қолдарынан келгенін жасады. Отбасында ұрыс-керіс дегенді көрмей өстік. Үлкендері кішілеріне қарады. Бауырмалдылық деген қасиетті ұғындық.  Бүгінде әкемнің құтты мекеніне айналған қарашаңырақта отырмын. Бәріміз де сол үйде өстік. Анамның қасқабағын бағып, жағдайын жасаймын, – дейді ол.

Аманжолдың айтуынша, анасының әр туған күні – үлкен мереке. Жан-жақтан бауырлары жиналып,  сый жасайды. Дастархан басында ақ батасын алады. Немере мен шөберелерінің ерекше құттықтауларын тыңдайды.

– Анамыз үшін әрбіріміздің орнымыз бөлек. Жолымызды тосып, күтеді. Жұмыстан сәл кешігіп барсаң, есік алдында отырады. Ана жүрегі баласы үшін қашанда алаңдаулы ғой. Мен өзім әкемін, ал, анам үшін баламын, – дейді күлімсіреп.

Қиын сәтте балаларымды қалай жетілдіремін деп мойымаған ананың әрекеті нағыз ерлік деуге болады. «Әр бала өз несібесімен келеді, перзенттерім – Алланың берген сыйы» дейтін ақ жаулықты анамыз, ұл-қыздарына ақыл-кеңес беруден де жалыққан емес. Балалары бір нанды бөле жеді, бір-біріне қолғабыс етіп жетілді. Ағасы інісіне, інісі ағасына демеу болды. Бір-бір отбасының тірегіне айналып, көпшілігі ата-анасы секілді көпбалалы отбасы болды.

Фатимакүл әженің «Алтын алқадан» басқа мақтау-марапаттаулары жетерлік. Ол 1999 жылы «Жыл адамы» атанса, аудан әкімі «Батыр ана» дипломын табыстаған. 2005 жылы облыстық әйелдер кеңесінің  «Өнегелі отбасы» номинациясын алса, Қызылорда қаласының 190, облыстың 70 жылдығына орай «Патшайым ана» атағын иемденді.

Биыл жетпістің бел ортасына келді. Соңғы кезде денсаулығы сыр бере бастаған. Ерекше күтіммен отыр. Мұндайда қасынан Аманжолы табылады. Қажетті ем-шарасын жасап, қан қысымын бақылайды.  Міне, татулығы жарасқан отбасының тыныс-тіршілігі.

Бұл мақалаға арқау болған жарасымды отбасының бірі ғана. Қазір 18 бала түгілі, 5 баласы бір шаңыраққа сыймай жатқандарды көз көріп жүр.  Ағайын арасындағы алауыздық басым. Қанша баланы өмірге әкелген ата-ана қызығын көретін шағында қарттар үйін паналап қалады. Отбасы құндылығын ескермей, бала алдындағы жауапкершілікті сезінбейтіндер қаншама?! Мұндайда жас отбасыларға «сыйластық пен бірлік – шаңыраққа  шаттық әкелуші» деп есептейтін Фатимакүл анамыздың ақылы керек-ақ. 

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<