Қуаңшылық қайдан туды?

1603

1

«Жайылым жайын ойламай, шаруа оңалмайды»

дейді мамандар

Қуаңшылық қысып барады. Арал ауданының ғана емес, аймақ халқын алаңдатып отырған мәселені шешудің оңтайлы жолы да әзірге табылмай отыр. Осы ретте сала ардагерлерін сөзге тарттық.

Еңбек жолын 1981 жылы бастаған, қарапайым зоотехниктен ұжым төрағасына дейін жұмыс жасап, одан бөлек 20 жылға жуық уақыт ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінде қызмет еткен Сәбитжан Нұрғалиев мұндай жағдай Арал аймағында бұрын болмағанын айтады.

– 80-жылдардан бері мұндай жағдай болды дегенді естімедім. Ауыртпалық қыс мезгілінде түсетін. Онда да аз күн ғана. 1986 жылы сондай ауыр жағ­дай болып, Көкшетау, Орал ай­мақтарынан шөп дайындап әкел­геніміз бар. Сол уақытта өзім алпыс адамға басшы болып барып, жарты жыл Көкшетауда жүрдім, – дейді ол.

Ол сол кездегі сала басшы­лары қабылдаған шешім тиімсіз болды деген пікірде. Шөпті ва­гонмен тасу өзін ақтамайды, малдың құнынан да қымбатқа түсуі мүмкін.

– Мал азығы жем түрінде жеткізілгені дұрыс деп ойлай­мын. Одан бөлек, басқа өңір­лердің шөбі біздің жақтың ма­лына жайсыз, сапасы да төмен. Мысалы, табандыққа өсетін қо­ға­жай сияқты шөптерді біздің жақтың малы жемейді. Бізге қатты шөптер керек. Айталық, бір сиырға бекітілген норма 8-12 килограмм десек, енді 5-6 килограмм тәуліктік норма қо­йып, қалғанын жеммен тол­тыр­сақ та болады, – дейді еңбек ардагері.

Ауданның мал шаруашылы­ғы саласының кейінгі жарты ға­сырдағы жағдайына қанық Сә­битжан Нұрғалиев өз сарапта­масын жүргізіп, дерегін ауыл шаруашылығы бөліміне ұсын­ған. Айтуынша, аудан үшін мал басының ең көп болған уақыты – 1991 жыл. Содан кейін біршама азайып, 2000-жылдары қайта өсе бастаған. Қазір мал басы сол уақыттан 4-5 есе көп. Тек есебі түзу емес. Қорасындағы малын тіркеуді қажет деп сана­майтындар бар. Сондықтан рес­ми дерек пен нақты мал санының арасы алшақ шығып отыр.

Аудан шаруалары мемлекет тарапынан тез арада нақты ша­ралар қабылданса дейді. Шаруа­шылықтардың барлығына бір­дей жем-шөп жеткізу мүмкін бол­маса да, есепте тұрған мал ба­сына қарай ақшалай көмек бе­рілсе, жұртшылық өздері де қам жасап, сырттан алдырудың жолын табады.

Көпшілігі малмен күнелтіп отырған аудан жағдайы алаңда­тарлық. Қыста қар түспеген. Жер түгі ерте көктемде жаңбырмен көтеріледі деп күткен ел үміті де ақталмады. Негізі мұнда майда шөптердің өсіп шығатын, көтерілетін уақыты мамыр айы­на дейін ғана. Одан кейін аптап ыстық күйдіріп жібереді. Сондықтан, қайта шөп шығуы үшін әлі 10-11 ай уақыт керек.

Сала ардагері Қазыбек Аяпов аудан жұртының ендігі үміті тамыз түсіп, сүмбіле туған соң жеткілікті жауын түскені дейді. Сол кезде ебелек шығып, еркек шөп балақтайды. Қаулап кетпесе де, ыраң да көктейді. Бірақ бұл да мардымсыз болмақ.

– Жазда отықпаған малдың қысқа түскені тіпті қиын бол­ғалы тұр. Әупірімдеп аман жет­кізсек те, ол мал қыстан қалай шығады? Бұрын ауыр қыс­тар­да өзге өңірлерден жем-шөп таситын. Бірақ тап осындай жағдай жазда болғаны есімізде жоқ. Қазір ауданға жылдағыдай Қарағанды, Қостанай өңірле­рінен шөп келіп жатыр. Оның да бағасы қымбаттады. Бұрын престің бір данасы 500-700 теңге аралығы болса, қазір 1200-ге шықты. Аудан басшылығы 7,5 мың тоннадан астам жем-шөп қоры бар деп отыр. Негізі, қысқа керек шөптің өзі қарашаға дейін жиналуы тиіс. Дегенмен, ойлап қарасақ, қысқа жету үшін де 1-2 бас сиыры бар үйдің өзіне 4-5 тонна шөп керек. Оған қоса, шілдеде Қостанайдан жыл­дағыдай жем де келмейді деген қауесет шығып жатыр. Ол жақтағы жем дайындайтын орын­дарда жөндеу жұмысы жү­реді екен. Қаншалықты рас әңгіме екенін білмеймін, – дейді ардагер.

Жалпы қыстан ширығып шыққан мал көктемде босаң­сиды. Сондықтан мұндай қуаң­шылық айрықша ауыр тиеді. Әдетте, ең әуелі сиыр қырылады. Ал жылқының бұлай қырылуы жағдайдың тіпті нашар екенін көрсетіп отыр. Ең қиыны, арық малды шаруалар етке де өткізе алмайды. Бүгінде шет ауыл­дар­дың халқы құлынын енесінен айырып сатып жатыр.

– Жиырма күндік, бір айлық құлындарды 40-50 мың теңгеге өткізіп жатқандар бар. Онысы ең болмаса сол ақшаға биесіне жем-шөп алса, келер жылы тағы құлындайды ғой деген ой шығар. Жақында ғана ауданға қарасты Жамбыл колхозының шаруалары келіп 25-40 мың арасында құлын сатты. Оңтүстік аймақтардан келіп, тиеп кетіп жатыр. Ол құлындарды тиеп жатқанда, жолда өліп жатқаны да бар. Кеше жаңалықтардан ауданда малдың қырылуы тоқтатылды деп жа­тыр. Кім қалай тоқтатыпты? Қуаң­шылықта мал бір орында тұра берсе өле бермей ме? – дей­ді Қазыбек Аяпов.

Қуаңшылық ұлан-ғайыр жері­міз бар деп мақтанғаны­мыз­бен, сол жердің мүмкіндігін мал шаруашылығына толық пайда­лана алмай отырғаны­мызды да көрсетіп отыр. Ветеринария ғы­лымдарының кандидаты, Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының облыстық фи­лиал меңгерушісі Дәулет Ибра­гимов құрғақшылық жауын-шашынның болмауы ғана емес, ұзақ уақыт бойы мән берілмей келген мәселелердің нәтижесі екенін айтады. Шаруашылық атаулы жекеге өткен соң, бұ­рынғы қалыптасқан жүйе ұмыт қалған. Маман бүгінде облыс ғана емес, бүкіл ел бойынша мал шаруашылығы дұрыс ұйым­дас­тырылып жатқан жоқ деген пікірде.

– Бұрынғы көшу, мезгілге қарай жер жаңарту қыстаудағы жайылымды сақтау үшін жаса­латын. Паразиттердің көбеюі­не де кедергі болатын. Қазір жұрт­тың малы ауылдан ұзап жа­йылмайды. Мен өзім ветери­нармын. Көтерем малды әлі ем­деп жүрмін. Негізі мал ауызы көкке ілініп болатын уақыт өтіп кетті. Жоңышқаның бі­рін­ші орымы түсіп үлгерді. Бұл уақытқа дейін көтерем мал қал­мауы керек еді. Мал арық болған соң ауру-сырқау да көп. Қуаң­шылық, жайылымның то­зуы, мал ауруларының кө­беюі – барлығы бір-біріне бай­ла­­нысты нәрсе. Негізгі себеп – жер жаңартпағаннан. Сон­дықтан ша­руашылықтарды мем­лекет дең­гейінде көшіру қолға алын­баса, қуаңшылық жал­ғаса береді, – дейді Дәулет Ибрагимов.

Бүгінде Арал ауданы мал­шыларының жағдайы келгендері Ақтөбе, Жезқазған аймақтарына көшіп те жатыр. Көшпегендері де қыр бетке көшу керек деген пікірде. Бірақ бұл шара сәуірде басталуы керек еді, кешігіп жатыр. Енді шаруалар көшірудің өзі қиынға соғады деп отыр. Аптап ыстықта малды айдап апару мүмкін емес, көлікпен көшіру тіпті ауыр болмақ.

Ауданның қазіргі жағдайы 1986 жылы Қызылқұм қой­науында болған қуаңшылықты еске салады. Ол кезде қуаңшылық болатыны алдын ала болжанып, Қуаңдария мен Жаңадария ауыл­дарының құм ішін жайлайтын малын Қарақұмға көшіру бо­йынша уақытылы шара қабыл­данған. Малды Қазалыға қарай айдау үшін бүкіл маршрут сы­зылып, бойымен құдықтар ашылып, жүріп келе жатқан малды тәулігіне бір суарудың дәл есебі жасалған. Еңбек жо­лын 1984 жылы Қуаңдария ауылында тракторшы болып бастаған, сол кездегі жүйелі жұ­мыстарға атсалысқан облыс­тық экономикалық тергеп-тек­серу департаментінің баспасөз хатшысы Бақыт Орданова бұл сол кездегі салаға жауапты адам­дардың жоғары жауапкер­шілігін көрсететінін айтады.

– Ол кезде мен трактор­шы­мын. Сәуір айының бас ке­зінен әрқайсысы 7-10 отарды топтастырған үш керуенді кө­шіруге қатыстым. Жолсызбен жөңкіліп бара жатқан малдың жанында тек трактор ғана жүре алады. Ал жауапты басшылар жолға жақындаған сәтте алды­мызда күтіп тұратын. Қуаңдария уақытында мал басын 75 мыңға жеткізген, шаруашылығы да­мыған ауыл еді. Амантай Қара­манов, Әбдірахман Бегимов сияқты білікті басшылар болды. Қуаңшылық болған жыл­дары ферма бастығы Құс­надин Смағұлов, зоотехник Тұрарбек Өсеров деген кісілер болды. Барлығы да білімді, шаруашылыққа жетік кісілер еді. Айтайын дегенім, бұрын жауапты басшылар жер жайын білетін адамдармен ақылдасып отыратын. Су көзінің бас-аяғы қайда, қай жерге қандай дақыл еккен дұрыс? Су жолдары, жыралар қандай егіске қолайлы? Осының барлығын бұрын қалып­тасқан шаруашылық жүйесіне қарай тексеретін адам қазір жоқ сияқты, – дейді ол.

Бүгінде сол Қызылқұм ай­мағын мал тұяғы баспағалы көп жыл уақыт өткен. Кезінде белгілі бір жүйеге сай құдықтар мен скважиналар желісі қалыптасқан аймақта киік ғана жайылады.

– Кейін кеден қызметіне жұмысқа келген соң Қызылқұм аймағына жиі бардым. 2000 жылы Өзбекстанмен шекарадағы Мыңтай бекетіне сапар кезінде бұрын тракторшы болып жүрген жерлерді таныдым. Мал тұяғы баспағанына жылдар өтіп кет­кен. Шаруашылықтар кеткен соң жайылым да, құдықтар да пайдаланылмай қалған. Жер мүл­де жаңарып, өзгеріп кеткен. Қазір ол жаққа адам бар­­майды. Қа­раусыз, күтімсіз қала берсе, мүлде таныс емес ме­кенге айнала беретін шығар. Мүмкін бұрынғы жерлердің сыз­басы, картасы болса, соған қарап ша­руашылықты қайта жан­дан­дыруға болар ма еді деп ой­лаймын, – дейді Бақыт Орданова.

Бұл ретте «Жайылымға жа­рамды жердің бар потенциалын толық пайдаланып жатырмыз ба?» деген сауал туатыны белгілі. Айталық, сол Қызылқұм жерін толық пайдалана алсақ, оның әлеуеті қаншалық болмақ?

Тағы бір мәселе – жер жа­ңарту Арал ауданы аумағында ғана жүзеге асуы мүмкін емес шаруа. Себебі, мұнда бұрын әр малшы жылына бес мезгіл көшетін. Қыстау, мал төлдейтін орын, жайлау, қырқым, күзеу де­ген сияқты. Қазір сол бес орында бес малшы отыр. Өзге облыстар, әсіресе Ырғыз жақ беті болмаса, ауданда көшіп-қонатын жер жоқ. Ондай шет аумақтарға баруға жеке адамдардың жағдайы кел­мейтіні де түсінікті.

Сондықтан, шаруалар малды шығынға ұшыратпау үшін нақты екі шара қабылданса деп отыр. Алдымен, қысқа дейінгі мал азығы үшін облыстың ауыспалы егісі бар жақын аймақтарынан жоңышқа, басқа да шөп тұрақты жеткізілуі керек. Жауапты ме­кемелер мамандармен бірге ауылдарды аралап, арық-тұрық, көтеремнiң барлығын сұрыптап, кәрі отарды, кәрі табын мен үйірді іріктеуі қажет. Екінші мәселе – барлығына бірдей жем-шөп жеткізу мүмкін еместігі ескеріліп, мал азығын алуға ақшалай көмек берілуі тиіс. Пікір парқы осыған саяды.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<