Менің жасым 14-те, туыстарымды және достарымды жақсы көремін. Мектепке барып, жаңа білім алуды, саяхаттауды, адамдармен әңгімелесуді, би билеуді, түрлі тағамдар дайындауды, музыка тыңдауды, спортпен айналысуды ұнатамын. Сұлу көк аспанды, таза аязды ауаны, жасыл жапырақтардың жарқын түсін, бұлақтың таза суын жақсы көремін. Жаз бен көктемді сүйемін. Мен өмірді жақсы көремін және оның әр сәтін бағалаймын. Сондықтан, есірткіге қарсымын!
Еліміздің болашағы, жас буын өкілі ретінде өз үндеуімді білдіргім келеді. Есірткі – бұл тек жеке адамның өміріне емес, бүкіл қоғамға үлкен қауіп төндіретін қатерлі құбылыс. Ол адамның денсаулығына, психологиялық және әлеуметтік жағдайына теріс әсер етіп, болашаққа деген үмітті өшіреді. Өзіміздің болашағымызды сақтап қалу үшін, әрдайым саналы шешімдер қабылдап, есірткіден аулақ болуымыз қажет. Қоршаған орта мен достарымыздың ықпалына түсіп кетпей, өз мақсаттарымызды айқын белгілеп, дұрыс жолмен жүруіміз керек.
Біз, жастар қоғамның болашағы ретінде, өзімізге жауапкершілік алуымыз қажет. Әрқайсымыздың қолымызда болашақ ұрпақтың өмірін сақтап қалу мүмкіндігі тұр. Есірткіге қарсы тұру тек жеке жауапкершілікті ғана емес, бірлікті, ұйымшылдықты да талап етеді. Біз есірткіге қарсы күресті өз отбасымыздан, мектебімізден, достарымыздан бастап, қоғамда осы мәселені шешуде үлес қосуымыз керек. Сондықтан да мен баршаңызды есірткіге қарсы күреске белсене қатысуға, достарымды осы қауіптен сақтануға шақырамын. Есірткісіз қоғам – салауатты және жарқын болашақтың кепілі. Өмірімізді мағыналы өткізіп, өзімізге және елімізге пайда келтіретін жас ұрпақ болып өсейік!
Жастар, біз – болашақтың иесіміз, сондықтан есірткіден аулақ бола отырып, саналы әрі бақытты өмір сүруіміз керек! Біз бірлесе отырып, есірткімен күресті күшімізге айналдырып, қоғамымызды қауіпсіз әрі бақытты етейік!
Өмірге адам бір ақ рет келеді,
Жастық шағың – өміріңнің кемелі.
Күте білсең саулығыңды өрелі,
Табиғаттың бергеннен көп берері.
Нашақорлық – өзін-өзі өлтірудің ең баяу тәсілі, өз бойында өмірді, ерікті, ақылды, қабілетті саналы, ерікті түрде бұзу. Нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу біздің қолымызда!
Жания ҚЫДЫРБЕК,
№79 негізгі мектептің 9-сынып оқушысы.
Қармақшы ауданы,
«Қызылтам» стансасы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<