Құрылтай

Бірлік пен еңбектің жемісі

14

0

Қай өңірдің де өркендеуі тұрғындарының әл-ауқатымен, кәсіпкерлік қарқынымен, ауыл шаруашылығы әлеуеті және инфрақұрылымының дамуымен өлшенеді. Осы жағынан алғанда қала іргесіндегі Ақсуат кейінгі жылдары жүйелі даму жолына түсіп, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері тұрақты өсіп келе жатқан ауылдық округтің біріне айналды. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуы мен жергілікті тұрғындардың еңбекқорлығы ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігінен анық байқалады.

Бүгінде Ақсуат ауылдық округінде 11887 адам тұрса, 4 мыңнан астамы экономикалық жағынан белсенді. Оның ішінде 526 тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыздар саны небәрі 32 адам. Бұл халықты жұмыспен қамтудағы бастамалардың нәтижелі екенін көрсетеді.

Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы бюджетіне тікелей байланысты. Биыл ауылдық округ бюджеті 703,9 млн теңге көлемінде орындалып, жоспар 99,99 пайыз болған. Салық базасын кеңейту бағытында да жүйелі жұмыс бар. Түсім артып, жоспар 79,7 пайыз орындалған.

Кәсіпкерлік – қозғаушы күш

Ақсуатта кәсіпкерлік жылдан-жылға қарқын алып келеді. Қазіргі таңда 602 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оның ішінде заңды тұлғалар, дара кә­сіп­керлер, шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтері халықты жұмыспен қамтып, ауыл экономикасына үлес қосуда. Биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында 42,2 млн теңгенің бес жобасы қаржыландырылды. Олар асылтұқымды ірі қара мен жылқы өсіру, өзіне-өзі қызмет көрсететін автокөлік және кілем жуу орталықтарын ашуға бағытталған.

Сонымен қатар «Аграрлық несие кор­порациясы» арқылы егін шаруа­шылығына қажетті техника мен құрал-жабдық сатып алуға арналған жоба да қолдау тапты.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жат­қан мұндай қолдау ауыл тұрғындарының кәсіп ашуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және ауыл экономикасының нығаюына оң ықпал етуде.

Бірлік пен еңбектің жемісі

Әлеуметтік қолдау басты назарда

Әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау бағытындағы жұмыстар да тұрақты жүргізілуде. Биылғы алғашқы төрт айда 45 отбасыға 10,7 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Сонымен бірге 31 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылып, қоғамдық жұмыстарға, жастар практикасына және «Күміс жас» бағдарламасына қатысушылар саны да артып келеді. Ауыл кәсіпкерлері де қайырымдылық шараларынан шет қалған жоқ. Олардың демеушілігімен тұрмысы төмен және көпбалалы 37 отбасыға азық-түлік көмегі көрсетілді.

Бірлік пен еңбектің жемісі

Ақсуат ауылдық округінің жер көлемі 21 мың гектардан асады. Биыл шаруашылықтар 150 гектар жерге күріш, 50 гектарға жоңышқа егіп, көкөніс шаруа­шылығын дамытуды қолға алған. Мал шаруашылығы да тұрақты дамып келеді. Қазіргі таңда ауылда 8 мыңнан астам мал басы есепке алынған.

Инфрақұрылым жаңарып келеді

Кейінгі жылдары инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жоба­лар жүзеге асырылуда. Жаңадан бой көтерген тұрғын үй аймақтарын электр желісімен қамтамасыз ету мақ­сатында 1 миллиард теңгеден аса­тын жоба іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда электр желілерін қосу жұ­мыс­тары жүргізілуде. Сонымен бірге бір­неше көшеге жол салынып, қайта жаң­ғырту жұмыстары қолға алын­ды. Алты көшенің жоба-смета­лық құжаттары әзірленіп, қаржы­лан­ды­руға ұсынылды. Бұдан бөлек, бес көшеге демеушілер есебінен жоба да­йындалып, облыстық басқармаға бюджеттік өтінім жолданды. Бекбаев көшесі толықтай түнгі жарықпен қам­та­масыз етілді. Жол, жарық, электр желісі сияқты инфрақұрылымдық жо­ба­лар – ауыл тұрғындарының игілігі.

Ақсуатта көгалдандыру жұмысы қарқынды. Екі жылда ауылдың кіре­берістеріне жүздеген ағаш көшеті отыр­ғызылып, қоршалған. Биыл егілген ағаш­тарға арнайы қоршау орнатылып, күтімге алынды.

Руханият – елдіктің айнасы

Ақсуат тек экономикалық жағынан ғана емес, мәдени-рухани өмірімен де ерекшеленеді. Мәдениет үйінде жұмыс істейтін жыр-терме, хор, би, ән және көркемсөз үйірмелеріне 109 бала қатысып келеді. №8 кітапхана 17 мыңнан астам кітап қорымен оқырмандарға қызмет көрсетуде.

Бірлік пен еңбектің жемісі

Биыл еңбек ардагері Өзбекбай Қалиұлының 90 жылдығына арналған республикалық деңгейдегі «Еңбектің ерен тұлғасы» атты облыстық айтыс өткізіліп, белгілі ақындар мен жыраулар өнер көрсетті. Сонымен қатар «Ауыл Life» жобасы аясында ұйымдастырылған «Туған жерге құрмет – елге қызмет» атты әдеби кездесу жастардың алтын ұяға сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеген тағылымды шара болды.

Мемлекеттік бағдарламалардың тиім­ді жүзеге асуы, кәсіпкерліктің да­муы, жол мен инженерлік инфра­құры­лымның жаңаруы, мәдени өмірдің жандануы – мұның бәрі Ақсуаттың бола­шағына деген сенімді нығайтады.

Еңбек пен бірлікті ту еткен ауылдың бүгінгі жетістігі – ертеңгі үлкен табыстардың бастауы.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»