БӨГЕНДІК БАТЫРҒА ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

619

0

Бүгін қала әкімі Асылбек Шаменов бейбіт күннің батыры болған Арман Аманжоловқа Бозығұлов көшесінде орналасқан тұрғын үйден екі бөлмелі баспана кілтін табыс етті.

Бозбаланың бейбіт күндегі ерлігі мен қайырымды ісі жолдастарына үлгі болуы тиіс. Сондықтан бүгін біз Арман батырға, оның ата-анасына Ел Президенті мен аймақ басшысының, жомарт жүректі жанашыр азаматтар мен барша Сыр елінің атынан зор ризашылығымызды білдіремін, – деді Асылбек Өмірбекұлы.

Айта кетерлігі, бүгінгі өткен тамыз кеңесінде Қызылорда Облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Мемлекет басшысы тарапынан азаматтарымыздың мұндай ерекше батыл қимылдарын елеусіз қалдырмай, өзгелерге үлгі ету туралы ұстанымы аясында бүгін Арман батырға, оның ата-анасына барша Сыр елінің атынан зор ризашылығымызды білдіремін. Бүгінде аймағымызда жомарт жүректі жанашыр азаматтар жетерлік. Сол демеушілердің атынан бүгінгі бейбіт күннің батыры болған бозбалаға баспана кілтін табыс етеміз», -деген болатын.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада қала орталығындағы «Универсам» шағын ауданында оқыс оқиға орын алып, екі жарым жастағы сәби ашық тұрған кәріз құдығына түсіп кеткен. Аралдан арман қуып, оқуға келген 15 жастағы Арман Аманжолов оқиға сәтінде көзсіз ерлікке барып, баланы құдықтан алып шықты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<