Мәдениет мәйегі – ұлт ұйтқысы

188

0

Мәдениет – тарихи құбылыс, дәріп дәрежесі мен сипатын сөзге сыйғызу қиын. Егер оны асыл мұралар мен жауһар жәдігерлер ордасы десек, осы тұрғыдан да көп жайтқа қаныға аламыз.

«Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Әбіш Кекілбайұлы «Мәдениет тарихы – түптеп келгенде адамзат тарихы» деген. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады» деп ой түйген еді ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Расында мәдениет рухани кел­бетіміз болса, Сыр мәдениеті де осы дәйекті анықтамаға қызмет етіп келеді.

Өткен жылдың облысымызда «Руханият жылы» болып жариялануы Сыр елінің рухани өмірі мен мәдени өрлеуіне жаңа серпін берді.

Облыс әкімі Н.Нәлібаев осы жыл аясында Қызылорда қаласында «Өнер орталығының» пайдалануға берілетіні, «Жыраулар үйінің», «Шығармашылық академиясының», өлкетану музейінің ашылатыны және музыкалық колледж ғимаратының бой көтеретіні, сонымен бірге барлық ауданда «Руханият орталықтарының» салынатыны туралы алдын ала жария еткен еді. Бүгінгі күні сол уәденің бәрі де өз үдесінен шықты.

Мәдениет саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды мұнан әрі де тізбелеп кете беруге болады.

Атап айтатын жайт, әлеуметтік нысандар белгілі кәсіпкерлердің кө­мегімен жүзеге асты. Олар Ел Прези­дентінің «Туған жерді бірге түлетейік» үндеуіне, аймақ бас­шысының Сыр халқына жасап жатқан ізгі істеріне іле қолдау танытты.

Қызылорда қаласында жерлесіміз Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1 млрд 700 млн теңге болатын «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Сондай-ақ 1 млрд 500 млн теңгеге салынған «Отбасы орталығы» бой көтерді.

Кәсіпкер-меценат Серікжан Сейітжанұлының демеушілігімен му­зыкалық жоғары колледж ғимараты пайдануға берілді.

Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі – елу жылдан бері мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне өз үлесін қосып келе жатқан білім ордасы. Осы кезге дейін оқу орны талапқа сай келмейтін ескі ғимаратта тұрды. Оларға жаңа жайда жан-жақты жағдай жасалған. Үлкен концерт, би залдары, хор бөлмесі – талапкерлер үшін сүйікті орын. Кең музыкалық пәндік каби­неттер жаңа заманауи құрал-жабдық­тармен қамтылған.

Материалдық-техникалық базасы заман талабына сай келетін 200 орын­дық жатақханасы бар. Мұнда шалғай ауылдардан келген талапкерлер үшін жақсы тұрмыстық жағдай жасалған.

Іші көңілдің қылын қозғап, сырты көздің нұрын төгетін бұл әсем ғимарат ұлтымыздың «қазақ» деген төл атауының қайтарылғанына, Қызыл­ор­даның Қазақ елі астанасы болған тарихи оқиғаның 100 жылдық мерей­тойына жасалған тарту болды.

Сонау 1925 жылы 9 ақпанда Қазақ АКСР-інің Орынбордағы орталығы қазақтың әдет-ғұрпы, салты, рухания­ты таза сақталған Ақмешітке көшірілді. Ақмешітте өткен Кеңестердің бүкіл­қазақстандық V съезінде орысша айтылып келген «киргиз» атауы «қа­зақ» сөзімен ауыстырылып, ұлты­мыз­дың өз аты қайтарылды. Осылайша, республика аты «Қазақ АКСР-і болып, Ақмешіт қаласы Қызылорда болып аталды. Сөйтіп, Қызылорда Қазақ­стан­ның алғашқы астанасы болып белгіленді.

Қазақ өнері мен мәдениетінің, әдебиетінің алып өкілдері Ахмет Бай­тұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Құрманбек Жан­дарбеков, Серке Қожамқұлов секілді тұлғалар Қызылордаға қоныс аударып, қызмет етті.

Алаш қайраткерлері жаңа астанада саяси-мәдени орта қалыптастырды.

Қызылорда – сондықтан да бар қазаққа ортақ қала. Ол тәуелсіздік жылдары, әсіресе соңғы төрт-бес жыл көлемінде бойжеткендей бой түзеп, жаңарып, жасарды.

Қазақ руханиятының бастауы әрі отауы болып қалған Қызылорда өнер мен мәдениетті дамыту ісін әрқашан да алдыңғы орында ұстап келеді.

Сыр мәдениеті атап-түстеп көрсетер деректермен де бай.

Қазіргі таңда облыс бойынша 413 мәдениет және өнер мекемесі халыққа мәдени қыз­мет көрсетеді.
209 кітапхана,172 мәдениет үйі мен клуб, 14 музей, 1 қалалық мәдени-демалыс паркі, облыстық халық шығар­­машылығын дамыту және мәде­ни-продюсерлік орталығы, Н.Беке­жанов атындағы қазақ ака­демиялық музыкалық драма театры, Жастар театры, облыстық филармония, «Анаға тағзым» орталығы, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі, 11 архив мекемесінде 4 мыңға жуық қызметкер жұмыс жасайды.

Облыс тұрғындарының мәдениет ұйымдарына қолжетімділігін арттыру, сапалы мәдени қызмет көрсету мақсатында 2023-2025 жылдары 15 мәдени нысанның құрылысы са­лы­нып, пайдалануға берілді. 35 мәдениет нысанда күрделі және жай жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда құны 11 млрд 500 млн теңгені құрайтын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар, ар­дагерлер мен аналар бас қосатын «Руханият орта­лықтары» іске қосылды.

«Руханият орта­лық­та­рын» салу арқылы әртүрлі ба­ғытта қызмет көрсететін меке­мелер бір орталыққа і­рік­ті­рі­ліп, бюджет қаражаты үнем­­дел­ді, әкімшілік шы­ғындар азайды.

Бұл орталықтарда ұр­пақтар са­бақтастығы жал­ғасып, ұлттық құн­дылықтар, салт-дәстүр кеңінен наси­хатталып, өскелең ұрпақтың бойына өңір тарихы мен ұлт руханиятын сіңіру ісі жанданды.

«Руханият орталықтары» ар­қылы кітапханалар қоры 55 мыңнан 200 мыңға, музей қоры 6 мыңнан 12 мыңға, архив қоры 34 мыңнан 200 мыңға дейін құжат сақтауға мүмкіндік алды.

Осылайша, архив және музей филиалдарының апаттық ғимараттары мәселесі түбегейлі шешілді. Алдағы 40 жылға архив құжаттарын қабылдауға қор жасақталды.

Сыр өңірінің мәдени брендіне айналатын «Шірік Рабат Сақ жауын­гері» мен «Сығанақ хан­шайымының» алтындатқан мүсіндері облыстық музейге тапсырылды.

Тарихшылардың ғылыми негіз­демелері мен археологиялық қазба нәтижелеріне сай алтын киімді «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциялары жасалып, осы күнге дейін беймәлім болып келген, шет елдерде сақталған жәдігерлер көшірмелері көпшілік көзайымы болды.

Сырдария өзенінің сол жағалауы­нан құны 2,3 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгіде облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты пай­да­лануға берілді.

Осы бүгінге дейін қолданыста болып кел­ген облыстық музей 1953 жылы салынған бұрынғы қонақ үйдің ғимаратында орна­лас­қан еді.

Ескі музейдің жаңа заман талаптарына сай еместігі күн санап біліне бастады. Сондықтан аймақ бас­шысы жаңа бой көтеріп, қанат жа­йып келе жатқан сол жағалаудағы қала ауда­нынан жаңа музей салуға тікелей бас­та­машы болды.

Қазіргі уақытта музей қорында 67613 экспонат сақталған. Оның 25120-сы түпнұсқада тұр.

Музейдің жаңа экспозицияларында аймақтың флорасы мен фаунасы, палеонтология, археология және этно­графия, Қызылорда облысының эко­номикалық және әлеу­мет­тік-мәдени дамуы көрсетілген.

Залдардың тақырыптық құрылымы, жабдықтары мен безендірілуі жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, 3D модельде жасалған.

Келушілерге қызықты тақырыптар бойынша өз бетінше ақпаратты таң­дауға және зерттеуге мүмкіндік беретін интерактивті сенсорлық панельдер, тарихи тұлғалардың өмірбаяндары, археологиялық олжалар, этногра­фиялық мәліметтер, тарихи карталар мен диаграммалар қойылған.

Мысалы, динозаврлар дәуіріне, олардың анимациялық қозғалысына ин­терактивті саяхат жасалады. Архив­тік кадрларды, бейнежазбаларды, ани­мацияларды және деректі фильмдерді көрсету үшін үлкен залдар мен күндізгі жарықта да қолайлы жарық диодты дисплейлер қолданылады.

«Жанды панельдер» немесе мультимедиялық диорамалар деп аталатын интерактивті сахналық композициялар бар. Бұл физикалық объектілер, яғни, ма­некендер, тұрмыстық заттар, мо­дель­дер және цифрлық проек­циялардың тіркесімі тірі көрініс әсерін тудырады. Мысалы, жауынгерлердің айғайлаған дауыстарын, барабандар ды­бысын, қозғалыстағы же­белер арқылы «Аңырақай шайқасын» көруге болады.

Музейдің тағы бір таңғаларлық ерекшелігі – тарихи тұл­ға­лардың, қол­өнершілердің, көпестер мен дәстүрлі өмір өкілдері бейнелерінің гиперреалистік балауыз бейнелерде болуы. Әсіресе, бұл нысандар көрмені жандандырып қана қоймайды, сонымен қатар ерте дәуірге толықтай ену әсерін тудырады.

Мұндай музейлер Қазақстанда кемде-кем. Жаңа музей қаламыздың көркіне сән беріп немесе бұрынғы дәуір кезеңдерінің бейнесін тамаша­лайтын орын ғана болып қалмайды, ол жаңа ұрпаққа рух беріп, елшілдікке, ерлікке тәр­бие­лейтін киелі құт­ханаға айналады.

Сыр мә­де­ниетінің негізгі бренді – жы­раулық дәстүр өкілдерінің көптен күткен тілегі «Жыраулар үйі» ашылып, жұ­мысын бастады.

Бұл жерде мыңға жуық жырауға әдістемелік кеңес алып, шы­ғармаларын насихаттауға мүмкін­дік берілді.

Он жылға жуық үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» алдына кәсіби ұжым болып құрылды.

Бұған дейін облыстық филармония жанынан Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Ақмешіт» фольклорлық, «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамбльдері, камералық оркестр жұмыс істеп келген еді, өткен жылы осы сапты 50 өнерпаздан жа­сақталған симфония оркестрі толық­тырды.

Фонограмма мен жасандылықтан шаршаған көрерменге концерттерді кәсіби әрі жанды дауыста жеткізетін симфониялық оркестр осы кезге дейін халық алдына бірнеше мәрте шығып, талғампаз жұрттың шынайы ықыласы мен қошеметін көрді.

Соңғы екі жыл көлемінде мәдениет саласында жаңадан 6 ұжым, атап айтқанда, симфония оркестрі, инклюзив театр, «Жастар театры», «Анаға тағзым», заманауи би және хор ұжымы ашылып, қосымша 225 маман жұмысқа тартылды.

Облыстың мәдениет ұйым­да­рындағы 40 маман 2023-2024 жыл­дары Италия, Белорусь ел­дерімен қатар, Алматы, Астана қалаларында білікті­лігін арттырды.
Сыр өңірі мәдениетін аймақтың бас қалаларында насихаттау мақсатында елордамыз Астанада және Алматы қаласында Қызылорда облысының өнер күндері өткізілді.

Қазақ халқының қаһарман қай­раткері, ұлт перзенті Т.Жүргеновтің 125 жылдығына арналған рес­публикалық ғылыми-танымдық кон­ференция, ақындар мүшәйрасы болып өтті. Сонымен бірге, Т. Жүргенов атын­­дағы Қазақ ұлттық өнер ака­де­миясы Сыр еліне өнер сапарлап келді.

Т.Жүргенов бар-жоғы жиырма сегіз жасында Ташкенттегі Қазақ педа­гогикалық институтының директоры болып тағайындалған.
Саяси экономия және құқықтану пәндері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударған.

1929 жылдан 1937 жылға дейін Тәжікстан үкіметінің қаржы комис­сары, Өзбекстан үкіметінің халық ағарту комиссары, Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарды.

Ауылдан шығып, Алаштың ақ туын көтерген қазақ баласының бойына осынша саналылық пен сарқыраған білім қуатының қайдан құйылып жатқанына қайран қаласың.

2023 жылдан бастап мәдениет және өнер, әдебиет өкілдеріне облыс әкімінің арнайы «Тұран» сыйлығы та­ғайын­далып, осы кезге дейін 60 лайықты тұлға марапатталды және қомақты ақшалай сыйақы иеленді. Мәдениет ұйымдарындағы өнер ұжымдарына 100 домбыра және шығармашылық үйірмелерге қобыз аспабы тарту етілді.

Мәдениет қызметкерлеріне 40 жаңа қызметтік пәтер берілді.
2023 жылы мәдениет және өнер қызметкерлері күні салтанатында облыс әкімі Н.Нәлібаев өнер өкілдерін қолдау мақсатында оларға арналған тұрғын үй құрылысының баста­латынын айтқан еді. Сөз бен істің бірлігі арқасында қаншама мұқтаж жан жаңа қоныстойдың шашуын шашты.

Бұл жаңа пәтерлерге өнерге қызмет еткен көпбалалы аналар, жас отбасылар, баспана кезегіндегі жандар қоныстанды.
Жиренше шешеннің «Өз үйім – өлең төсегім» деген аталы сөзі бар.

Адамға ең бірінші жайлы, жылы баспана қажет. Үйі жоқтың күйі жоқ. Егер өнер адамдары сондай күйде жүрсе, олар қалайша халыққа рухани қуаныш сыйлар еді?

40 пәтерлі үйдің көк желегі кесілген салтанатта облыс әкімі үйсіз-күйсіз жүрген өнер, мәдениет адамдарының болмауы тиіс екенін айта келіп, былай деді: «Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәдениет туралы өз сөзінде: «Жалпы, ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты.

Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мә­де­ниетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деген болатын.

Осы қағидат біздің бас ұстанымызға айналмақ. Өнер мен мәдениет өкілдеріне қандай қолдау, қандай қошемет жасасақ та жарасады. Бұрын­ғы кезде ата­ларымыз жырауларға үйір­леп жыл­қы ай­датып, ақын­да­рына ақ отау тігіп берген. Біз де ата салтынан, адами құр­меттен ешқашан кенде қалуға тиіс емеспіз. Өйткені, ешқашан толас­тамайтын мәдениет май­да­нының жеңісі – тұтас елдің биік рухы.

Облыс басшысының мә­дениет қызметкерлеріне бер­ген бағасы – халықтың бағасы. Шын мәнінде мәдениет қызметкерлері – халық рухының ту ұстаушысы.

Өткен жылдың тағы бір ақжолтай жаңалығы елорда төрінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастырумен өткен «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысында жылдың үздік ақыны болып мойындалған жерлесіміз Мейірбек Сұлтанхан дәстүрлі «Алтын домбыра» сыйлығына ие болды.

Бұл сыйлықты 12 жылдан бері әлі ешбір облыстың екі бірдей ақыны алған жоқ. Алғаш «Алтын домбыраны» 2012 жылы шашасына шаң жұқпас сөз жүйрігі Мұқтар Ниязов жеңіп алған еді. Ол осы жеңісін 2016 жылы және араға үш салып тағы да қайталап, үш мәрте жеңімпаз атанды. Алтын домбыра салтанатты түрде Сыр еліне табысталып, облыстық тарихи-өлке­тану музейіне құнды жәдігер ретінде қойылды.

Ал биылғы жыл басында Шым­кентте өткен республикалық айтыста жас талант Бексұлтан Орынбасаров жеңімпаз атанып, «Күміс домбыраны» иеленді.
Ақындар «Сыр елі – жыр елі» деген тәмсілдің ұйқас үшін айтылмағанын тағы да айғақтады.

Атадан мұра болып келген асыл өнердің мерейін асырған Мейірбекке облыс басшысы Сыр елі атынан лайықты құрмет көрсетті.

Біздің ақындар жазба жырда да жүйріктігін паш етті.

Биыл Шымкент қаласында өткен дәстүрлі «Күміс қалам-2025» рес­публикалық жазба ақындар дуэлінде Ғ.Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығының иегері, қазақ эстрадасындағы бірнеше хит әндердің авторы, ақын Ақжол Түменбай бас жүлдені жеңіп алды.

Осылайша, қызылордалық ақындар алтынды да, күмісті де еншілеп, сол арқылы елдің сөзін айтатын ше­шендердің өсіп келе жатқанын ұқтырды.

Биылғы наурыз айында Сыр өнер­паздары Еуропаның Финляндия, Эстония, Испания елдерінің бас қала­ларында еліміздің салт-дәстүрлерін халықаралық деңгейде насихаттап, этно-фольклорлық кон­церт өткізді.

Сапардан соң белгілі әнші Самал Байсейітова журналистерге сұхбат беріп: «Бұл сапардың жолы да, жөні де ерекше болды. Үстімізге киген ұлттық киімдеріміз жергілікті тұрғындардың назарын аударып, қандастарымыздың туған жерге деген сағынышын үдет­кендей еді. Тіпті кей қандастарымыз көзіне жас алып жатты. Осыны көріп, залда отырған әр көрерменнің қошеметін, ыстық ықыласын шынайы сезінген кезде төбеміз көкке жетті. Сонымен қатар, әрбір шет елдегі қандасымыздың Ұлыстың ұлы күнінің мәніне бойлап, ұлттық өнерді тағы бір естіп, өздерінің ішкі толғаныстарын айтқан кезде осы сапарды тікелей ұйымдастырған аймақ басшысының көрегендігіне тәнті болдық», – деді ағынан жарылып.

Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-нің астанасы болғанына 100 жыл толу мерейтойына орай жоспарланған бірқатар ауқымды шаралар тізбегінде «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» атты респуб­ликалық ақындар айтысы жұртшылық бір аяқтап тұрып көрген қызыққа айналды.

Өзі бір күндік болса да, сөзі әлі жаңғырып тұрған осы айтыстың үзінділері қазір әлеуметтік желілерді кезіп жүр.

Еліміздегі театр өнерінде өзіндік орны бар кәсіби ұжым Н.Бе­ке­жанов атындағы қазақ ака­де­миялық музыкалық драма театрының 70 жылдығына орай сәуір айында КСРО Халық артисі Сәбира Майқанова атындағы «Сырдың Сәбирасы» атты халықаралық театрлар фестивалі өтті. Осы фестивальда Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыс­тық қазақ академиялық музы­калық драма театры бас жүлдені жеңіп алды.

Н.Бекежанов театры шығар­ма­шылық дәрежесі, дәріпті аты тұрғысынан келгенде «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе».

Сыр театрының негізі 1955 жылы Талдықорған қаласында шаңырақ көтерген. 1960 жылы Қазақстан Мәдениет министрлігінің қаулысынан соң театр Қызылордаға қоныс аударып, шымылдығын Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясымен ашқан.

Театрды әр жылдары Мен Дон Ук, Рубен Андриасян секілді өзге ұлт өкілдері де басқарды. Бір қызығы, олардың режиссурасымен қойылған қазақ спектакльдері көркемдік тұтас­тығымен, эмоциялық терең сезімдерді қозғай алуымен ерекшеленіп, театр ұжымының атын республикаға әй­гіледі.

Баймолда Баймұқанов, Шолпан Бәкірова, Әбдіғұмар Кәнетов, Қыдырма Көпбаев, Кәшифа Көпбаева, Айнатай Манасбаева, Шәріп Мәрденов, Халық Саурықов, Раиса Тәшібаева, Жібек Бағысова, Серік Шотықов, Тұрысжан Айнақұлов секілді көптеген талантты елге танытты.

Ал театрдың биылғы бас жүлдесі осы табысты жолдан жаңылмағанын танытты.

Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында 2024 жылдан бері облыстағы 172 мәдениет үйі мен клубта 7 бағыт бойынша «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы жобасы жүзеге асырылып отыр.

Жоба нәтижесінде 2023 жылмен салыстырғанда мәдени шаралар саны 2,5 есе, көрермен саны 45%-ға артты.

Мәдениет үйлері мен клубтар жанынан жаңадан 139 шығармашылық үйірме ашылып, мәдениет үйлері мен клубтардардағы барлығы 1 мыңнан аса үйірмеге 15 мыңға жуық өнерпаз тартылды.

Осындай ізгі істердің арқасында жас таланттарымыз барған жерінен тек бас жүлдемен, бірінші орынмен оралып жүр.

Түркияда өткен халықаралық «Финике Санкт-Николос» би және музыка фестивалінде Айзат Шанияр бас жүлде, Батуми қаласында өткен балалар шығармашылығына арналған ХХІІІ халықаралық «Золотой дельфин – искусство вокруг мира» конкурсында Саят Сарманбек, Қалдыбай Аманқос бас жүлде, Қырғызстан мен Өз­бекстанда өткен «Zhulduz art» ха­лықаралық байқауында бірнеше қаты­сушымыз бірінші, екінші орындардың олжасымен қайтты.

Жас дарындардың жұлдызын жаққан облыстық халық шығар­ма­шы­лығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Бағдагүл Есмұрзаева биыл облыс әкімінің «Тұран» сыйлығын алды.

Бұлақтың көзін ашу мәдениет үйлері мен клубтардың материалдық-техникалық базасына да байланысты. Бұл мәселе Сыр мәдениетінде бірінші кезекке қойылған.

Биылдың өзінде 30 клубқа LED экран, 29 клубқа дыбыс күшейткіш аппаратура, 4 клубтың көрермендер залына театр креслолары, 12 клубқа концерттік костюмдер, 9 клубқа музыкалық аспаптар алынып, 8 клубқа бақылау камералары орна­тылды.

Бүгінгі сала басшылары облыс мәдениетін әр жылдары табысты бас­қарған Жарылқасын Үмбетов, Амангелді Жұматаев, Берік Жүсіпов, Асқарбек Есжанов секілді білікті мамандардың жолын жалғап келеді.

Облыстың мәдениет саласы жұ­мысын жақында ғана қолға алған Жанмұрат Сейілов «бітер істің басына жақсы келер қасына» деген тәмсілді еске салып, тынымсыз тірліктің тізгі­нін босаң ұстамайтынын байқатты.

Мәдениет саласында жұмыс қана емес, ұлттық тәрбие мен тағылым көзі жатыр. Бүгінде мұны насихаттау мен кейінге қалдыру ісін қолға алудың маңызы зор.
Сыр бойын мекен етіп, өздерінің өлмес шығармаларын тудырған Иакуб әл-Женди, Хисамеддин әл-Сығанақи, Сирадж Баршынкенти, Молла Ахмет әл-Женди мұраларын жалғап келе жатқан ғалымдарымыздан Сыр мәдениеті мен өнері хақында үлкен еңбектер күтеміз.

Мәдениет – ұлттың ұйытқысы, елдің рухы, ертеңнің мирасы. Осы қағиданы берік ұстанған Сыр елі бүгінде нағыз көркейіп, кемелдену жолына түсті.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»