11-12 шілде күндері Астанадағы «Қазанат» ипподромында BaiQymyz-2026 халықаралық гастрофестивалі өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 60-тан астам қымыз өндіруші, сондай-ақ Қырғыз Республикасы мен Ресейдің Якутия Республикасынан өкілдер қатысты.
Мәдениетіміз бен қазақтың дәстүрлі тағамдарын дәріптейтін іс-шарада 70 мыңнан астам қонаққа 56 тонна қымыз ұсынылған. Байқауда ұлттық сусынның сапасы, дәмі, дайындалу ерекшелігі мен ұлттық дәстүрге сәйкестігі назарға алынды. Көпшілікке «Сыр дәмі» брендімен қымыз ұсынған «Абай-Дәулет» шаруа қожалығы «Дәмі ерекше» номинациясын иеленді.
– Фестивальға 200 литр қымыз бен 1000 литр шұбатты арқалап барған едік. Шынын айту керек, бастапқыда іркілгеніміз рас. Атынан ат үркетін, неше жылғы тәжірибесі бар, бұрыннан іргелі тапсырыс алып үйренген қымыз өндірушілермен қатар тұру үлкен жауапкершілік жүктейді. Алайда басты мақсатымыз сан қуу емес, сапаны дәлелдеу болатын. Көрме барысында әріптестеріміз біздің технологиямызға ерекше қызығушылық танытты. Күбіні Сыр елінің сексеуілімен дезинфекциялап, жалбызбен ыстау әдісі көпшіліктің көңілінен шықты. Мамандардың өзі осы тәжірибені қолданып көретінін айтып жатты, – дейді «Абай-Дәулет» ЖШС директорының орынбасары Марат Сәрсенбаев.
Шөлейтті әрі тұзды топырақта өскен шөппен қоректенген жылқының еті де, сүті де құнарлы әрі дәмді болады. Қазылар алқасы қызылордалық компания ұсынған өнімнің осы ерекшелігін ескерген екен.
2016 жылы құрылған көпсалалы кәсіпорын кейінгі жылдары құс және мал өсіру, тамақ өндірісі, құрылыс материалдарын шығаруға ден қойды. «Абай-Дәулет» ЖШС сонымен қатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Оның ішінде 2024 жылы Сырдария ауданының Бесарық ауылында шағын өндірістік орталықты іске қосты. Бүгінде бұл елді мекен аталған компанияның демеушілігімен облыстағы ғана емес, еліміздегі алдыңғы қатарлы ауылдардың сапында.
Аграрлық компанияның өнімдері бүгінде зертханалық талдауға жіберілді. Нәтижесі оң болып шықса, Сырдың саумалы мен қымызы қыркүйек айында Қытай еліне жол тартпақ.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





