Құрылтай

Табысты кәсіптің кілті – қолдау

14

0

Кейінгі кездері елімізде шағын және орта бизнесті қаржыландыруға мүмкіндік, кәсіп ашқысы келетін азаматтарға қолдау бар. Бұл үшін құзырлы орындарда тіркеліп, бизнесін заңды жүргізген жөн. Мемлекет тарапынан да кәсіпкерлерге жасалған жеңілдік жетерлік. Білім алуға, жоба дайындауға, қайтарымсыз грант иемденуге, жеңілдетілген несие алып, кәсібін дөңгелентуге арналған тың бастамалар жемісін беруде.

Өңірде жыл өткен сайын кәсіптің тынысы кеңейіп келеді. Қаншама азамат өзін-өзі жұмыспен қамтып, шаруасын жүргізіп отыр.

Қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде 46 жобаны жүзеге асыруға жеңілдетілген несие алынған. Оның ішінде 32 жоба 2024 жылдың қаражаты есебінен болса, 14 жоба былтыр жүзеге асты. Биыл да кәсіпкерлердің өтінімі қаралып, 42 жоба қолдау тауып, оның 15-іне қаражат берілді. Сондай-ақ қосымша тағы 17 кәсіпкердің құжаты порталға енгізіліп, комиссия қарауына дайын. Бұдан бөлек «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы «Өндіріс және өңдеу», «Іскер» бағдарламасы бойынша 17 жоба мақұлданып, 5-уі қаржыландырылды.

Жалпы қала бойынша 32668 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 31 259-ы жұмыс істеп тұр.

Мемлекеттік қолдаудың арқа­сында қала тұрғыны Сәрсенкүл Аралбаева шұлық цехын ашып, кәсібін жандандырып келеді. Кәсіп­тің сан түрі бар. Бірақ өңір­де шұлық тігуді «Аралбаева» жеке кәсіпкерлігі бастады. Қазір бұл тауарлар еліміздің барлық айма­ғына таралған, сапасы жоғары. Цех басшысы жұмыстың ілгерілегенін, тапсырыстың артқанын айтты.

– Алдымен кәсіптің қалай басталғанына тоқтала кетейін. Ауылдық әкімдік қызметкерлері үй-үйді жағалап, мемлекеттік бағдарлама аясында жеңіл­детілген несие алып, іс бастауға болатынын хабардар етіп жүрді. Біз мал шаруашылығына тоқталдық. Бірақ мамандар өзге кәсіп таңдауға кеңес берді. Балам шұлық өндірсек деген ой салды. Отбасылық кәсіпті жолдасым екеуміз қолдадық. Жобамызды жан-жақты зерттеп, ұсындық. Сәтті қорғап, қолдау таптық. Осылайша 2023 жылы цех іске қосылды. Мемлекеттен 2,5 пайызбен несие алдық. Сол жылы шұлық өндіруге арналған құрылғыны Қытайдан әкелдік. Біреуін, одан кейінгі жылы екі техника қостық. Қосымша құрылғыны алу үшін өңір кәсіпкерлерінің жобаларын жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ететін «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының қызметіне жүгініп, 6 пайыздық несие алдық, – дейді кәсіпкер.

Цех шағын болғанымен, жұмыс қайнап жатыр. Тоқыма машинасы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жан-жағында түрлі-түсті жіптер. Екі-үш минутта бір шұлық дайын болды. Қосымша тағы бір құрылғы бар. Онда жұмысшы қолғабы тоқылады.

Табысты кәсіптің кілті – қолдау

– Автоматты құрылғылардың әрқай­сының құны – 5-6 миллион теңге шамасында. Олар берілген бағдарламаны жадына сақтап қалады. Сол бойынша шұлық тоқиды. Бағдарламада тығыздығы, өлшемі, қанша дана болу керектігі жазылады. Таңертең 9-да қосылған машина түнгі 1-2-де сөндіріледі. Себебі ұзақ қосылуы тиіс. Аптасына бір рет ғана демаламыз. Екі-үш күн немесе бір ай қосылмаса, блокқа түсіп қалады. Бұл құрылғының мүмкіндігі көп әрі тиімді. Мәселен, бір құрылғыда 400 ине болса, 200-200-ден бір-біріне қарсы айналып тұрады.  Мұны сатып алған кезде  арнайы маман үйретіп, балам тілін меңгеріп алды. Жалпы айына 15 мың дана шұлық өндіріледі. Кейде одан да көп. Бастысы, тұрғындар сапасына, бағасына дән риза, – дейді ол.

Шұлықтың құрамы 88 пайыз мақта жіп, 9 пайыз эластан және 3 пайыз спандекстен тұрады. Жіпті Өзбекстаннан алдырады. Жылдың барлық мезгіліне арналған шұлық тоқылады. Тұтынушының талғамын да ескеріп, өрнектейді. Ұзын, қысқа қоныш етіп те жасайды.

Кәсіпкер шаруасын ширату үшін әлі де тың жобаларын жүзеге асыруды көздейді.

Ал қала іргесіндегі Талсуат ауылының тұрғыны Жанат Тоқмейлова мал шаруашылығымен айна­лысады. Кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңіл­детілген несие алып, мал басын еселеп, шаруашылығын дамытты. Нәтижесінде ауыл тұрғындарын қолжетімді бағадағы ет, сүт өнімімен қамтамасыз етіп отыр. Шаруашылықта 200 жылқы, 100 сиыр, 150 қой бар.

– 2012 жылдан бастап «Нұрай» жеке кәсіпкерлігін құрдым. Осылайша атакәсіпке ден қойдым. Бәрі де еңбекпен келеді. Шаруаны алып кету де оңай емес. Бастысы мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, жеңілдетілген несие алып, кәсіпті жандандырып келемін. Мәселен 2023 жылы мал басын асылдандыру үшін 10 ақбас сиыр алдым. Бұл тұқым ірі, тез салмақ қосатын, етті әрі сүтті. Шүкір шаруашылықта мал басы көбеюде, – дейді ол.

Кәсіпкер алдағы уақытта мал бордақылау алаңы мен өндірістік цех салып, шаруасын одан әрі дамытпақ.

Сондай-ақ қалада заман талабына сай жиһаз дайындау ісі де қарқын алып келеді. Тасбөгет кентінің тұрғыны Бауыржан Сәрсенов 2019 жылдан бері жиһаз жасаумен айналысады. 2024 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 7 миллион теңге қаржыны 2,5 пайызбен алды. Қаражатқа құрал-жабдығын түгендеді. Содан бері тапсырыс көлемі артып, жұмыс қарқыны күшейіпті. Қазір «Baukin» жиһаз цехы кеңсе, тұрғын үйге қажетті барлық заманауи бұйымдарды жасайды. Бұдан бөлек тасты ойып жазу әдісін де меңгерген, 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Күн санап тұтынушылар саны да артып келеді. Қаладан бөлек, аудандардан да жиі тапсырыс қабылдайды.

Табысты кәсіптің кілті – қолдау

– Мемлекеттік бағдарламаға қатысып, кәсіп аясын кеңейттім. Заманауи құрал-жабдықтар алып, жұмыс жеңілдеді. Тұрмысқа қажетті барлық жиһаз түрлерін тұтынушы талғамына сай етіп жасаймыз. МДФ материалының бетіне ою-өрнек заманауи станоктармен салынады. Алдағы уақытта жұмысты одан әрі дамыту үшін еңбек ете беретін боламыз, – дейді ол.

Бауыржанның айтуынша, алда тың жобалар көп. Өндірісті кеңейту үшін қолайлы жер қарастырды. Белгіленген жерге заман талабына сай үлкен цех салынбақ.

Мемлекеттік қолдау кәсіпкерлерге жаңа мүмкін­діктер ұсынады. Соның арқасында қаншама жаңа жұмыс көзі табылып, жастар екі қолға бір күрек ұстап, адал еңбекпен табыс тауып жүр.

Кәсіпкерлер бизнестің алға жылжуына сенім, табанды еңбекпен қатар қолайлы орта да маңызды екенін айтады. Осы ретте Мемлекет басшысы кәсіп­керлікті дамыту, азаматтарға өз ісін бастауға жағдай жасау мәселесін үнемі көтеріп келеді. Кейінгі жыл­дары бизнесті қолдау бағытында әкімшілік кедер­гілер азайтылып, тексерулер оң­тай­лан­дырылып, кәсіп­керлерге ар­нал­ған түрлі салық жеңілдіктері енгізілуде.

Расында, кәсіптегі басты қағида – берілген мүм­кін­дікті тиімді пайдалану және сапалы жұмыс. Сол кезде кәсіпкер үшін жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік бар.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»