Құрылтай

Жағалаудың жаңа келбеті қандай болады?

21

0

Сырдария жағасына орын тепкен Қызылорданың келбеті жыл өткен сайын жаңаруда. Әсіресе, көпшілік серуендейтін демалыс орны көптеп салынып жатыр.

Біз сөзімізді өзен жағасынан бекер бастамадық. Қазір қала тұрғындарымен қатар, келген қонақтардың да жиі аялдайтын бір орны осы жер. Кешкілік серуендегендерден бөлек, таңмен таласа спортпен шұғылданып, велосипед тепкендер, жүгіргендерді де жағалаудан табасыз.

Жағалауды абаттандыру 2016 жылы қолға алынды. Сол уақытта Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылы құрылысының бірінші кезеңі басталған. Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі 6,7 шақырымдық екі жолақты жол салынды. Жобада Сырдария өзенінің бөгетін нығайту, веложолақ, жаяу жүргіншілер жолы да бар еді.

– Жобаның екінші кезеңі саналатын оң жаға­лаудағы Бейбарыс сұлтан көшесінен гидро­тоспаға дейін ұзындығы 2,5 шақырым жол құрылысы да аяқталды. Сондай-ақ көлік ағы­нының артуына байланысты былтыр Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылының Бейбарыс сұлтан көшесінен бастап Әбілқайыр хан көше­сіне дейінгі аралығындағы екі жолақты жол төрт жолаққа кеңейтілді. Осы жұмыспен бірге дария бойындағы 8 демалыс аймағы халыққа қолайлы етіп қайта абаттандырылды. Екіншіден, осы жылы жағалауға қатысты үшінші жоба іске асырылды. Ол дария бойымен, яғни Әбілқайыр хан көшесінен М.Саламатов көшесіне дейін ұзындығы 2,9 шақырым жол салынды. Бұл жобада да дария бөгетін нығайту, веложолақ, жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары қатар жүрді, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бердібек Шөкенов.

Шаһардағы тағы бір инфрақұрылым – Сыр­дария өзенінің сол жағасындағы жаяу жүргіншілер және веложол. Бейбарыс сұлтан көшесіндегі көпірден бастап Тасбөгет кентіндегі гидро­тоспаға дейін жалғасатын құрылысқа жаға­лаудағы қорғаныс бөгеттерін нығайту да кіреді.

– Құрылыс сәуір айында басталды. Қазір дария жиегінде бөгет көтеру, өзен жағасын бекіту жұмыстары қарқын алды. Сондай-ақ биіктетілген бөгетті су шаймау үшін арнайы тас төселіп жатыр. Осы жұмыстардың артынан іле-шала ені 6 метрлік жүргіншілер жолы мен веложол құрылысы да басталды. Бұған қиыршық тас пен топырақтан бөлек, үстіңгі бетіне асфальт төселетіні белгілі. Жалпы жолдың ұзындығы 2,5 шақырымнан асады, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Тілеухан Насырадин.

Құрылысқа жауапты мердігер – «Қаратас Майнинг» ЖШС. Жобаға 3 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Жауаптылардың сөзінше, дария жағасындағы жол құрылысы аяқталған соң арнайы қоршау қойылып, 110 жарықшам орнатылмақ. Сондай-ақ тұрғындар серуендегенде демалатын орындықтар, қоқыс жәшіктері және қауіпсіздік бейнекамералары қарастырылған.

Ендігі кезекте осы жобаның төртінші кезеңін жүзеге асыруға жоба-сметалық құжат әзір­леніп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Бұл жобада М.Саламатов көшесінен бастап Қ.Махамбетов көшесіне дейін дария жағалауымен жол құрылысын салу, Қ.Ма­хам­бетов, Марал ишан көшелерін екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту қарастырылған. Жолдың ұзындығы 2,4 шақырым, қазір қаржыландыру үшін облыстық бюджетке өтінім берілген. Қаржы бөлінсе, құрылысы да көп ұзамай басталады.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»