ЖИ адамды алмастыра ала ма?

7

0

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Қазір әлемде технологиялық өзгерістер өте жылдам жүріп жатыр. Кеше ғана таңсық көрінген жаңалық көп ұзамай күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып үлгереді. Соның ең айқын мысалы – жасанды интеллект. Бұрын бұл ұғым ғылыми ортада немесе ІТ саласында ғана жиі айтылса, бүгінде қарапайым адамның тұрмысына дейін еніп, қоғамның барлық саласына ықпал ете бастады.

Қазақстан да бұл үдеріс­тен шет қалып отырған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауы – соның ай­қын дәлелі. Президент Қа­зақстан цифрлық дер­жа­ваға айналуы керек екенін айтты. Бұл – жай ұран емес, бүгінгі заманның талабы. Өйткені қазір әлемде цифрлық әлеуеті жоғары, инновацияны тез игеретін мемлекеттер алға шығып жатыр.

Осы тұрғыдан алғанда, жасанды интеллектіні тек тех­никалық мәселе ретінде қарауға болмайды. Бұл – еңбек нарығына, білім беру жүйесіне, мемлекеттік бас­қаруға, ақпараттық қауіп­сіздікке және адамның күн­делікті өміріне әсер ететін ірі құбылыс. Оның пайдасы да бар, қаупі де жоқ емес. Ең маңыздысы – оны қалай пайдаланып жатқанымызда.

Бүгінде цифрландыру уақытша үрдіс емес, мем­лекеттің дамуына тікелей әсер ететін маңызды бағытқа айналды. Мемлекеттік бас­қарудан бастап білім беру, денсаулық сақтау, өн­діріс пен қызмет көрсету са­ласына дейін жаңа тех­но­логиялардың ықпа­лы кү­шейіп келеді. Қазақ­стан үшін де бұл бағыт – таң­дау емес, қажеттілік. Қызылорда облыстық цифрлық техно­логиялар басқар­масының басшысы Сәбит Ибадулла мәселенің маңызын бы­лай түсіндіреді.

– Қазір біз жасанды интеллект пен цифр­лан­дыруды елдің болашақ даму тетігі ретінде қарас­тыр­уымыз керек. Әлем мүлде басқа кезеңге өтіп жатыр. Кім технологияны тез меңгереді, кімнің цифрлық сауаты жоғары, сол ел ұтады. Қазақстан үшін бұл – енді таңдау емес, уақыт талабы. Алдағы жылдары республика көлемінде осы бағытта жүйелі жұмыс жүруі керек. Цифрландыру – тек жаңа құрал енгізу емес, қоғамның өмір сүру тәсілін өзгерту. Бұрын көп уақыт алатын қызметтер қазір цифрлық ортаға кө­шіп жатыр. Ал жасанды интеллект сол өзгерістің келесі кезеңі болып отыр, – дейді ол.

ЖИ-дің басты пайдасы

Жасанды интеллектінің ең үлкен артықшылығы – адамның жұмысын жеңіл­детіп, уақытын үнем­де­уінде. Бүгінгі қоғам жыл­­дамдық пен тиімділікті талап етеді. Осындай кез­де қайталанатын, көп уақыт алатын жұмыстарды қыс­қартып, негізгі міндетке көбірек көңіл бөлуге мүм­кіндік беретін құралдың маңызы зор.

‒ Жасанды ин­тел­лект кез келген салада қол­данылады. Оның ең үл­кен артықшылығы – адам еңбегін жеңілдетуінде. Бұ­рын бірнеше сағат немесе бірнеше күн кететін кейбір жұмыстарды қазір санаулы минутта орындауға болады. Бұл – уақыт үнемдеу, еңбек өнімділігін арттыру деген сөз. Қазір жасанды интеллект арқылы мәтін жазуға, ақпаратты талдауға, деректерді сұрыптауға, визуал жасауға, бейне өңдеуге, жоспар құруға болады. Соның арқасында адам негізгі ойлауына, шығармашылығына, шешім қабылдауына көбірек уақыт бөледі, – деді С. Ибадулла.

Шынында да, жасанды интеллекттің басты құн­дылығы – адамның орнын басуында емес, оның мүм­кіндігін арттыруында. Бұл, бір жағынан, еңбек өнім­ділігін өсірсе, екінші жа­ғынан, адамның цифрлық дербестігін күшейтеді.

ЖИ жайлы ең жиі айтылатын пікірдің бірі – оның адамдардың жұмысын тартып алуы мүмкін екені. Алайда мәселенің байыбына үңілсек, ол көбіне адамды толық алмастырмайды, керісінше жұмыс форматын өзгертеді.

– Бұл мәселеге үстірт қарауға болмайды. Жасанды интеллект адамның орнын басатын құрал емес. Ол – адамның көмекшісі. Иә, кейбір процестер автомат­тан­дырылуы мүмкін. Бірақ бұл адам мүлде қажет болмай қалады деген сөз емес. Керісінше, адамға жаңа дағдылар керек бо­лады. Мәселе жұмыс жо­ғалтуда емес, жұмыс фор­матының өзгеруінде, – деп түсіндірді басқарма бас­шысы.

Бұл – өте маңызды байлам. Тарихқа көз жүгіртсек, технологиялық серпілістер кей­бір ескі кәсіптерді әлсіреткенмен, орнын жаңа мамандықтар мен жаңа мүмкіндіктер басып отырған. Демек, мәселе – жасанды интеллектінің өзінде емес, қоғамның оған қаншалықты дайын екенінде. Жасанды ин­теллектіні қауіп емес, керісінше адамзат игілігіне қызмет ететін құрал ретінде қа­былдай алсақ, оның берері әлдеқайда мол.

Мұның нақты дәлелін бүгінде еліміздегі жас стартаптардың табысынан да анық кө­руге болады. Соның бірі Шымкент қа­ласында өткен ауқымды Digital Qazaqstan Battle ұлттық стартап-батлының финалында көрінді. Бұл беделді додада Kyzylorda Hub резиденті CortexAI стартап жобасы жүлделі екінші орынды иеленіп, 5 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа қол жеткізді.

Аталған байқауға еліміздің барлық өңі­рінен іріктеліп шыққан ең мықты 18 команда қатысты. Мұнда тек алғашқы сатылымдарын жасап үлгерген, заңды тұлға ретінде тіркелген және нарыққа шығуға дайын, яғни MVP сатысындағы стартаптар ғана бақ сынады. Қазылар алқасы қатысушыларды жобаның өсу динамикасына, команда бі­лік­тілігіне, бизнесті масштабтау мүмкін­дігіне және венчурлық қорлар үшін тартым­дылығына қарай жоғары деңгейде бағалады.

Осындай бәсекеде топ жарған Cortex­AI жобасы – медицина саласына арналған ин­новациялық шешім. Атап айтқан­да, бұл жоба – трансплантацияланатын бүй­ректің ағзада қабылданбау қаупін алдын ала болжайтын жасанды интеллект жүйесі, яғни, ЖИ бұл жерде жай ғана цифрлық құрал емес, адам өміріне тікелей әсер ететін ма­ңызды көмекші рөлін атқарып отыр.

Басты артықшылығы – терең талдау жасау қабілетінде. Алгоритм пациенттің ге­не­тикалық деректерін қоса алғанда, 34 түрлі параметрді сараптайды. Нәтижесінде операцияның сәтті өту ықтималдығын баға­лайтын модельдің ретроспективті дерек­тердегі дәлдігі 84%-ды көрсеткен. Бұл – медицина саласы үшін өте жоғары көрсеткіш.

Бұдан бөлек, жүйенің ең үлкен жетіс­тіктерінің бірі – уақыт үнемдеуі. Егер дәс­түрлі талдау үдерісі 12 сағатқа дейін созылатын болса, CortexAI оны небәрі 33 секунд ішінде орындайды. Бұл дәрігерлер үшін де, науқастар үшін де шешуші маңызға ие. Өйткені медицинада әр минут, тіпті әр секунд адам тағдырына әсер етуі мүмкін. Осы мысалдың өзі жасанды интеллек­тінің пайдасы теорияда ғана емес, нақты өмірде де орасан екенін аңғартады.

ЖИ адамды алмастыру үшін емес, оның жұмысын жеңілдетіп, шешім қабылдау сапасын арттыру үшін қажет. Әсіресе ден­саулық сақтау, білім, логистика, ауыл ша­р­уа­шылығы сынды салаларда оның тиімділігі күн санап айқындалып келеді.

Айта кетейік, CortexAI жобасы – Kyzyl­orda Hub бизнес-инкубаторы­ның Start­up Orda инкубациялық бағдарламасы­ның тү­легі. Жобаны сәтті жүзеге асырып жатқан команда басшысы – Сырдария ауданының тұрғыны Асылжан Абдуллаев. Бұл – аймақ жастарының жасанды интеллект секілді озық технологияны игеріп, ел игілігіне жарата алатынын дәлелдейтін жарқын мысал.

ЖИ-дің көлеңкелі тұстары

Кез келген технологияны теріс мақ­сатқа пайдалану үлкен проблемаға айналады.

– Жасанды интеллектінің артықшылық­тары көп. Бірақ оны теріс пайдаланатын­дар да көбейіп кетті. Мысалы, алаяқ­тар адам­дардың дауысын салып, бейнесін жа­сап, жалған видеолар таратып жатыр. Жал­ған ақпарат тарату, адамдарды адас­тыру сияқты әрекеттер де көбейді. Бұл – технологияның емес, оны теріс ниетпен пайдаланатын адамдардың мәселесі. Бірақ оның салдары қоғам үшін өте қауіпті болуы мүмкін, – деді С.Ибадулла.

Шынында да, қазір дипфейк, жасанды дауыс, жалған видео қоғамдық сенімге үлкен соққы болып отыр. Бұрын жалған ақпарат мәтін түрінде тараса, енді ол бейне мен дыбыс арқылы да нанымды етіп жасалатын болды. Демек, ЖИ-дің қаупі көбіне техникалық әлеуетінде емес, оны пайдалану мәдениетінің әлсіздігінде жатыр. Осындай қауіптердің алдын алудың ең тиімді жолы – халықтың цифрлық сауатын арттыру. Өйткені технология дамыған сайын оны дұрыс қолдану мәдениетінің маңызы да арта түседі.

– Ең бастысы – халықтың цифрлық са­уаттылығын және жасанды интеллект саласындағы білімін арттыру. Егер адам цифрлық ортада өзін қалай ұстау керегін, қандай қауіп бар екенін түсінсе, онда көп­теген қатерден өзін қорғай алады. Қазір мәселе тек технологияны енгізуде емес, оны қоғамға дұрыс түсіндіруде болып тұр. Осы бағытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде, Kyzylorda Hub алаңында түрлі оқыту шаралары ұйымдастырылып жатыр, – дейді ол.

Шынымен, бұл – өте маңызды мәселе. Себебі технологиядан қорғанудың ең тиім­ді жолы – тыйым емес, білім. Қоғам не­ғұрлым көбірек түсінсе, соғұрлым оны дұ­рыс қолданады. ЖИ-дің қоғамға әсерін ғы­лы­ми тұрғыдан да бағалау маңызды. Осы ретте Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің «Компьютерлік ғылымдар» білім беру бағдарламасының жетекшісі, қа­уым­дастырылған профессор Нұрбек Қоңыр­баев өз пікірін білдірді.

– Жалпы, жасанды интеллект – қоғамның барлық саласына еніп жатқан жаңа технология. Ол дұрыс әрі тиімді қолданылған жағ­дайда өте көп пайда әкеледі. Ең алдымен, еңбек өнімділігін арттырады, күрделі тапсырмаларды жеңілдетуге көмектеседі, – дейді ғалым.

Түсініктірек болу үшін оның нақты са­лалардағы пайдасына тоқталайық. Өйткені кез келген технологияның құны оның қан­шалықты күрделі екенінде емес, қоғамға нақты пайда әкелетінінде.

‒ Егер біз жасанды интеллектінің нақты жетістіктеріне қарасақ, оның пайдасы бір­неше маңызды салада айқын көрінеді. Мы­салы, медицинада ауруларды ерте анық­тау бағытында рөлі артып келеді. Ол үлкен көлемдегі меди­циналық мәліметтерді жылдам талдап, кей­бір заңдылықтарды дәрігерден де ертерек байқауға көмектеседі. Әрине, соңғы шешімді дәрігер қабылдайды, бірақ жасанды интеллект сол шешімнің сапасын арт­ты­ратын қосымша интеллектуалдық құ­рал ретінде қызмет етеді. Білім беру сала­сында да оның мүмкіндігі өте жоғары. Ол оқытуды дербестендіруге жол ашады, яғни әр оқушының, әр студенттің деңгейіне, қабылдау ерекшелігіне, оқу қарқынына қарай бейімделген материал ұсынуға болады. Бұл – дәстүрлі оқыту жүйесінде әр­дайым мүмкін бола бермейтін дүние. Ал өн­дірісте процестерді автоматтандыру, қа­те­лікті азайту, қауіпсіздікті арттыру, тиім­ділікті көтеру сияқты бағыттарда нақ­ты нәти­жесін көріп отырмыз. Бұл – жай тео­рия емес, қазірдің өзінде қолданылып жат­­қан тәжірибе, – дейді профессор.

Ғалымның айтуынша, ЖИ-дің дамуымен бірқатар қауіп қатар жүреді. Кейбір ма­мандықтардың автоматтандыры­луы жұ­мыс орындарының қысқаруына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар дербес дерек­тердің қауіпсіздігі мәселесі де өте өзекті. Егер адам барлық ойлануды, талдауды жасанды интеллектке тапсыра берсе, онда өзінің дербес ойлау қабілетін әлсіретіп алуы мүмкін. Сондықтан ЖИ адамды алмастырушы емес, оның мүмкіндігін арттырушы құрал болуы тиіс.

Сонымен, жасанды интеллектінің пайдалы да, алаңдатарлық та тұстары бар. Бір жағынан ол еңбек өнімділігін арттырады, уақытты үнемдейді, білім мен ғылымның, медицина мен өндірістің мүмкіндігін кеңей­теді. Екінші жағынан жалған ақпарат, цифр­лық алаяқтық, дербес деректердің осалдығы, еңбек нарығындағы өзгеріс және адамның технологияға тәуелділігі сияқты қатерлерді де күшейтуі мүмкін.

Алайда осының бәріне қарап жасанды интеллектіні біржақты жақсы не жаман деу дұрыс емес. Оның қандай құралға айналатыны оны қалай пайдаланып жатқанымызға байланысты. Екі маманның да пікірі бір арнада тоғысады: жасанды интеллект – адамды алмастыратын емес, адамның мүм­кіндігін кеңейтетін құрал. Сондықтан бүгінгі қоғам үшін ең дұрыс ұстаным – жасанды интеллекттен қорқу емес, оны түсіну. Оны шетке ысыру емес, сауатты меңгеру.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»