Өмір – өлең

826

0

Иман керек, әуелі!

Асыл мінез күнгейінде пенделік,

Қойды бізді адамдықтан кенде ғып!..

Өмір мәнін ұға алмаған көбіміз

Абдырадық жолымыздан сенделіп.

Қызғаныш та жегідей жеп жүйкені,

Керілеміз күндестікке сүйкеніп.

Біреу озса, тұз жалатқан күйікпен,

Мысқылдаймыз көре алмаушы күйге еніп.

Менмендік те желдей үріп кеудені,

Байқамаймыз бойымыздан кейде мін.

Шен-шекпеннен дәмеленген шапқылау,

Өзгертуде надан қып әр бейнені.

Сайран салып санамызда күншілдік,

Ағайыннан дәулет көрсек, күрсіндік.

Сырттай сыбап, отқа салдық өштесіп,

Араздастық болмашыға…

О, сұмдық!

Бақталастық билеп алды сыналап,

Ерлік көрсек, «ездік» дедік кінәлап.

Шақша басты ауырлатты арамдық,

Жүректі де діңкелетті күнә, дақ…

Қу дүниеге құлқындарды құштар ғып,

Кергілеуде кеуделерді іштарлық.

Жылылықтан жүрегіміз жиреніп,

Албастының арбауына ұсталдық.

Пейіл тарлық дендеп алған кеселдей,

Асқынуда… төзбейтіндей еш емге.

Дархан дала кеңдігінен не пайда?!

Ашкөздікпен тұсаулансақ мешелдей!

          Ей, адамдар!

Иман керек, әуелі!

Имандылық – дертіміздің бар емі!

Жия білсек, құрары анық салтанат,

Әр жүректе мейірбандық әлемі!

***

Мен – сенің…

Ертегіңмін…
Жүрек сазын наздана шертеріңмін.
Сен сімірген сезімнен мен де татып,
Дəмі сіңген денеме… көркеміңмін.

Əлеміңмін…
Жабырқасаң, жаныңа бар еміңмін.
Саулай аққан сезімді сыралғыдай,
Саған ғана сыйлайтын кəделіңмін.

Періштеңмін…
Қайнарыңнан құмарта кеп ішкенмін.
Түртпектеуін түленнің көрмесін деп,
Кедергімен сен үшін керіскенмін.

Серігіңмін…
Ездік енсе бойыңа, жерідім мың .
Ерлік енсе, елжірей еркелейтін,
Көңіліңді көтерер керіміңмін.

Өлеңіңмін…
Өлеңіңе өмірді өреріңмін.
Сезе алсаң, қолдағы бақытыңмын,
Сезе алмасаң, келешек көрерің мұң,
Себебі: тек мен – сенің өлеңіңмін!

***

Өлең…өлең…

Өзіне шынымды айтып тұрғасын ба?!
Өлеңім – сырласым да, мұңдасым да,
Өзгеше өрнектеліп тұр басымда,
Жүр қасымда…

Құм болса, жігерімді жаншымайтын,
Өлеңім – жасым… көзден тамшылайтын.
Кейде əкеп жанарыма əн шылайтын,
Қамшылайтын…

Өлеңді күнəдан пəк, таза дер ем,
Өлеңім – өмірім ол. Жаза берем.
Өрсем де жүрегімнен аз-ақ өлең ,
Ғажап əлем!..

Өлеңмен есімде алғаш танысқаным,
Есімде əуелеген əн ұшқаны,
Шумағы, қайырмасы – таныс бəрі,
Данышпаным…

Өлеңмен өмір-əнім төгілсе екен,
Көбесі қайғы-мұңның сөгілсе екен,
Көгінен жыр-əлемнің көрінсе екен,
Өрілсе екен!..

Ботакөз  ҚҰРМАНАЕВА,

педагог-зерттеуші,

Шиелі ауданы,

Жөлек ауылы,

№152 қазақ орта мектебі


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<