Қызылордада әскери қызметкерлер арнайы медальмен марапатталды

700

0

Kyzylorda-news.kz. Бұдан төрт ай бұрын Мемлекет басшысы «Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Жарлыққа сәйкес әскери міндеттілер бір ай COVID-19 індетінің ошақтарында дизенфекциялау жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысты. Халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауда қызылордалық әскери қызметкерлері де шет қалмады.

Өңірдегі қорғаныс бригадасына тіркелген 136 әскери қызметкер арнайы жиындарға шақырылды. Олар 945 917 шаршы метр аумақты дизенфекциялап, стратегиялық маңызды объектілерді күзетті.

Өскен өңірі үшін қызмет еткен әр бір азаматтың еңбегі еленуі тиіс. Халық уақытында өз бағасын беріп, адал еңбектің мәртебесін көтеріп отырса ұрпаққа өнеге болар. Осы орайда ел басына күн туғанда аянып қалмаған қорғаныс бригадасының қызметкерлері арнайы медальмен марапаталды. ҚР Конституциясы күні қарсанында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының ұйымастыруымен өткен салтанатты шарада 28 азаматқа ҚР Қорғаныс министрінің «Төтенше жағдай міндеттерін адал орындаған үшін» төс белгісі табысталды.

Шараға қатысқан Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин және Қызылорда облысының аумақтық қорғаныс бригадасының 99215 әскери бөлімінің командирі полковник Керімбай Ойықбаевтар Конституция күнімен құттықтап, облыс аумағының қауіпсіздігін күзеткен азаматтарға алғыс білдірді.

«Қызылорда облыстық аумақтық қорғаныс әскеріне төтенше жағдай кезінде өз еркімізбен келдік. Отан алдындағы азаматтық борышымызды өтеуге. Өзімізге берілген тапсырманы уақытында әрі сапалы орындап шықтық. Ата-бабаларымыз болашақ ұрпағы үшін соғыста да кері шегінбеді. Қолға қару алып соғыспағанымызбен әлемді шарпыған індетпен бетпе-бет келдік. Бұл індетті жою жолындағы алға қойған мақсатымыз немқұрайлылықты кешірмейді. Сондықтан мұндай қысылтаяң шақта ауызбіршілікпен жұмыла қызмет еттік. Марапат алып, атаққа кенеледі екенбіз деген ойымызда да болған жоқ. Тек мақсатымыз осындай шақта елімізде қызмет етіп жатқан азаматтарға жәрдемдесу еді», – дейді осындай төс белгіге ие болған жас сарбаздың бірі Бексұлтан Смайылов.

Айта кетейік, мұндай шара қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. ҚР Қорғаныс министрлігі тарапынан төтенше жағдай кезінде арнаулы жиындарға шақырылған барлық әскери қызметкерлер марапатталатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<