Жазушының атақтары

522

0

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974).

2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достойнство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды.

«Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» (1984), «Отан» (1994) ордендерімен және медальдармен, РСФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған.

1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағы берілді.

2019 жылы 22 қазанда жазушының 95 жасқа толған мерейтойына орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ә.Нұрпейісовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді.

Арал қалалық тарихи музейі экспозициялық залы және аудан орталығында Ә.Нұрпейісовтің Әдебиет үйі бар.

ЖАЗУШЫ ЖАЙЛЫ ДЕРЕКТЕР

1978 жылы Әзірбайжан Мамбетов пен Юрий Мастюгин Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының желісі бойынша екі бөлімнен тұратын кино түсірді.

Фильм 1979 жылы Мәскеуде өткен КСРО-ның Алтын медалін және Ашхабад қаласындағы өткен кинофестивальда «Ең үздік тарихи-революциялық фильм» номинациясы бойынша бірінші жүлденің иесі атанды.

***

2008 жылғы 14 қараша күні Ақтөбе қаласында «Қан мен тер» трилогиясының кейіпкерлеріне арналған Ерік Жауымбаевтың ескерткіші ашылды. Бұл – Қазақстандағы әдеби туындының кейіпкерлеріне арналып жасалған алғашқы туынды.

Ескерткіш Ақтөбе облыстық Сақтаған Бәйішев атындағы кітапхананың алдында орналастырылған. Мүсіндік композицияда «Беларан» аралындағы романның негізгі жеті кейіпкері және ит мүсінделген.

***

2015 жылы 15 қарашада Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының кейіпкерлері Жәдігер мен Бәкизатқа арналған символикалық белгінің ашылуы болды.

Салтанатты іс-шараға жазушы өз отбасымен келіп қатысты. Қоладан құйылған белгінің биіктігі 2 метр 50 см, ені 3 метр 60 см. Авторы – ақтаулық мүсінші Көшер Байғазиев.

 Осыған орай «Қазығұрт» баспасынан қаламгердің жетітомдық шығармалар жинағы жарық көрді.                            

***

Ұлы жазушының кешегі аумалы-төкпелі замандағы дала тұрмысының қат-қабат шежіресін шерткен, Арал даласының аптабы мен теңіз сарыны есіп тұратын трилогиясы, яғни, үш кітаптан тұратын «Қан мен тер» романы қазіргі таңда әлемнің 35 тіліне аударылған.

ЖАЗУШЫ ЖАЙЛЫ ЖЫЛЫ ЛЕБІЗДЕР

«Әрі терең, әрі шөлдегі бір ащы сулы шыңыраудай осынау роман («Қан мен тер») қазіргі таңдағы әлемнің ірі туындыларымен иық тірестіре алады; мейлі ол америкалық, мейлі ол француздық болсын…»

Луи АРАГОН (Франция)

«Трилогия классикалық орыс прозасының дәстүрінде жазылған. Эпикалық құлаш, терең суреткерлік, қилы кейіпкерлер галереясы, көркемдік шеберлік еріксіз «Тынық Донды» еске түсіреді. Осы ретте Нұрпейісовті қазақ әдебиетінің Шолоховы деуге болады».

Аугуст ВИДАЛ (Испания)

«Терең мұңды дүние екен, «Соңғы парыз». Оқығаныма әлденеше күн өтсе де, өн бойымды баурап алған сенің сол ұлы мұңыңның әсеріндемін».

Мұстай КӘРІМ (Башқұртстан)

«Соңғы парыз» – бүгінгі күннің бас тақырыбына арналған түйінді роман. Роман біз бастан кешкен адыра қалған арман, ақталмаған үміт, зая заман жайлы. Роман финалы таңғаларлық. Автор аспан құлап жерге түскендей заманақырлық пессимизмді қалай еңсерген. Бәрі қарапайым. Тіл безеу атымен жоқ.

Анатолий КИМ (Ресей)

«Сенің романыңа арқау болған («Соңғы парыз») проблемалар – әлемдік маңызы бар проблемалар”.

Леонгард КОШУТ (Германия)

«Қазақ даласындағы бір аяулы есім – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушылары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясының авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әдебиетіндегі елеулі құбылыс дегенге саяды».

Герольд БЕЛЬГЕР

«Сондай бір күн болған», «Сондай бір түн болған» дейтін екі кітаптан тұратын дилогия – жанрлық-стильдік бітімі жағынан да, концепциялық өзекті ойы жағынан да ұлттық прозамыздағы бүгінгі таңдағы оқшау құбылыс. Ол – біздің жаңа әдебиетіміздің жаңа арнасын салып беретін алғашқы мұз жарғыштай. Біздің прозамыз бен драматургиямызда жаңа бір ағым басталатындай. Оған «зая ғұмыр әдебиеті» деп ат қойсақ жарасатындай. Біздің де кешкеніміз зая тағдыр. Әлеуметтік озбырлықтың айдағанынан шыға алмай, асыл мұраттардың өзін асыра сілтейтін алаңғасарлыққа айналдырып алдық. Соның салдарынан да еткеніміз еш зая ұрпаққа айналып отырмыз. Сонымен зая ұрпақ тақырыбы өрмегін құрды. Арылу әдебиеті желі тартты. Кесек эпиканың орнына аз адамдардың, тіпті бір ғана кісінің жан дүниесіндегі алай-дүлей ахуалды ежіктейтін жаңа роман келді».

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<