Нұрмағанбетовтер әулеті таңдауларын жасады

574

0

Бұқарбай батыр ауылында сайлау учаскесінде бұқарбай батырлық сайлаушылар белсенді түрде өз таңдауын жасауда. Олардың қатарында сол елдің ақылгөй ақсақалы Қ.Нұрмағанбетов те бар.

Бір қызығы, ауыл ақсақалы саяси науқанға барлық отбасы мүшелерімен бірге келіпті. Осындай өнегелі отбасының сайлауда төбе көрсетуі де кейінгі жастарға үлгі деуге әбден болады.

Нұрмағанбетовтер әулеті Ұлыстың Ұлы күнімен тұспа-тұс келген саяси науқанға ұлттық киіммен келіп, мерекенің мәнін, маңызын арттыра түсті. Біз аялдаған Бұқарбай батыр ауылында ақ түйенің қарны жарылып, тіршілік жаңарып, Жер-Ана бусанып, қазақ халқы үшін жыл басы саналатын Наурыз мерекесінің де лебі сезіліп тұрды.

– Ел ішінде өте маңызды саяси науқан болып жатқанда өз таңдауыңды жасауға асықпау, бұл азаматтық парызды орындамау деп ойлаймын. Мен осы жасыма дейін елдегі елеулі істерден тыс қалып не болмаса саяси науқандарда бейжай қарап отырмадым. Өйткені мен үшін елдің ертеңі маңызды.

Жалпы, бірлік бар жерде тірлік боларын ауылдағы ағайын жақсы біледі. Ел ішіндегі мәселелерді ашық айтып, енді алдағы уақытта осы мәселелерді мәслихат мінберінде көтергісі келетін азаматтарға сенім артуда әр адамның таңдауы шешуші рөл атқаратыны да даусыз. Сондықтан мен де ел ақсақалы ретінде әрбір сайлаушыны науқанда белсенділік танытуға шақырамын.

Ал осы сайлауда дауыс жинап, ел сенімін арқалайтын азаматқа тек сәттілік тілеймін, – деген Қабыланбек атамыз халық таңдаған азаматтарға артылатын жауапкершілік жүгінің де ауыр екенін жасырмады.

Елдің жайын елден бұрын ойлайтын, жастардың болашағы үшін қам жейтін қазына кеуде қарияның бірауыз пікірі, өркениетке тағы бір қадам жасалмақ деген салмақты сөзі біздің көңілімізге дем беріп, күш-жігерімізді шыңдады. Айта кетейік, Бұқарбай батырдағы сайлау науқаны да барлық талаптарға сай өтуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<