Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Партияны ел Президентінің басқаруы маңызды

382

0

Елордада Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Кеңес барысында мемлекеттік бағдардың сабақтастығы мен тұрақтылығына негіз болатын партияның ұзақ мерзімді көшбасшылығын қамтамасыз ету маңызды екеніне назар аударылды. Сондай-ақ партияны ел Президенті басқарып, оның саясаты мен стратегиясын өзі айқындап отыруы қажет екені атап көрсетілді.

Еліміздегі жетекші саяси партия – Nur Otan-ның ауқымды мəселелер қаралған Саяси кеңесінің отырысы бейнеконференция байланысы режімінде ұйымдастырылды. Алқалы жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ПремьерМинистр мен Үкімет мүшелері, Nur Otan партиясының Саяси кеңесі мен Бюро мүшелері, Парламент Мəжілісіндегі жəне мəслихаттардағы партия фракциясының депутаттары, өңір басшылары, Jas Otan жастар қанатының көшбасшылары қатысты.

Жиынды ашқан Елбасы Тəуелсіздік жылдарында қалыптасқан көппартиялық жүйе елдігіміздің тірегіне айналғанын, осы орайда Nur Otan партиясының саяси салмағы басым екенін айта келіп, отыз жыл ішіндегі еліміздің даму жетістіктеріне тоқталды. Мұның барлығы бірлесе атқарылған жұмыстың, маңызды мемлекеттік шешімдер мен батыл реформалардың жемісі екенін атап өтті.

«Біз еліміздің партиялық-саяси жүйесін біртіндеп əрі жан-жақты саралай отырып дамыттық. Барлық бастамаларымыз сияқты бұл мəселеге де ішкі дайындықпен келдік. Жүйесіз реформалар халықтың демократияға деген сенімін жоғалтып, түрлі шиеленістер тудырған жəне территориядан айырған жағдайлар тарихта аз емес. Тəуелсіздікті сақтау жəне мемлекеттілікті нығайту – біздің болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз. Сондықтан Nur Otan партиясы тұрақтылық пен татулыққа, əлеуметтік-экономикалық прагматизмге, орнықты дамуға негізделген жəне тұтас қоғамның мүддесіне сай келетін саясат жүргізуде», деді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл тарихымызда алғаш рет заң шығарушы жəне өкілдік органдарға сайлау пропорционалды жүйе бойынша өткенін айта келіп, «Сондай-ақ ауыл əкімдерін тікелей сайлау тəжірибесі енгізілді. Бұл қадамдардың бəрі елдегі партиялар арасында бəсекені күшейтіп, олардың жауапкершілігі мен есептілігін арттыра түсті», деді.

Елбасы Премьер-Министр мен Парламент Мəжілісі Төрағасының баяндамаларынан соң биліктің атқарушы жəне заң шығарушы тармағы партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда үйлесімді жұмыс істегенін ерекше атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің алдында тұрған сын-қатерлерге, сондай-ақ партияның келешек стратегиялық мақсаттарына, міндеттеріне жан-жақты тоқталды.

«Қазақстан Тəуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басуда. Бұл ауқымды өзгерістерге, қиын да жауапты шешімдерге толы кезең болары анық. Қазірдің өзінде пандемияны тоқтату қиынға соғуда. Бүгінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Оған ақпараттық технологиялар мен жасыл энергетиканың қарқынды енгізілуі де əсер етуде», деді Елбасы. Қазақстанның Тұңғыш Президенті адамзат алдында тұрған бірқатар сын-қатерді атап өтті. Соның ішінде жаңа пандемияларға қарсы күреске, экологиялық проблемалар мен жаһандық жылынудың теріс əсерінің күшеюіне, əлемдік экономиканың өзгеруіне орай елдердің бəсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне, геосаяси шиеленістің өршуіне, сондай-ақ қоғамдық пікір мен құндылықтардың күрт өзгеруінен саяси алауыздық белең алатынына назар аударды.

«Жаһандық тұрақсыздық ұзаққа созылуы мүмкін. Осы орайда партияның соңғы парламент сайлауындағы «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» деген ұранының өзектілігі арта түсуде. Біз бүкіл қоғамның мүддесін қорғайтын центристік ұстанымды сақтауымыз қажет екенін тағы да атап өткім келіп отыр. Партияның міндеті – халықты бөліп-жару емес, біріктіру», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Н.Назарбаев партия фракциясы депутаттарының пандемия кезіндегі тиімді жұмысына тоқталып, барша қазақстандықтар Президенттің мемлекеттік бағдарын қолдап, соның аясында жұмылуы маңызды екеніне баса мəн берді.

«Мен партиямыздың негізін қалап, оған осы жылдар ішінде басшылық еттім. Nur Otan партиясын ел Президенті басқарып, оның саясаты мен стратегиясын өзі айқындап отыруы маңызды екенін жақсы білемін. Бұған дейін де солай болды. Біз партия Жарғысына сүйене отырып, шешім қабылдауымыз керек. Бұл – біздің бірлігімізді көрсететін қадам», деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік бағдардың сабақтастығы мен тұрақтылығына негіз болатын партияның ұзақ мерзімді көшбасшылығын қамтамасыз ету маңызды екеніне назар аударды. Елбасы атап өткендей, ол үшін Nur Otan партиясы үнемі жаңғырып отыруға, заман талабына сай əр өзгерістерге дайын болуға, халық мүддесін басшылыққа алуға, алдына айқын мақсат қойып, оған жетудің нақты жолдарын табуға, билік органдарының, қоғамдық институттардың тиімді ықпалдастығын қамтамасыз етуге тиіс, сондай-ақ қоғамды партия құндылықтары төңірегіне біріктіруі керек.

Алқалы жиында Тəуелсіздігімізді нығайтып, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды қолдап, ұлттық мəдениетімізді насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қою арқылы жасампаз ел боламыз деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды.

«Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сəби дүниеге келді. Олардың алдыңғы шебі орда бұзар отызға толып отыр. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын. Мемлекеттілікті сақтап, Қазақстанды «Мəңгілік Ел» ету осы ұрпаққа жүктелетін тарихи миссия деп санаймын. Осы орайда жаңа дəуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынамын. Бұл – отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы ретіндегі менің жас ұрпаққа жолдар Үндеуім деп қабылдаңыздар», деген Нұрсұлтан Назарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттарына кеңінен тоқталды.

Елбасы аталған жеті тұғырдың ең біріншісі – басты құндылығымыз – Тəуелсіздік екенін атады. Тұңғыш Президент осы орайда «Əлемде көлемі жағынан 9-шы орын алатын байтақ атырапты еншілеу Жаратқанның халқымызға берген баға жетпес несібесі деп білеміз», деді.

Екінші тұғыр ретінде бірлік пен келісім атап көрсетілді. Елбасының айтуынша, «Этникалық əралуандық – біртұтас ұлт ретінде қалыптасқан халқымыздың артықшылығы. Бүгінде бірлік пен этносаралық татулықты сақтау жолында отыз жыл бойы жүргізген сындарлы саясаттың жемісін көріп отырмыз». Н.Назарбаев атап көрсеткендей, бірлігімізді арттырып, ынтымағымызды күшейтсек қана елдігіміз нығайып, егемендігіміз баянды болады.

Ата-баба мұрасы, халық қазынасы – ұлан-байтақ жеріміз елдігіміздің үшінші тұғыры ретінде аталды. «Жерден қасиетті ешнəрсе жоқ. Қазақ үшін ел мен жер – тұтас ұғым», деген Елбасы Тəуелсіздікті жариялай салысымен шекарамызды құжат жүзінде бекітіп алуға қол жеткізілгенін айта келіп, өзге мемлекеттердің арасындағы даулы территориялар соғысқа, қантөгіске апарып соғатынын еске салды. Н.Назарбаев атап көрсеткендей, ата-баба аманатына адал болып, ұлан-ғайыр жерімізді қорғау, оны болашақ ұрпаққа мирас ету – біздің ортақ борышымыз.

Елбасы отбасы мен салт-дəстүрлерімізді қоғамның алтын діңгегіне балап, оны төртінші тұғыр деп белгіледі. Шын мəнінде, Тұңғыш Президентіміз айтқандай, отбасы – ұрпақ тəрбиесінің ұстаханасы, қоғамдық қатынастардың бастауы саналатын бірегей институт. «Жаһандану үдерісі тұрмысымыз бен салт-санамызға өзгеріс əкелгенмен, ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтардан бас тартуға болмайды. Қай кезеңде де біз үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетуді дəріптейтін ата дəстүрімізді берік ұстануымыз қажет. Отбасы институты əлсіреп, салт-дəстүріміз ұмытылса, ел болып қалуымыз екіталай», деді Н.Назарбаев.

Бесінші, алтыншы жəне жетінші тұғырлар ретінде халықтың рухани тірегі – Ұлттық мəдениет, бақуатты өмірдің кілті – білім мен еңбек жəне бəсекеге қабілетті болудың кепілі – прагматизм белгіленді.

Ұлттық мəдениетіміз тұрғысында сөз қозғаған Елбасы бұл орайда «Өркениетті отыз елдің қатарына қосылуда материалдық құндылықтармен қатар, рухани байлықтың маңызы зор. Сол үшін мəдениетімізді зерделеп, өзге жұртқа насихаттай білген абзал. Басқа халықтарды тек өнер құдіретімен, ғылыми ізденіспен ғана мойындата аламыз», деді.

Ал білім мен еңбекті бақуатты өмірдің кілті деп атаған Елбасы дана Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзін мысалға келтіре отырып, «Ендеше табыстың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде. Адал еңбек қана адамды мұратына жеткізеді. Осыны жастардың санасына сіңіру қажет», деді.

Прагматизм – бəсекеге қабілетті болудың кепілі екенін атап көрсеткен Н.Назарбаев бізге қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, нəтижелі жұмыс атқару жəне көздеген мақсатқа тиімді қол жеткізу маңызды екеніне тоқталды. Осы орайда Елбасы қазір елімізде жастардың өзін-өзі дамытуына, білімін жетілдіруіне, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік мол екенін, сондықтан прагматизм қағидаттары бойынша барынша қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынған жөн екенін айтты.

«Елдіктің жеті тұғырын» таныстыру барысында Елбасы халқымыздың Тəуелсіздіктің отыз жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырғанына, Қазақстан қуатты мемлекетке айналып, бірлігі бекем ел болғанымызға, сындарлы саясат жүргізіліп, əлеуеті зор нарықтық экономикалық жүйе қалыптастырғанымызға екпін берді. Тұңғыш Президент сондай-ақ ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен Тəуелсіздікке қол жеткізілгенін, елдігіміз қайта жаңғырғанын ең басты жетістік ретінде атады. Осы орайда Елбасы «Əлем картасында Қазақстан деген егемен елдің ойып тұрып орын алуы үшін аянбай еңбек еттік. Ендігі кезекте осы жетістігімізді еселеп арттыру ел ынтымағы мен тұтастығына байланысты», деді.

Алқалы жиында Нұрсұлтан Назарбаев алдағы кезеңдер елдігімізді, мемлекеттілігімізді нығайтудың жаңа белесі болатынына сенім білдіре келіп, бұл əрбір азаматтың ұлтымыздың болашағына жауапкершілікпен қараған кезде жүзеге асатынын жеткізді. Осы орайда еліміздегі ең ірі, əлеуетті саяси партия ретінде Nur Otan-ның халқымыздың игілігі үшін қолға алынған істердің алдыңғы шебінде болуы керектігі баса айтылды.

Отырыстағы сөзінің соңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ендігі кезекте осы мерейлі күнге жеткізген, ырысымызды арттырған Жаратқанға шүкіршілік етіп, ертеңге сенімді қадам басу қажет. Рухымызды қайрап, еңсемізді тіктеп, бұдан да биік асуларға жету үшін жəне Тəуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы жолында тынбай жұмыс істеуге тиіспіз! Біз кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, жеңіске бірге жетеміз! Тəуелсіздігіміздің отыз жылдық белесі құтты болсын!» деді.

Айта кетейік, отырыста Премьер-Министр, партия Саяси кеңесінің Бюро мүшесі А.Маминнің, Парламент Мəжілісінің Төрағасы, партия фракциясының басшысы Н.Нығматулиннің, Парламент Мəжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы Өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы Ю.Кучинскаяның, Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы М.Əйтеновтің, Nur Otan партиясы Павлодар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Nur Otan партиясының аудандық мəслихаттағы фракциясының басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі В.Гейнцтің, Nur Otan партиясының мүшесі, Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауылдық округінің əкімі Ə.Зарифовтің баяндамалары тыңдалды.

«Egemen Qazaqstan» газеті,

 24 қараша, 2021 жыл

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз