Облыстық мәслихат төрағасы болып Мұрат Тілеуімбетов сайланды

337

0

Фото: Облыстық сайлау комиссиясы

Бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс XIII сессиясы өтті. Сессияда ҚР Парламенті Сенатына сайланған Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлының мәслихат депутаты ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов қалыптасқан бос орынға 2023 жылдың 19 наурызынан бастап «AMANAT» партиясы облыстық филиалының партиялық тізіміне бірінші болып тіркелген Тілеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлының жаңа депутат ретінде тіркелгенін хабарлады.

Сонымен бірге, сессияда «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес ашық дауыс беру арқылы депутаттар жалпы санының көпшiлiк дауысымен Тілеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлы Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы болып сайланды.

«Осы кезге дейін Жаңақорған ауданының әкімі қызметін атқарып келген Тілеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлы өздеріңіздің қолдауларыңызбен қызметін Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы ретінде жалғастыратын болады. Мұрат Жолкелдіұлы – 15 жылға жуық мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі басшы. Мұрат Жолкелдіұлына осы кезге дейін атқарған қызметіне алғыс білдіріп, Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы болып сайлануымен құттықтаймын! Қазіргі әлемде болып жатқан дағдарыс пен елде қалыптасқан қиын кезеңде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыстарды депутаттық корпуспен әрі қарай жандандырып, жүйелі түрде жүргізеді деп сенеміз. Алдағы уақытта бірлесіп атқарар жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Мұрат Тілеуімбетов Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшысы және басқа да жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Жаңақорған ауданында 2 жылдан аса қызмет етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлесін қосты.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<