Қызылорда облысында 5,5 мың метрлік тереңдіктен мұнай іздеу жүргізілмек

520

0

Қызылорда облысында 5,5 мың метрлік тереңдіктен мұнай іздеу жүргізілмек. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет ішкі нарыққа мұнай жеткізуді ынталандыру және жер қойнауын пайдалану саласындағы жаңа жобаларды іске асыру үшін жағдайлар жасау жөнінде іс-шаралар қабылдауда. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында «мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңға түзетулер қабылданды. Бұл түзетулер мұнай өнімдерін өткізу кезінде өнімсіз делдалдарды жоққа шығаруды көздейді. Енді мұнай өндіруші ұйымдар мұнай өңдеу үшін мұнай өңдеу зауыттарына дербес жеткізе алады», – деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-министр осы жылдың сәуір айында бензин (АИ-92 182 теңгеден 205 теңгеге дейін) мен дизель отынының (230 теңгеден 295 теңгеге дейін) шекті бөлшек сауда бағасы ұлғайтылғанын атап өтеді.

«Бұл да ішкі нарыққа мұнай жеткізудің экономикалық тартымдылығын арттырады», – деді ол.

Оның атап өтуінше, көмірсутектерді барлау мен өндіруге инвесторларды тарту үшін реттеуші және фискалдық преференциялардың кең спектрін көздейтін жақсартылған модельдік келісімшарт заңнамамен енгізілді. «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңға жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алу бағасының жаңа формуласын енгізу бойынша түзетулер енгізілді. Оған сәйкес баға экспорттық (70%) және ішкі (30%) бағалар негізінде қалыптастырылатын болады.

«Қызылорда облысының шикізат базасын молықтыру мақсатында «ҚазМұнайГаз» АҚ перспективалы Торғай палеозой учаскесінде (ресурсы шамамен 400 млн тонна мұнай) тереңдігі 5,5 мың метр іздеу ұңғымасын бұрғылауды жоспарлады. Ақсай Южный кен орнын өнеркәсіптік пайдалануға енгізу (шикі газ өндіру көлемі жылына шамамен 100 млн текше метр) жүзеге асырылды. Шығыс және Орталық керуен жер қойнауы учаскелері бойынша аукцион арқылы (геологиялық барлауға инвестициялар шамамен 1,8 млрд теңге) жеңімпаздар анықталды. Осы іс-шаралардың барлығы өңірдің мұнай-газ секторын дамытуға қосымша серпін береді, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді», – деді Әлихан Смайылов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<