Штаб жұмысы қыза түсті

2054

0

Қандай сайлау болса да ел тағдыры айқындалатын маңызды істің айналасында ұйысып, ұлттың мүддесіне дауыс беру баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Сайлау дүбірі басталып, саясат сеңі қозғала бастағаны Алматыда анық сезіледі. Саяси науқан қарсаңында биылғы 27 қыркүйекте «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі алаңында «Әділ сайлау үшін» штабы құрылған болатын. Штаб кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы туралы заңнаманың негізгі ережелерін түсіндіруге, сайлау үдерісіне қатысушыларға құқықтық көмек көрсетуге тиіс.

Таяу күндері «Қазақстан заңгерлер одағы» Алматы филиалының төрағасы әрі «Әділ сайлау үшін» қалалық штабын басқаратын Бауыржан Мақұлбаевтың қатысуымен баспасөз жиыны өтті. Отандық және шетелдік танымал заңгерлер енген штаб мүшелері сайлау науқанының барысын құқықтық мониторингілеу және сайлау үдерісіне қатысушыларға сайлау заңнамасын қолдану тәртібін түсіндіруді көздейді.

Бауыржан Мақұлбаев сайлау науқанын мониторингілеу барысында БАҚ, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдармен өзара әрекет жандана түсетіні туралы баяндай келе, байқаушылардың да міндетін жіктеп: «Қазақстан Республикасының азаматы байқаушы болу үшін 18 жастан асқан және саяси партиялардан, өзге де қоғамдық бірлестіктерден, коммерциялық емес ұйымдардан байқаушы өкілеттігі болуы керек», деді.

Соңғы күндері аталған қозғалыстың жұмысы жандана түскені байқалады. Сәрсенбі күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әділ сайлау үшін» штабы мүшелерінің «Азаматтардың сайлау құқықтарының конституциялық кепілдіктері» тақырыбында үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен, оқытушы-профессорлар құрамымен және білім алушы жастармен кездесуі өтті.

Шараны ҚазҰУ-дың заң факультетінің кафедра меңгерушісі, профессор Алуа Ибраева ашып, заңгерлердің сайлауалды міндетіне тоқталды.

«Қоғамда демократияны дамытуда сайлау маңызды рөл атқарады. Бұл конференцияның өзектілігі – жұртшылық, ғалымдар, сарапшылар сайлау туралы заңнаманы жетілдіру үдерісіне белсене атсалысады. Ғалымдардың ұсынысы заң шығарушы билікке аса қажет», деді Алуа Ибраева.

Заң факультетінің деканы, профессор Дәулет Байделдинов азаматтардың сайлау құқықтарының конституциялық кепілдіктері туралы айтты. «Кезектен тыс президент сайлауы халықтың демократиялық өзгерістерді кеңейтуге деген сенім мандатын алу үшін қажет. Бұл қазақстандықтар өмірінің барлық саласына қатысты», деді спикер.

Штаб мүшесі, белгілі заңгер ғалым Ермек Әбдірасұлов конституциялық реформаның, сайлау заңнамасының және сайлау үдерісін ұйымдастырудың негізгі ережелерін түсіндірді. Ол: «Сайлауда өз ұстанымын білдіру – барлық азаматтың алдында тұрған міндет. Ол – халықтың мемлекет істерін басқаруға және жаңа, әділ Қазақстанды құруға белсенді қаты­суының көрсеткіші. Жастар – мемлекетіміздің маңызды сайлау ресурстарының бірі, олар – еліміздің болашағы! Сондықтан жастарға саяси өмірге деген белсенділік пен өз ерік-жігерін білдіруді көрсету керек», деді.

Жиында сөз алған профессор Еркін Дүйсенов сайлау заңнамасын жаңғырту қажеттігін алға тартып, сайлау үдерісінің қыр-сыры төңірегінде ой өрбітті. Байқаушылардың сайлау үдерісіне қатысуы, олардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттарды ұсыну ерекшеліктері туралы мағлұматтар жиынға қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

Университет басшылығы, оқытушы-профессорлар штаб жұмысының маңызын атап өтіп, қолға алынған шараларға қолдау танытты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<