Ұлтты ұйыстырған жеті қағида

1021

0

Астанада халықтық коалицияның бастамасымен ҚасымЖомарт Тоқаевтың кандидатурасын Қазақстан президенттігіне ұсыну туралы қолдаушылар форумы өтті.

Жиында еліміздегі түрлі саяси партиялар мен республикалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері алдағы президент сайлауына қатысуға Қасым-Жомарт Кемелұлын лайықты деп тапты.

«Amanat», «Ақжол», Қазақстан Халық партиясы секілді саяси партиялардың және 30-дан астам республикалық қоғамдық ұйымның атынан екі мыңнан астам өкіл қатысқан халықтық коалиция форумында Мемлекет басшысы сөз алып, өзіне сенім артқаны үшін іс-шараға қатысушыларға ризашылығын білдірді.

Алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтты ұйыстыратын жеті қағиданы атап өтіп, ел азаматтарының алдында тұрған мақсат-межені тізбелеп берді.

«Мен ұлтты ұйыстыратын жеті қағиданы атап өткім келеді.

Бірінші. Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Мен былтыр осы тұжырым туралы арнайы мақала жарияладым. Біз егемендігімізді сақтай алсақ қана, ұлт болып, ел болып тұра аламыз.

Тәуелсіз мемлекет қана өзінің тілін, жерін, дінін, ділін сақтап қалады. Сондықтан, Тәуелсіздік – біз үшін ең басты құндылық. Тәуелсіздікті қорғау және нығайту – әрбір азаматқа, бәрімізге ортақ міндет! Тағы да қайталап айтамын. Дамыған, өркениетті ел боламыз десек, еңбекті ең басты орынға қоюымыз керек. Еңбекқорлық – өскелең ұрпақтың бойына сіңген қасиет болуға тиіс. Бұл қасиет біздің өмір салтымызға айналуы керек. Масылдық ниеттен, бос сөзден арылуымыз қажет. Тәуелсіздікті нығайтуға нақты іспен үлес қосу – әр азаматтың перзенттік парызы. Еңбек адамы біздің қоғамда қашанда құрметке ие болады. Себебі, еңбекқор адам өз сөзін әрдайым іспен дәлелдей алады, деді Президент.

Екінші қағиданы жер тұтастығы деп атаған Мемлекет басшысы:

«Елдіктің негізі – жеріміздің тұтастығы.

Бабаларымыз ұрпағына ұлан-ғайыр жерді мирас етті. Біз оның бір уыс топырағына дейін қастерлеп, атамекенімізді қорғай білуіміз керек», деп атап өтті.

«Үшінші. Мемлекет мүддесі – қастерлі құндылық. Ауылдан Ақордаға дейінгі шешімнің бәрі осы тұрғыдан қабылдануы қажет. Бір сөзбен айтсақ, әр істе мемлекеттік ұстаным болуы керек. Мемлекет мүддесі дегеніміз – халықтың мүддесі. Сондықтан, барлық шешімдер, жобалар, заңдар мен жарғылар ел мүддесін қорғауға арналады. Туған елге жанашырлық әр азаматқа тән қасиет болуға тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Төртінші. Рухани үндестік – бірліктің бастауы. Төл тарихымыз, ана тіліміз бен ата дініміз – елді біріктіретін бірегей құндылықтар. Оны дау-дамайға айналдыруға болмайды. Жұртты адастырып, теріс жолға салудан сақтанған жөн. Қазақстанда түрлі этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың мақсаты – бір, болашаққа деген көзқарасы – ортақ. Бәріміз – бір елдің азаматтарымыз. «Әралуандық арқылы – бірлікке» қағидаты ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Біз этносаралық татулықты сақтай білуіміз керек. «Қазақстан азаматы» деген ұғым жалпыұлттық бірегейліктің өзегі болуы қажет. Сонда біртұтас ұлт ретінде келешекке сеніммен қадам басамыз», деген ел Президенті бесінші қағиданың заңға сүйенетінін айтты.

«Бесінші. Заңдылық пен тәртіп – өркениетті ел болудың кепілі. Заң талаптары барлық салада мүлтіксіз орындалуға тиіс. Заң алдында – бәрі тең. Заң алдында бәрі бірдей жауап береді. Сонда ғана біз заңы мүлтіксіз орындалатын, тәртібі қатаң сақталатын Әділетті мемлекет құрамыз», деді  бұл жайында Қ.Тоқаев.

Алтыншы. Жасампаздық – жаңару мен жаңғыру жолы. Біздің басты мақсатымыз – Отанымызды өркендету, мемлекетімізді дамыту. Озық білім мен қажырлы еңбек қана елді табысқа жеткізеді. Бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір ғылым экономиканы жедел алға жетелейтін алып индустрияға айналды. Қазақстан жаһандық экономикадағы үрдістерден сай болуға тиіс. Бізге де осы ғылыми-технологиялық жаңашылдықты әкеліп, өндіріске қосатын жаңа әрі білікті мамандар керек. Біз оларға қажет жағдайдың барлығын жасаймыз. Себебі, адам капиталы ең құнды байлығымыз. Мұны уақыт және тәжірибе дәлелдеді. Осылайша, Қазақстанның инновацияның, жаңа технологияның, тың идеялардың, ауқымды капиталдың орталығы болуға зор мүмкіндігі бар», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

«Жетінші. Достық пейіл, мейірімділік және жанашырлық – ең асыл қасиеттер. Қазақта «Сыйлассаң – сыйлы боларсың» деген сөз бар. Ағайынның татулығы мен жанашырлығы – ел бірлігінің түп қазығы. Елдің тұтастығы қарапайым адамдардың өзара түсіністігінен басталады. Халқымыз бәрін де ақыл-парасатпен шешкен. Бұл дәстүрді ұмытпауымыз керек. Аға буын осы игі дәстүрді насихаттауы қажет. Жалпы, ортақ жетістіктер ұлттың мерейін өсіреді. Біз бір-бірімізге қашанда тілектес болуымыз қажет. Талапты, дарынды азаматтарды қолдай білуіміз керек. Әр отандасымыздың табысына қуанып, қиындықтарды бірге еңсеруге тиіспіз. Халқымыз «Ұйымдасқан ұтады» деп бекер айтпаған. Бірлігімізді бекемдей білсек, елдігімізді сақтап қаламыз. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз», деген Мемлекет басшысы демократия, заң үстемдігі және теңдік қағидаттары сақталатын мықты мемлекет болатынымызға нық сенім білдірді.

«Бұл біздің қолымыздан келеді. Себебі, айқын мақсатымыз, нақты бағдарымыз бар. Жасампаз және отаншыл халқымыз бар. Тәуелсіз елдің ойы еркін, рухы азат ұрпағы өсіп келеді. Біз түбегейлі өзгерістің бәрін өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасап жатырмыз. Баршаңызды елімізді бірге көркейтуге шақырамын! Өйткені, біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір. Әрдайым берге болайық! Қасиетті Отанымыз – Қазақстанымыз жасай берсін!», деген Мемлекет басшысы осылайша ұлтты ұйыстыратын жеті қағиданы айқындап берді.

Сөзін, өзін қолдаған халыққа ризашылық білдірумен жалғастырған Мемлекет басшысы: «Мен бұған дейін Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтарап болу қажеттігін айттым. Осы ұстаным өзгермейді. Баршаңыз ұсынған ортақ кандидат ретінде президент сайлауына түсу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Маған сенім артқандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін», деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ елімізде саяси, әлеуметтік, құқықтық және басқа да маңызды жүйелерін түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанына тоқталып: «Бұл реформалардың бәрін сіздер жақсы білесіздер. Бұл реформалар халықтың тұрмысын түзеуге, әр адамның құқығын толық қорғауға, демократиялық үдерістерді жедел жүргізуге бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, барлығы тек халық үшін жасалып жатыр», деді.

Форумда сөйлеген сөзінде Қ.Тоқаев президенттің өкілеттігін 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы бастамасы туралы да ойын ортаға салды. «Мен осы шешім туралы көп ойландым. Бір адамның ұзақ уақыт билікте болуы дұрыс емес деген тұжырымға келдім. Мемлекеттің тірегі – жалғыз Президент емес, бүкіл халық. Сондықтан, ел басқаруға жаңа буын өкілдерінің келуі өте маңызды. Біз ұлт мүддесін қорғайтын және халыққа адал қызмет ететін азаматтарға жол ашуымыз керек. нағыз мемлекетшіл, отаншыл, білікті тұлғалар жұртты жасампаз істерге жұмылдырып, Қазақстанды өркендете алады. Осы ұстаным мызғымас қағидатымыз болуға тиіс.

Біздің басты мақсатымыз – Отанымызды өркендету, мемлекетімізді дамыту. Озық білім мен қажырлы еңбек қана елді табысқа жеткізеді. Бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір ғылым экономиканы жедел алға жетелейтін алып индустрияға айналды. Қазақстан жаһандық экономикадағы үрдістерге сай болуға тиіс. Бізге де осы ғылыми-технологиялық жаңашылдықты әкеліп, өндіріске қосатын жаңа әрі білікті мамандар керек. Біз оларға қажет жағдайдың барлығын жасаймыз. Себебі адам капиталы ең құнды байлығымыз. Мұны уақыт және тәжірибе көрсетті. Осылайша, Қазақстанның жаңа технологияның, тың идеялардың, ауқымды капиталдың орталығы болуға зор мүмкіндігі бар», деді Президент сөзін түйіндеп.

Оралхан Ахмадия,

«Egemen Qazaqstan»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<