Бастауыш сынып оқушыларының ой-өрісін дамытуда ойынның пайдасы

43

0

Еліміздің орта білімді дамыту тұжырымдамасында,
«Бастауыш мектептің негізгі міндеттері – баланың жеке басының алғашқы қалыптасуын қамтамасыз ету; олардың қабілеттерін ашып, дамыту, оқуға деген ынтымақтастықтың тәжірибесінің берік дағдыларын меңгерту» — делінген.
Бұл бағытта біз әрбір оқушыға білім беріп қана қоймай, ой-өрісін арттыруымыз қажет. Мен үнемі дидактикалық ойындар мен зияткерлік ойындарды қолданамын.
Кішкентай ғана бастауыш сынып оқушыларының жаңа дүниені танып білуге деген ынтасы зор. Ойын – бүлдіршіндерге әрі оқу, әрі еңбек. Сабақта ойынды көбірек пайдалану – баланың ой – өрісін дамытып, есте сақтау қабілетін арттырады. Бастауыш сынып мұғалімдерінің оқу-тәрбие жұмысының негізгі – оқушы білімінің сапасын арттыру.
Әр оқушының сабаққа қызығушылығы, дүниетанымы, даму ерекшеліктері әртүрлі болғанына қарамастан белсенді қатысады. Тіпті үлгерімі төмен оқушының өзі ойын арқылы берілген тапсырмаларды қызығушылықпен, белсенді орындайды. Оқушылардың қызығушылықтарын туғызатын ойындардың бірі – дидактикалық ойындар. Әртүрлі заттарды қолдану арқылы сұрақтар қойып, затты көрсетіп, түсіндіріп, диалогқа түсу арқылы жүзеге асады. Жаңа тақырыпты түсіндіру, қайталау, жаттығу сабақтарында да пайдалануға болады. Ойындар оқушылардың ой-өрісін дамытып, ойлау қабілетін арттырумен қатар, жаңа тақырыпты тез түсінуіне көмектеседі. Ойындар оқушылардың шығармашылық ойлау қабілеттерін жетілдірумен қатар, сөздік қорларын молайтып, сауатты жазуға да баулиды. Жаңа сөз үйреніп, оның мағынасын біледі.

Ойын арқылы оқушы қиын мәселелерді өз бетінше шеше білуге үйренеді. Оқу процесінде алған білімді нақты істе қолдана бастайды. Жылдам қимылдап,
уақытты үнемдеуге дағдыланады.
Ойын барысында балалар өздерін еркін сезініп, ізденіп, тапқырлық танытады. Ойын – оқушыларды сергітіп, тапсырманы дұрыс, шапшаң орындауға көмектеседі. Сонымен қатар пәнге деген қызығушылығын арттырып, белсенділіктерін оятады. Ойын ойнау кезінде балаға өзі шешім қабылдауды үйретеді. Өзіне деген сенімділігі артады. Ұлы ақын Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» — дегендей, бала өмірінде ойынды ой-өрісін дамытуға қолдана білу қажет.

Нургуль Тажбенова,

№277 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі,

Байқоңыр қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<