Білім: Деңгей мен діттеген меже

1109

0

Жаһандық үдеріс көптеген салада бәсекелестікті күшейту керектігін көрсетуде. Бәсеке болған жерде жаңашылдық орнайды. Алға жылжу, даму, өркендеу болады.

Қазіргі жаһандану заманында бәсекелестік білім саласы үшін өте маңызды.   Себебі,  бүгінгі байлық  пен қол жеткен табысты, жиған білім мен ғылымды  ертеңгі  күнге жеткізетін, әрі  қарай дамытатын ол – өскелең ұрпақ. Осы тұрғыдан келгенде, мемлекетіміз бұл мәселеге ешқашан бейжай қараған емес. Заман талабына сай мамандар дайындап, қазақ білімінің дамуына барынша күш салып келеді. Бұл өз кезегінде мұғалімге артылатын жауапкершіліктің жоғары екенін білдіреді. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білікті мұғалімдер, жан-жақты кемел ұстаздар ғана тәрбиелеп шыға алады. Сондықтан да білімді педогог кадрларды әзірлеу және қалыптастыру мәселелері, соның ішінде ұстаздар біліктілігін жүйелі арттырып отыру – бүгінгі күннің басты талабы. Десе де, өңірде педагог-шеберлердің деңгейінің төмендігі байқалуда. Оны өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов сөз етті. 

− Педагог кадрлардың кәсіби деңгейі мен біліктілігі – білім беру сапасы көрсеткішінің негізі. Алдағы уақытта бала тәрбиесімен айналысатын педагогтердің сапалық құрамына ерекше назар аударамыз. Облыс бойынша педагог-шеберлердің үлесі өте төмен. Бұл – өз кезегінде ұстаздарымыздың белгілі бір деңгейге жетіп, соны қанағат тұтып, әрі қарай ізденбей, одан әрі кәсіби дамуды мақсат етіп қоймауының салдары,− деді ол.

Бұдан былай мектептердің статусына қатысты да өзгерістер енетін болады. Лицей, гимназиялардың жұмысына жан-жақты талдау жасалып, нәтижесі төмен мектептер үшін  нақты шешімдер қабылданбақ. Жуырда өңірде 50-ден астам мұғалімді конкурссыз қабылдаған 26 мектеп директоры анықталды. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының басталғаны белгілі.  Осы оқиғадан кейін  мектеп басшыларына да тықыр таянды. Себебі, ендігі жерде олардың тиімділігіне де бағалау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ педагогтер тарапынан орын алатын келеңсіз жағдайлардың алдын алу және болдырмау мақсатында басқарма жанынан облыстық білім беру мекемелеріндегі педагог қызметкерлердің еңбек ету барысында туындаған мәселелерді қарау және оларды жан-жақты қолдау жөніндегі комиссия жұмысын бастады.

− Бізде 58 лицей, гимназия бар. Оларға орта мектепке қарағанда 1500 сағат артық беріледі. Жалақы жағынан да айырмашылық бар. Егер олимпиада, ғылыми жоба, ҰБТ көрсеткіші орта мектептерден төмен болса, ондай мектептерді статусынан айырамыз. Бізге нәтиже керек, − деді Асқарбек Темірбекұлы.

Білім саласында оң өзгерістер де жоқ емес. Былтыр жаңа оқу жылының басында облыс орталығындағы үш ауысымды оқытуға көшуі мүмкін болған 6 мектептің 4-не 1850 орынға арналған жаңа қосымша ғимараттар пайдалануға берілді. Сонымен бірге Шиелі ауданы Байсын ауылында, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 250 орындық, Жаңақорған кентінде 300 орындық 2 жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Облыс әкімдігінің қаулысы негізінде «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығы» құрылды. Орталық жұмысы балалардың ой-танымын арттыруға, спорттық қабілетін шыңдауға, жасөспірімдер арасындағы түрлі келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталған.

Биыл 7 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Оған қоса шығармашылық академиясының құрылысын бастау жоспарлануда. Психологтардың кәсіби біліктілігін арттырып, әдістемелік қолдау бағытында облыстық психологиялық қолдау орталығы да өз жұмысын бастайды.

Облыста 28 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар. Онда 20213 студент 94 мамандық, 158 біліктілік бойынша білім алуда. Бұл бағытта да алға жылжу байқалады.

Өткен жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, пилоттық жоба ретінде Қазалы және Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі базаларында жалпы орта мектептердің 10-11 сыныбының 46 оқушысы үшін жұмысшы біліктілігі бойынша эксперименттік білім беру бағдарламасы енгізілді. Нәтижесінде  енді мектеп бітіруші аттестатпен бірге диплом алып шығады.

− Бұл жоба біріншіден, білім алушылардың мамандық иесі атанып, еңбек нарығына ерте араласуына мүмкіндік берсе, екіншіден, қоғамда жұмысшы құзыреттілігінің беделін көтеріп, жастардың қызығушылығын арттырады,−деді А.Есжанов.

Бүгінде колледждерде кәсіпорындардың сұранысы бойынша мақсатты даярлау енгізілуде. Бұл үшін кәсіпорын колледжбен шарт жасасады. Сондай-ақ білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысып, студенттерден қорытынды емтихан қабылдау арқылы оны практикадан өткізіп, бітірген соң жұмысқа орналастыруды өз міндетіне алады.

БАҚ өкілдерімен болған жиында басқарма басшысы алдағы уақытта да міндеттерді орындап, жүйеленген жұмыс нәтижесін көрсететіндігін айтты.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<