Білім мен ғылым – бүгін мен болашақтың бағдаршамы

463

0

Кез келген саланың тірегі – білім мен ғылым. Себебі барлық мамандыққа кадр даярлайтын білім жүйесі болса, барлық саланың сапалық өнімділігі мен жалпы дамуын жіті зерттейтін – ғылым. Ұстаздар мерекесі қарсаңында осы қос саладағы негізгі жаңалықтар мен енгізілген өзгерістерге тоқталдық.

Сапалы білім саф алтыннан қымбат

Биыл білімнің жаңа көкжиегін игеруге, тың ізденістер мен жаһандық мақсаттарға ұмтылған үш миллионнан астам жас өреннің алдында жаңа мүмкіндіктер ашылды. Елімізде 130 мыңнан астам оқушы су жаңа мектептерде оқуды бастады. Ауылдық жерлердегі білім деңгейін дамытуға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Мәселен, 1 мың ауыл мектебі қайта жаңғыртылып, пәндік кабинеттер ашылды, кітапханалар мен асханалары, жиһаздары жаңартылды. Айта кетсек, биыл алғаш рет ауыл мектептері арасында республикалық олимпиада ұйымдастырылады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, мұның бәрі отандық білім сапасын арттыру, балалар үшін қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынған.

2023 жылы елімізде 366 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барды. Ал 11 сыныптағы 188 мың оқушы үшін бұл алтын ұяның қабырғасындағы соңғы жыл.

Еліміздің мектептерінде 350 мыңнан астам педагог еңбек етеді, оның ішінде 220 мыңнан астам педагогке аттестация қорытындысы бойынша тағайындалған біліктілік санаты үшін жалақысына үстеме ақы төленеді.

Мысалы, педагог-шеберге 50%, педагог-зерттеушіге 40%, педагог-сарапшыға 35%, педагог-модераторға 30% үстеме ақы қосылады. Еліміз бойынша барлығы 73820 педагог-модератор, 81168 сарапшы, 71141 зерттеуші, 3482 шебер бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 4 жыл ішінде педагогтердің жалақысы 100%-ға, яғни, екі есеге артқан. Сондай-ақ 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру педагогтерінің еңбекақысы 30%-ға көбейген.

Оған қоса, осы жылы алғаш рет колледж студенті атанған 190 мың жас үлкен өмірге алғашқы қадам басқан. Қуантарлығы, қыркүйектен бастап колледж студенттерінің стипендиясы 50%-ға өсті.

Осы тұста айта кетейік, мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, республикада Ұстаздар күні осы уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.

Мұғалімдер күні – білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі аталып өтіледі. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 556 мың педагог еңбек етеді. Олар берген білім – бүгінге бағдаршам, болашаққа баспалдақ. Сол үшін де сапалы білімнің құны құйма алтыннан қымбат.

Ғылымдағы басым бағыттар

Қазақстанда құстың қос қанатындай болған білім мен ғылым қатар дамуда. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те жоғары білім беруді жақсартуға бағытталған 4 басым бағытты атап өтті.

– Біздің міндетіміз – жан-жақты және сапалы білім беруді қамтамасыз ету және келесі басымдықтар – инфрақұрылым және цифрландыру. Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 626 мың студент оқиды, сондықтан жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын дамытуға және цифрландыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жыл сайын жаңа ғимараттар, жатақханалар салынуда. Осы мақсатта өңірлерде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары да ашылуда. Бұл жоғары білімнің сапасын арттырып қана қоймай, алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарды ескере отырып, қолданыстағы оқыту жүйесін өзгерту үшін қажет. Тағы бір стратегиялық маңызды міндет – Қазақстан ғалымдарының қауымдастығын кеңейту бойынша жұмыс жасау. Жас ғылыми қоғамдастық үшін мәдени компонент құру, бұл үшін оларға күшті мотивация қажет. Мәселен, 2023-2025 жылдары тек ғылым мен грантты қаржыландыруға, бағдарламалық-нысаналы, тікелей гранттарға шамамен 650 млрд теңге бөлінді, – деді ол.

Биыл 73 мыңнан астам грант (бакалавриат) бөлінді, 2017 жылы бөлінген грант саны 38 мыңнан астам болған. Сондай-ақ үш жыл ішінде бір білім алушыға жұмсалатын қаражат көлемі 2019 жылғы 420 мың теңгеден 2023 жылғы 1 млн теңгеге дейін өскен.

Өңірдегі бірегей бастамалар

Ал Сыр өңірі де білім саласын дамытуда тартынып қалған емес. Жаңа мектептер, жетістіктер, білімге құйылған қаржы көңіл көншітеді. Облыста 319 мектеп болса, оның 295-і мемлекеттік, ал 24 мектеп-жеке меншіктегі білім ұйымы. Осыған орай, жаңа оқу жылында аталған мектептерде 180 мыңнан астам оқушы табалдырық аттаған еді.

Мемлекет басшысының үлкен қолдауының арқасында өңірімізде сапалы білім ұйымдарының саны едәуір артқан. Сондай-ақ, аймақ басшысының тікелей қолдауының арқасында биыл «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында физика-математика бағытындағы мектеп-интернатының құрылысы басталды. Бұл жобаның жалпы құны 7,9 млрд теңге. Қаланың сол жағалауында «ҚазГерМұнай» компаниясының қаржылай қолдауымен 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы салынады. Бұл жағымды жаңалықтар білім саласына зор серпіліс беретіні анық.

Жылдан-жылға қаладағы мектептерде бала саны көбейіп келеді. Тиісінше, мектептердегі орын тапшылығы айтарлықтай сезілуде. Бұл өзекті мәселені шешу мақсатында облыс орталығындағы 1850 балаға арналған 4 мектептің жанынан қосымша ғимарат салынып, нысандар жаңа оқу жылында балаларды қабылдады. Бұдан бөлек, мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін соңғы үлгідегі бейнекамералар алуға жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөлінген. Облыстағы білім ұйымдары оқулық және оқу-әдістемелік құралдармен 100 пайыз қамтылған.

Биыл алғаш рет 1-4 сыныптарда оқитын 70 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылды. Бұған жергілікті бюджеттен 5,5 млрд теңге қаралған. Ал 5-11 сыныпта оқитын әлеуметтік көмекті қажет ететін 17 мыңға жуық оқушының ыстық тамағына 3,3 млрд теңге бөлініпті.

Одан бөлек, әлеуметтік жағдайы төмен 37087 баланы бір реттік қаржылай көмекпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінген. Әртүрлі себептермен қаржылай көмекке ілінбей қалған оқушыларға демеушілер тарапынан көмек көрсетілуде. Бүгінде 7421 балаға қажетті құралдар мен мектеп формалары табысталыпты.

Сондай-ақ, жаңа үлгідегі 30 автобус шалғайдан қатынайтын оқушылардың игілігіне қызмет етеді. Балаға бар қамқорлық жасап жатқан өңір ендігі кезекте оқушылардан сапалы білім, үздік нәтиже ғана күтеді. Бұл тұрғыда ұлағатты ұстаздарымыз да аянып қалмасы анық.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<