БІЛІМДІ ҚОЛДАУ – БОЛАШАҚТЫ ОЙЛАУ

463

0

Биылғы білім күнінің де базарлығы аз болған жоқ. Облыстағы барлық білім ордалары алғашқы қоңырау салтанатын ерекше көңіл-күймен атап өтті. Әсересе Жаңақорған, Қазалы аудандарында 300 орындық жаңа мектептердің ашылуы ұстаздар мен оқушылардың, ата-аналардың қуанышына қуаныш қосты. Соның ішінде Жаңақорған ауданында 2 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның бірі – Түгіскен ауылында салынған 300 орындық №256  мектеп.
Жаңа оқу ғимаратының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысып, аймақта әлеуметтік саланың дамуына баса назар аударылып келетінін атап өтті.
«Биылғы жыл Түгіскен ауылының тұрғындары үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Мамыр айында ауылда 140 балаға арналған балабақша және спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілген еді. Бүгін жаңа мектептің ашылуы. Жалпы, аймақта әлеуметтік салаға басымдық беріліп, бірнеше жылдан бері облыстық бюджеттің ауқымды бөлігі осы жүйедегі жобаларды қаржыландыруға жұмсалуда», – деді Руслан Рүстемұлы.
Осындай  300 орындық мектеп Жаңақорған кентінде де іске қосылды. Атап өтейік, Жаңақорған ауданында биыл 4 білім ошағы пайдалануға берілетін болады. Бұған дейін ауданның Қожамберді ауылында 200 орындық №162 мектеп ашылған болатын. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Аққұм ауылындағы 100 орындық білім ұясының да құрылысы аяқталады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынған мәлімет бойынша облыста соңғы 5 жылда 45 білім ошағы,  оның ішінде 37-сі апаттық мектептің орнына салынған. Жыл соңына дейін Арал қаласында 300 орындық және Қызылорда қаласында 600 орындық мектеп ашылады.
«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<