Ерте жастағы балаға ертегінің пайдасы мол

70

0

Бүгінде балаға ертегі оқып беретін әже мен ата да, ата-ана да азайды. Ыбырай Алтынсарин «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады», – дейді. Ағартушының жиырмасыншы ғасырда айтқан бұл ойы, бүгінгі күні де өзекті.
Себебі Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегінде баланың өмірі үшін ерте­гінің маңызы зор екендігі айтылады. «Бала ертегіні жан тәнімен тыңдайды. Ертегіге шын көңілмен сенеді. Бала құрғақ ақылды ұқпайды, жандандарып, суреттеп алып келсең ұғады. Мысалы, балаға өтірік айтпа деген құрғақ сөзің желге айтқанмен бірдей. Егер, сен балаға өтірікші туралы ертегі айтсаң, сол ертегіде өтірікшінің өтірігі үшін қор болғанын, зиян көргенін сезінсе, міне, бала өтірік айтпау керек екендігін сонда ұғады», – дейді жазушы. Расымен де баланың қиялын ұштайтын – ертегі әлемі. Әсіресе бастауыш сынып оқушылары түрлі ертегілерді мұқият тыңдап, өздері де құрастырғанды ұнатады.


Ертегі – баланың тілін жаттықтырады. Ертегі кейіпкерлерінің басынан өтетін оқиғалары арқылы бала күнделікті өмірінде болып жатқан оқиғаларды талдай білуді және әлемді түсінуді үйренеді. Ертегілік әлем түсінуге жеңіл: жақсы мен жаманның арасы анық. Сонымен қатар баланың ойлау қабілетінде маңызды нәрселер де көрініс табады. Яғни, жомарттылық пен сараңдық, жақсылық пен жамандық, менмендік пен бауырмалдық деген мәселелер көтеріліп, негізгі идея ретінде баяндалады. Балалар өздерін ертегі кейіпкерлеріне теңеп, соларға еліктейді. Өзіне ұқсас кейіпкерді, бейсаналы түрде таңдап, соның әрекеттерін қайталауға тырысады. Жалпы ертегілер тәрбиенің негізгі құралы болғандықтан, оқитын ертегіні таңдауда мұқият болған абзал.

Ертегі оқу – баланы тыныштандырып, позитивке бағыттаудың әдісі. Бала ешуақытта негативті көңіл-күйде ұйықтамауы керек. Ертегінің соңы жақсы аяқталуы керек екенін де ескеріңіз. Ертегіде жақсылық жамандықты жеңіп, бас кейіпкер батыр атанып, бәрі өз орнына келеді. Бұл баланы өмірде бәрі жақсы болатынына, позитивті ойлауға дағдыландырады. Бұл бала үшін өте маңызды екенін ұмытпағайсыз. Ертегі кейіпкерлерінің суретін бояу, сурет салу, қай ертегі кейіпкері екенін табу секілді әдістерде пайдалы. Әсіресе ертегі туралы сабақтарда аудио және видео қолдану тиімді. Бала кейіпкердің даусынан-ақ қай ертегі, образы қандай екенін аңғаратын болады.

Сондықтан да күнделікті сабақ барысында ертегіні пайдаланар болсақ, баланың мінез-құлқына, сезімталдығына әсер етіп, дұрыс тәрбиелеуге үлес қосамыз.

Айгуль Суюндикова,

Жанқожа батыр атындағы №269 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі,
Қармақшы ауданы, Төретам кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<