КӘСІБИ БІЛІМНІҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ

473

0

Аймағымызда аграрлық саланың орны айрықша. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандарға қашанда сұраныс жоғары. Бұл тұрғыда  И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің сапалы мамандар даярлауда өзіндік қалыптасқан тәжірибесі бар. Айталық, бүгінгі таңда колледждің күндізгі және сырттай бөлімдерінде 2044 студент, оның ішінде республикалық бюджет есебінен 114, жергілікті бюджет есебінен 1116, ал келісім-шарт негізінде 814 студент оқиды. Жалпы колледжде 37 мамандық бойынша білім алуға мемлекеттік лицензия берілген болса, қазіргі таңда 26 мамандық бойынша орта буынды мамандар даярлануда. Ал оқу орнында дәріс беретін оқытушылардың 60 проценті жоғары және 1ші санатты педагогтар.
 Колледж 2013 жылдан бері дуальды оқыту жүйесі бойынша жұмыс жасап келеді. Білікті мамандар даярлауда материалдық техникалық базаны нығайту мақсатында 2016 жылдан бастап Қазақ Ұлттық аграрлық университетімен ынтымақтастық аясында бірқатар байыпты шаралар атқарып келеді. Оның бір көрінісі – кең ауқымды оқу-ғылыми-өндірістік орталығы.
Бүгінгі таңда мұнда еңбек нарығының қатаң талаптарына сәйкес жастардың жұмысшы мамандығынан бастап жоғары білімді маманға дейінгі кәсіби білім алуына қажетті жағдайлар қолға алынды. Бұған дейін орта кәсіптік мамандар даярлап келген колледж, нақты кезеңде жұмысшы мамандар даярлаумен бірге, қолданбалы бакалавриат оқу бағдарламасын әзірлеп, 3 деңгейлі білім беру жүйесінде маман даярлау бастамасын енгізіп отыр.
               Ғ.ӘБІЛДА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<