Мердігерлердің жауапсыздығынан мектеп пайдалануға берілу мерзімінен кешіктірілуде

565

0

  Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков «Мердігерлердің жауапсыздығынан Жаңақорған ауданы, Аққұм ауылындағы 100 орындық мектеп пайдалануға берілетін мерзімінен кешіктірілуде», – деп хабарлады. 

Басқарма басшысының айтуынша, мектеп құрылысының бас мердігері «Нұрым» ҚК» ЖШС нысанды ағымдағы жылдың шілде айында тапсыру керек болған. Дегенмен, құрылыс кестеден қалыс қалып, оқу жылының басында дайын болмай отыр.

«Мектептің құрылыс жұмыстары кесте бойынша былтыр басталды. Жұмыстың бастапқы кезеңі уақытылы жасалды, бірақ 2018 жылғы жұмыс қарқыны бәсеңдеді», –  дейді М.Әлсеріков.

Басқарма басшысының айтуы бойынша, қазіргі таңда жұмыс көлемінің 85%-ы орындалды,  абаттандыру, көгалдандыру және технологиялық жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталмай отыр.

«Қоймаға заттар жеткізілгенімен мердігірлер жабдықтардың орнатылмауына байланысты әрлеу жұмыстарын уақытында бітіріп үлгермеді. Кестеден кеш қалуларына қатысты бірнеше рет ескертіліп, атап айтқанда мердігерге 3 хат, техникалық қадағалау инженеріне бір рет хат жолданды. Қазіргі таңда, мемлекеттік сатып алушының жауапсыз әрекеті үшін сотқа беріп, сонымен қатар айыппұл төлетіп, құрылысты аяқтауды міндеттеуге қатысты сот ісі басталды»,- дейді М.Әлсеріков.

Оның айтуынша, құрылыс және қабылдау жұмыстары ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында аяқталады.

Облыстық білім  басқармасы бастығының орынбасары Құралай Ерташованың айтуынша, құрылыс аяқталғанға дейін сабақ оқу процесіне жарамды ескі мектеп ғимаратында өткізіледі.

Еске салайық, осы жылдың қаңтар айында Жалағаш ауданы, Шәменов кентінде 300 орынға арналған №34 мектеп апаттық жағдайда деп танылды. Бұл аймақтағы жалғыз апаттық мектеп болып табылады. Осы мектептің мәселесін шешу үшін қазірдің өзінде жаңа мектептің құрылысына қажетті жер беріліп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық бюджеттік комиссияның биылғы жылғы қарауына ұсынылды. Республикалық бюджеттік комиссияның оң шешімімен мектептің құрылысы биыл басталады деп жоспарланып отыр. Бұған дейін оқу процесі бұрынғы мектептің сабақ өтуге жарамды кабинеттерінде 2 ауысымда жүргізілетін болады.

Соңғы 5 жылда өңірде 37 апаттық мектептің орнына  45 мектеп салынған. Жаңа оқу жылында Қазалы және Жаңақорған аудандарында 300 орынға арналған жаңа мектептер пайдалануға берілді. 2017-2018 оқу жылында облыста Қармақшы және Жаңақорған аудандарында 3 білім ұясы жұмысын бастаған болатын. Бұдан басқа, жылдың соңына дейін Аралда 300 орынға және Қызылордада 600 орынға арналған мектептер салынады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<