Мұғалім мәртебесін көтерудің барлық алғышарты жасалды

778

0

Қоғамда ең құрметті саналатын мамандық иелері – Мұғалім күні қазан айының бірінші жексенбісінде аталып өтіледі. Кәсіби мереке қарсаңында облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет пен газет тілшісінің әңгімесі ауқымды саланың қазіргі тыныс-тіршілігі мен алдында тұрған міндеттерін қамтыды. 

– Мейрамбек Зинабдинұлы, Жаңа оқу жылының басталғанына небәрі бір ай өтті. Мектеп табалдырығын аттаған бала саны жылдағыдан өскенін білдік. Балабақшамен қамтылу көрсеткіші қандай?

– Ең алдымен барша ұстаздар қауымын мерейлі мерекемен құттықтаймын. Иә, биыл бірінші сыныпқа облыс бойынша 18 461 бала қабылданды. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушылар саны 3 мыңға артып,  294 мемлекеттік, 16 жекеменшік мектепте 180 мың оқушы білім алуда. Аймақтағы 679 балабақшада 50 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. 603-тің 162-сі (15847 бала) – мемлекеттік, 441-і (24 350 бала) – жекеменшік балабақша. 1-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылуы 80%, 2-6 жастағы балалардың қамтылуы 86,4%, 3-6 жастағы балалардың қамтылуы 97% құрап отыр.

– Биыл мектептер құрылысына қатысты біршама мәселе орын алды. Облыс басшысының пәрменді талабымен бірқатар жұмыс қалыпқа келгендей. Жалпы біз мектеп тапшылығын, үш ауысыммен оқу мәселелерін қай кезде реттей аламыз? Бұған байланысты болжамдарыңыз қандай?

– Жаңа мектеп салу, апатты және үш ауысымды жою – білім саласындағы басым бағыттардың бірі. Облыста 4 апатты мектеп болса, биыл 3 мектептің мәселесі шешімін тауып отыр. Қазалы ауданындағы  №94 мектептің жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Осының нәтижесінде келесі жылы 4 апатты мектептің мәселесі толықтай шешіледі. Биыл облыста 6 мемлекеттік мектепті пайдалануға беру жоспарланған, оның 1-уі жаңа оқу жылында берілді, қалған 5-ін жыл соңына дейін ел игілігіне табыстаймыз.

Жыл сайын қала мектептерінде орын тапшылығы болады. Бүгінде үш ауысым проблемасы туындап отырған 6 мектеп бар. Оны Әл Фараби шағын ауданындағы №261, Досан ауылындағы №280 мектептерде оқитын балаларды «Бәйтеректегі» биыл пайдалануға берілетін 600 орындық мектепке тасымалдау арқылы шешу жоспарлануда. Ал, қаладағы «Абай» және №101 мектептердегі орын тапшылығын жою үшін биыл қосымша құрылыстар басталды, келесі жылы пайдалануға береміз. №3, №264 мектептерге қосымша ғимарат салу бойынша жоба-сметалық құжаттар әзірленді, алдағы жылы құрылысын бастау көзделуде. Осылайша, 2024 жылы Қызылорда қаласындағы үш ауысымдық мектеп мәселесі шешіледі деп жоспарлап отырмыз.

Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Жобаның басты міндеті –  үш ауысымды және апатты мектептердің проблемасын түбегейлі шешу. Оқушылардың өсу динамикасы, апатты мектептерге жүргізілген талдау нәтижесімен Оқу-ағарту министрлігіне алдағы үш жылда 11 мыңнан астам орынға арналған 15-тен астам мектептің құрылысын салу туралы ұсыныс берілді.

– Жаңа оқу жылының жаңашылдықтары турасында кеңірек айтып берсеңіз… Мектеппен бірге колледждердегі оқу үдерісіне де өзгеріс енді ме? 

– Біріншіден, оқу жылының ұзақтығы бұрынғыдай 34 емес, 36 апта болды. Бұл оқу материалын бекітуге және пысықтауға арналған уақытты ұлғайтуға, балаға күніне жүктемені 7-8 сабақтан 5-6 сабаққа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты балаларда қосымша білім алу, сабақтан тыс уақытты тиімді пайдалану мүмкіндігі болады.

Сондай-ақ, барлық мектептер, соның ішінде лицейлер, гимназиялар, мамандандырылған мектептер де бес күндік оқу аптасына ауысады. Екіншіден, қазіргі қолданыстағы мектеп бағдарламасына түзету енгізіледі. Барлық сыныптарда «Өзін-өзі тану» пәні үлгілік оқу жоспарының инвариантты компонентінен алынып тасталды. Енді қазақ тілінде оқытатын мектептерде 1-сыныптан бастап тек қазақ тілі, орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ және орыс тілдері оқытылады. Қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілі 2-сыныптан басталады. 

Аймақтағы 30 колледжде 20 мыңға жуық студент білім алуда. Еңбек нарығының сұранысына сәйкес жұмысшы және орта буын мамандар дайындалады.

«Жас маман» жобасымен 10 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылса, «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 5 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізілді.  Жобаға қатысатын 10 колледждің тізімі анықталып, кадрлар даярлау бағыттары нақтыланды. ҚР Білім және ғылым министрлігі осы колледждердің материалдық-техникалық базасын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге қаржы бөлініп, оқу-өндірістік шеберханалар мен зертханалар жабдықталды.

Министрлік былтыр қосымша 110 млн теңге қаржы бөліп, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжіне және Қармақшы аграрлы-техникалық колледжіне қажетті жабдықтар сатып алынды. Жобаға қатысушы колледждер 5 жылға арналған стратегиялық даму жоспарын әзірлеп, «Талап» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен келісе отырып, бекітті. Оқу жылынан бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бойынша академиялық дербестік беру, модульдік-кредиттік технология негізінде білім беру және «Жас маман» жобасы бойынша әзірленген  54 бағдарлама негізінде мамандар даярлау бағыттары бойынша оқу бағдарламалары мен жұмыс оқу жоспарларын әзірлеп, білім беру жүйесіне енгізді.

Сонымен қатар, биыл ауыл шаруашылығы саласына қажетті кадрлар даярлайтын колледждерге шаруашылық мақсаттағы жер алу мәселесін аудан әкімдерімен бірлесіп пысықтайтын боламыз.

– Биылғы «Балалар жылында» өңірде жасалып жатқан жұмыстардан, игі бастамалардан хабардармыз. Дегенмен атаулы жыл аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы тарқатып айтып өтсеңіз…

– Өскелең ұрпаққа жасалып жатқан қамқорлық бір жылдың ауқымымен шектелмейді. Балалар жыл он екі ай үлкендердің көз алдында, елінің қамқор құшағында болуы тиіс. Биыл қала сыртындағы 10 лагерьдің жұмысы жүйелі ұйымдастырылды. 7 ауысымда 8 мыңнан астам бала тынықты.

Жұмыс кестемнің тығыздығына қарамастан, қат-қабат шаруаның арасында уақыт тауып, отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылына, мемлекеттік және жеке мектептер, Оқушылар үйіне барып балалармен кездестім. Шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларда жүрген балалардың бал-бұл жанған жүздерін көріп, бұл бағыттағы еңбегіміздің еш кетпегеніне көз жеткіздім.

Жаңа оқу жылында Қызылорда қаласында 2 жеке мектеп – «Orda School», «Baiterek Sсhool», Арал ауданында апатты №71 мектептің жаңа ғимараты, денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. «Атамекен» балалар ауылының түлектеріне Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім гранты табысталып, 45 балаға «Қамбаш» лагеріне жолдама ұсынылды.

Атаулы жылды атап өту және ұйымдастыруға кәсіпкерлер белсенді қатысуда. Балаларды қорғау күні 5 мың баланың қатысуымен өткен шарада пәндік олимпиадаларда жоғары жетістікке жеткен 10 оқушыға соңғы үлгідегі ноутбук, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 20 балаға «Балдәурен» республикалық лагеріне жолдама, 300 мектеп оқушысына велосипед сыйға тартылды. Қызылорда қаласында 50-ге тарта, аудандарда 30-дан астам спорттық-ойын алаңы салынуда. Бұл жұмыстардың барлығы демеушілер есебінен іске асырылып жатыр.

Ерекше білім алуды қажет ететін балалар мәселесі де назардан тыс қалмады. 82 білім беру ұйымында (47 балабақшада логопункт, 29 мектепте инклюзивті қолдау кабинеті, 2 аутизм түзету кабинеті, 2 инклюзивті ресурстық орталық, 2 мектеп жанында аутизм түзету кабинеті) арнайы жабдықталған инклюзивтік кабинеттер ашылды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 405 млн теңге қаржы қаралды. Жыл соңына дейін  5 мектеп, 2 дарынды балаларға арналған орталық және Жалағаш ауданында Оқушылар үйі мен Өнер мектебі іске қосылады.

Атаулы жылдың жартысынан астамын еңсердік. Алдымызда осы кезеңді қорытындылау міндеті тұр. Жыл соңына дейін және келер жылы 20-дан аса ірі шара өткізу көзделуде. Атап айтқанда, Арал ауданындағы «Қамбаш» және Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» лагерінде «Сыр дарыны» жобасы жүзеге асырылады. Дарынды оқушыларды жан-жақты дамыту,  олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындау бағытындағы оқыту курстары ұйымдастырылады. Жоба қазан айынан бастау алады, 1-кезеңінде 7-сыныпта оқитын 240 бала қамтылады. «Сыр дарыны» білімділер академиясы дарынды балалардың басын қосып, химия, физика, информатика, математика, биология пәндері бойынша олимпиадаға дайындық курстарын жүргізіп, 1000-ға жуық баланы білім бәйгесіне дайындайды.

– Баланың қосымша білім алуы оның ой-өрісінің, қабілет-қарымының дамуын жақсартатынын білеміз.  Бұл орайда Президент тапсырмасы бар. Қосымша білім берудің көкжиегін кеңейтетін қандай жұмыстар атқарылды?

– Облыста 61 қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды, онда 53 959 бала қамтылған. Мектептерде білім алушыларды домбыра, шахмат үйірмелеріне көптеп тарту олардың мәдени және интеллектуалдық дамуына оң әсер етеді. Биыл осы бағыттағы үйірмелерді дамытуға басымдық беріледі.

– Биыл педагогтар үшін қандай жаңалықтар бар? Аймақта білім беру ұйымдарының басшыларын аттестаттау мен ротациялау қалай жүргізілуде?

– Кейінгі жылдары мұғалім мәртебесін көтерудің барлық алғышарты жасалып, материалдық ынталандыру аясы кеңейіп келеді.  2020 жылдан бастап ұстаздарға қажетті үстемақы төленуде. Биыл да бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 52,4 млрд теңге қаржы бөлінсе, келесі жылы педагог жалақысы тағы 25 пайызға көбейеді. Осылайша Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалып, мұғалімдердің жалақысы 100 пайызға өседі.

Тағы да жақсы жаңалықтардың бірі – үздіксіз педагогикалық еңбек өтіліне 25 жыл толған және одан асқан барлық мұғалімге «Ұстаздық қызметіне адалдығы үшін» төсбелгісі беріледі.

Ал педагогтарды жұмысқа қабылдаудың жаңа тәртібі осы жылдың 1 қаңтарынан енгізілді. Бос орындарға толық жүктеме қалыптасқан жағдайда, ұстаздар ашық конкурстық іріктеу арқылы қабылданады. Жаңа тәртіппен бүгінде 36 маман жұмысқа алынды. Сондай-ақ, педагогтар 3 жылда кемінде бір рет біліктілік арттыру курстарына қатысуы тиіс. Бұл бұрын бес жылда бір рет еді. Бүгінгі күнге дейін 15 729 педагог аттестациядан өтсе, жыл соңына дейін 650-і  аттестацияланады.

Енді ротация туралы айтсақ, облыста 1 елді мекен шегіндегі орналасқан білім беру ұйымдарының басшылары ротациялауға жатады. Бұл бойынша өңірде ұжымды 7 жыл және одан көп уақыт басқарған  55 басшы болса, оның 37-сі ауыстырылды, қалған 18-і жыл соңына дейін ротацияланады. Енді басшыларды тағайындау, аттестаттау, ротациялау рәсімдерін бекітілген тәртіп негізінде жалғастырамыз.

– Биыл Оқу-ағарту министрлігі қаржылай көмек көрсету ережелеріне өзгерістер енгізді. Оған сәйкес қанша ата-анаға балалардың мектеп формасы мен құрал-жабдықтарын алу үшін қаржылай көмек көрсетілді?

– «Мектепке жол» акциясы шеңберінде демеушілер есебінен 7 105 балаға 101 млн теңгеге көмек көрсетілді. Сонымен қатар, 33 268 балаға жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініп, бала басына 37 389 теңгеден қаржылай көмек берілді. Айта кетейін, «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан атаулы әлеуметтік көмек алатын, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайға тап болған оқушыларға қаржылай көмек көрсетілді.

– Мұғалім күніне қандай шаралар жоспарланып отыр?

– Бекітілген жоспарға сәйкес барлық білім беру ұйымдарында әдеби-көркем, ғылыми-танымдық  шаралар басталып кетті. Қала және аудандардағы орталық көшелерге тақырыптық билбордтар орналастырылуда. Жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желілерде құттықтау бейнероликтер, сюжеттер көрсетілуде.

Кітапханаларда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық қызметін насихаттауға бағытталған «Байтұрсынов оқулары» және «Ұлттың ұлы ұстазы» атты кітап көрмелері өткізілуде. Сонымен қатар, оқушылардың, танымал тұлғалардың, мәдениет және өнер, спорт, денсаулық сақтау салаларында жетістікке жеткен азаматтардың арасында «Ұстазыңды құттықта» челленджі басталды.

Негізгі шара облыс әкімінің, ардагерлердің, ұстаздар қауымының қатысуымен 1 қазан күні облыстық драма театрда өтеді. Білім саласының дамуына үлес қосқан ұстаздарды марапаттау, құрмет көрсету және мерекелік концерттік бағдарлама жоспарланып отыр.

– Әңгімеңізге рахмет, кәсіби мереке құтты болсын!

Әңгімелескен

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<