Қызылордалық оқушы халықаралық олимпиададан алтын жүлдені иеленді

648

0

Информатика пәні бойынша жасөспірімдер арасындағы ең беделді олимпиададан С.Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім инновация» лицей-интернатының 9 сынып оқушысы Мансұр Мамадахунов алтын жүлдені иеленді.

Биыл European Junior Olympiad in Informatics (EJOI) олимпиадасына 24 мемлекеттен 96 оқушы қатысқан. Әлемнің үздіктерін басып озып, алғырлығымен дараланған сырбойылық өрен Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында байқаудың қалай өткені жайында айтты.

– 7 сыныптан бастап информатика пәніне қызығушылығым артты. «Білім инновация» лицей-интернатына түскелі біраз уақытымды осы пәнге арнадым. Екі жыл бойы тереңдетілген сабақтарға қатысып, лагерьлерге бардым. Грузия мемлекетінің Кутаиси қаласында өткізілген жетінші Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасында қажырлы еңбектің нәтижесін көрсете алдым деп ойлаймын, – деді жеңімпаз атанған Мансұр Асхатұлы.

Шәкіртке бағдар беріп, тұлғалық дамуға жетелейтін адам – ұстаз. Бұл жетістікке жетуге де елулі үлес қосқан жетекші екені сөзсіз. Мансұр Асхатұлын олимпиадаға дайындаған С.Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім инновация» лицей-интернатының информатика пәнінің мұғалімі Батыр Жарқынұлы оқушысының жетістігі жайлы айтты.

– Бұл олимпиада Еуропа елдерінен келген жас бағдарламашылар арасындағы байқау болып табылады. Жарыс информатика бойынша халықаралық олимпиаданың (IOI) ережелері мен форматы бойынша өтеді. Осы жылы Қазақстаннан 4 оқушы барды. Барлығы жүлделі оралды. Алтынды менің оқушым алса, екі күміс пен бір қоланы басқа өңірдің оқушылары иеленді. Біз бұл олимпиадаға алғаш рет қатысқан жоқпыз. Өткен жылы да қатысып, күміс жүлдені қанағат тұтқан едік, – деді Батыр Жарқынұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<