УНИВЕРСИТЕТ ТАҒЫ БІР ҒАЛЫММЕН ТОЛЫҚТЫ

481

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті 2017-2018 оқу жылын жаңа ғылыми жетістіктермен қорытындылауда. Биылдың өзінде 7  ғалым өздерінің ғылыми жұмыстарын сәтті қорғады. Солардың бірі – осыдан екі айдан астам уақыт бұрын университет жанындағы «Құрылыс» және «Құрылыс материалдары, бұйымдары мен құрастырмалары өндірісі» мамандықтары бойынша докторлық диссертациялық кеңесте «Жергілікті шикізат негізінде мұнай шламын қолдана отырып автоклавсыз газды бетонды өндіру технологиясы» тақырыбындағы диссертациясын қорғаған Н.Сақтағанова. Жуырда оған  ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының бұйрығымен «Құрылыс материалдары, бұйымдары мен құрастырмалары өндірісі» мамандығы бойынша философия докторы дәрежесі берілді.

Наргүл Аманқызының ғылыми жұмысында автоклавсыз газды бетон құрылымының түзілуін және қасиеттерін қарастыру арқылы оның тиімді құрамы табылып, жергілікті шикізат негізінде бархан құмы мен мұнай шламы қосылған ұсақталған  құрғақ қоспаны дайындаудың жаңа технологиясы ұсынылған. Осы технология тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруда өндіріс тарапынан   сұранысқа ие болуда.

Диссертациялық кеңес мүшелері зерттеудің ғылыми жаңашылдығын, ізденушінің ғылымға қосқан жеке үлесін жоғары бағалап,  алынған нәтижелердің практикалық маңызын, экономикалық тиімділігін ерекше атап өтіп, бірауыздан қолдау білдірген болатын.

Н.Сақтағанованың шетелдік  ғылыми кеңесшісі – техника ғылымының докторы, РФ Самара мемлекеттік политехникалық университетінің профессоры Коренькова София Федоровна. Қазақстандық ғылыми кеңесшісі – техника ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Бисенов Қылышбай Алдабергенұлы. 

Қ.Бисеновтің жетекшілігімен университетте ұзақ жылдан бері «Құрылыс және мұнай салаларында қуат және ресурс үнемдеуші технологияларды әзірлеу және өндіріске енгізу» тақырыбында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Өз кезегінде Н.Сақтағанованың ғылыми жұмысы да жоғары тиімділікті қуат және ресурсүнемдеуші инновациялық технологияларды жасау бағыты аясында орындалғанын айтуымыз керек. Іргелі ізденістердің нәтижелері бірнеше халықаралық және республикалық конференцияларда баяндалып, олар бойынша өнертабысқа 2 патент алынып, шетелдік және отандық беделді басылымдарда 16 ғылыми мақала жарық көрген.

Наргүл Аманқызының  еңбек жолы ширек ғасырдан астам уақыттан бері Қорқыт ата университетімен тығыз байланысты. Ол 1992-1997 жылдары «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша жоғары білім алды, 2013 жылы магистратураны, 2016 жылы докторантураны бітірді. Үйренуші-оқытушыдан аға оқытушы қызметіне дейінгі ғылыми-педагогикалық қызмет атқарып келеді. Қазіргі күні инженерлі-технологиялық факультеті деканының орынбасары ретінде университеттің ғылыми-әдістемелік, оқу-тәрбие жұмыстарының сапалы ұйымдастырылуына лайықты үлесін қосуда.

Қали ОМАРОВ,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ

ғылым департаментінің директоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<