Ұстаздық қызмет ұлағаты

794

0

Ұлағатты ұстаз, шәкіртім Қадіркүл Шаймағамбетова өзі туып-өскен отбасында әкесі Бердібектің, анасы Жүрсіннің тәлім-тәрбиесінен халықтық-педагогикалық ұлағат ықпалын балалық, бойжеткен кезінде сезініп өсті. Ауылындағы онжылдықты бітіргеннен кейін Қазақстандағы байырғы жоғары оқу орны Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті) филология факультетіндегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бөлімінде білім алды.

Ғалым-ұстаздарының ықпалымен өзінің педагогикалық еңбек жылдарында әлемдік өркениет кеңістігіндегі, оның ішінде қазақ тарихындағы ағартушылардың жас ұрпақты оқытуға, тәрбиелеуге арналған ғылыми-әдістемелік ұстанымдарын өзіне бағдар етті. Әсіресе, қазақ балаларының білім алуы үшін арнаулы оқу құралдарын жазған ағартушылардың педагогикалық-психологиялық тұтастыққа негізделген оқу-әдістемелік тұжырымдарын қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытудың басты бағдары етіп ұстанды.

Ол орта мектептегі алғашқы еңбек жылдарынан бастап сабақтарын ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің әдістемелік ұстанымына сәйкестендірді. Оның оқытқан пәндерінен сапалы білім негіздерін игерген шәкірттері туған тіліміздің, әдебиетіміздің халықтық-эстетикалық ықпалын меңгерген жетістіктерімен ата-аналарының қуанышына бөленді.

Қадіркүл Бердібекқызы – 2007 жылдан бері Қызылорда қаласындағы №176 орта мектептің директоры. Осы мектептің дәстүрлі даму жетістіктерін жалғастыруға да өзінің білікті басшылық, ұйымдастырушылық қызметімен үлес қосты. Ол педагогикалық ұжымның қазіргі заманғы озық инновациялық технологияларды игерген жаңашылдықпен еңбек етуін, жаратылыстану және қоғамдық-гуманитарлық пәндерді оқытуға көмекшілік жасайтын пән кабинеттерінің ғылыми-әдістемелік сипатпен жабдықталуын, ізденгіш мұғалімдердің теориялық-тәжірибелік біліктілігін жетілдіруін ұйымдастырды. Мектеп басшысы жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес педагогикалық технологиялар негізіндегі цифрлық құзіреттілікпен ұйымдастырды. Мектептің жаңартылған білім мазмұны аясында «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды. «Рухани жаңғыру» орталығымен бірлесе отырып, «Ұлы Даланың жеті қыры», «Ұлттық құндылықтар» бағыттары бойынша оқу-әдістемелік семинарлар ұйымдастырды. Мектептегі деректерді жүйелеген музей «Оқуға құштар ұлт – оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру аясындағы коворкинг орталығы, оқушылардың спорттық жаттығуларына, мәдени-танымдық үйірмелеріне арналған спорт залы, спорт алаңы талапқа сай жабдықталған.

Мектеп директоры – білім алушы шәкірттерінің де, ұжымдағы әріптестерінің де, ата-аналардың да ортақ мүдде бойынша бірлікпен еңбек етуін ұйымдастырушы. Қадіркүл шәкірттердің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларын сараптап 3 шақырым қашықтан қатынайтындарға арналған тегін тасымалдауды жүзеге асырды. Облыс мектептеріне арналған «Серіктес мектеп директорлары» лигасына мүше болып, жаңашыл озат тәжірибелерді жүзеге асыруға ұжымын жұмылдырды. Қаладағы озат ұстаздардың жаңашыл жұмыстарын тарату, насихаттау, тәжірибе алмасу, әріптестік серіктестер тобын ұйыстыру бағдарындағы «Әдістемелік марафон», «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы – 30 кітап» атты қала мектептерінің апталығын ұйымдастырды.

Білім және ғылым министрлігі ұсынған «Оқуға құштар мектеп» жобасының таныстырылымын осында өткізілді. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес кітаптар тізімі ұсынылды. «Серіктес директорлар» лигасының 2020-2021 оқу жылындағы жұмыстарын қорытындылауға арналған «re-Start: Жаңа әлемдегі жаңа мен» тақырыбымен өткен саммитте Қадіркүл «Директордың 10 қателігі» атты баяндама жасады.

Қашықтан оқыту – еліміздің білім беру жүйесінде соңғы жылдары белсенді жүзеге асырыла бастаған ғаламторлық-технологиялық тәсіл. Былтырғы наурыз айынан басталған әлемдік пандемия кезінде мектеп басшысы мұғалімдердің 40 сағаттық «Қашықтықтан оқытуды үйренемін» курсын 100% ұйымдастырды. Оқу үдерісіндегі пән сабақтарының да, тәлім-тәрбиелік іс-шаралардың да жоғары деңгейде өткізілуі – педагогикалық ұжымды да, оны басқарған директорды да жігерлендіре түсті. Қашықтан оқыту кезеңінде №176 мектептің оқушылары әлеуметтік желі арқылы республикалық Оқушылар сарайы, Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы ұйымдастырған «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран», «Абай – дана, Абай – дара» байқауларына қатысты. Бірқатары жүлдегер болды, мектеп мұғалімдері «Алғыс хатпен» марапатталды. Ұжымның педагогикалық еңбек жетістіктері нәтижесінде былтыр Жапония елшілігінің «Шөп тамыры» атты әлеуметтік жобаларға арналған қайтарымсыз грантын ұтып алып, мектеп ғимаратына жөндеу жүргізілгені ата-аналар мен шәкірттерді қуантты. Білікті, білімді жаңашыл басшы мен педагогикалық ұжым бірлігінің сапалы еңбегінің нәтижесінде 2018 жылы кент әкімінің «Ұйымшыл ұжым» номинациясын, 2019 жылы қала әкімінің «Бірлігі жарасқан ұжым» номинациясын, былтыр облыстық кәсіподақ ұйымының «Үздік әлеуметтік әріптес» номинациясын иеленген.

Қадіркүл Бердібекқызы Шаймағанбетова – 40 жылдан астам педагогикалық еңбек ғұмырнамасындағы білімді мұғалімдік, білікті басшылық қызмет жетістіктері үшін лайықты марапаттармен бағаланған көрнекті ұстаз.

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері. «Алғыс хаттар», «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы білімділігімен, әдіскерлік ізденіс нәтижелерімен, мектеп ұжымын басқарудағы білікті басшылық қызметімен халықтың алғысын иеленген Қадіркүл сынды тұлғалар тағылымы ұстаздық қызмет мәртебесін биіктете түсетіні ақиқат. Жарының сенімді серігі, балаларының, әулетінің отанасы, әріптестерінің қамқоршысы Қадіркүл Бердібекқызының өнегелі, сұлу өмір сүру дәстүрі жаңа буын ұрпақтармен жалғаса береді.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<