Волейболдан Манас Толябаевты еске алуға арналған қалалық турнир өтті

686

0

Фото: Қалалық білім бөлімі

Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен №282 мектеп-лицей базасында спорт саласының құрметті азаматы Толябаев Манас Аманбайұлын еске алу құрметіне арналған қаладағы жалпы білім беретін мектеп ұстаздары арасында волейболдан турнир ұйымдастырылды. Турнирге Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы Ерлан Теңізбайұлы мен Манас Аманбайұлының ағайын туыстары, достары қатысты.

– Манас Аманбайұлы көңілі кең, жүрегі жомарт, өте еңбекқор, жан-жақты азамат болатын. Өңірдің спорт саласын дамытуға елеулі үлес қосты. Еңбегін адал атқарған асыл азамат еді. Себебі, оның халқына, еліне деген сүйіспеншілігі, қызметіне деген адалдығы шексіз болды. Жалпы білім – теңіз болса, мектеп – кеме, спорт – адамның салауатты өмір салты, осы бір кең дүниеге шамшырағын жаққан білімдінің алды жарық, арты кемелдіктің сара жолы. Бүгінгі сайысымызда жүлделі орын алған командаларды тағы да шын жүректен құттықтаймын, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Ерлан Теңізбайұлы.

Дода бар жерде мәре бар. Жарысқа қатысуға өз ықыластарын білдірген командалар әдемі ойын өрнегін көрсетті. Тартысты бәсекеде ұстаздар спорттық іс-шаралардың, тек, жанкүйерлері ғана емес, белсенді қатысушылары бола алатынын іспен дәлелдеді. Ең қызығы әрі қуаныштысы турнир соңына қарай орын алды. Әрбір команда ұйымшылдықпен әдемі ойын өрнегін көрсетіп, қарсылас командалар волейбол сеткасына ұпай салумен болды.

Еске алу турнирінің нәтижесінде жүлделі ІІІ орынды А.Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицей, ал ІІ орынды C.Сейфуллин атындағы №4 мектеп ІТ-лицейдің командасы иеленді.

Қызықты әрі тартысты өткен турнирде үздік шыққан және І орынды №282 мектеп-лицейдің ұстаздары иеленді.

Айта кетейік, жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тағайындаған бағалы сыйлықтарға ие болса, төрешілерге де арнайы сыйлықтар табыс етілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<