«Жас шекарашылар» клубына қабылданды

1547

0

Ұлық мереке қарсаңында облыс орталығындағы М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде «Тәуелсіздігіміздің баянды болуы –айбынды жастардың қолында» атты әскери танымдық кеш өтті. Шарада колледж студенттері ант қабылдап, әскери патриоттық үйірме қатарына қосылды.

Кешке ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Мемлекеттік шекараны күзету бөлімінің бастығы, полковник Ермек Досаев, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бекжан Есенбаев және бірқатар оқу орындарының әскери жетекшілері қатысты.

Алдымен еліміздің мемлекеттік әнұраны орындалды. Шараға қатысушылар саналы ғұмырын елміздің дамуына арнаған халқымыздың біртуар ұлы М.Ықсановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Мұнан кейін колледж студенттері ант қабылдады. Жалпы, ант қабылдау – ежелден келе жатқан маңызды рәсімдердің бірі. Жасөспірімдер «Отан алдында ақтық демім қалғанша адал қызмет етуге ант етемін» деп серт бергеннен кейін «Жас шекарашылар» клубының ресми мүшесі атанды.

Келесі кезекте жас шекарашылар әскери қару-жарақты уақытқа бөлшектеп-жинау, пневматикалық тапанша мен мылтықтан нысанаға көздеп атудан өнер көрсетті. Сонымен қатар колледж өнерпаздары ән шырқап, өлең оқыды.

Айта кетейік, колледж басшылығы «Жас шекарашы» үйірмесін аталған департаментпен бірлесіп 2000 жылы құрған. Клуб студент жастарды отаншылдыққа тәрбиелеп келеді. Нақты кезеңде үйірмеге әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушысы, майор Алтынбек Қабылов жетекшілік етеді. Үйірме тәрбиеленушілері бірнеше мәрте облыстық және республикалық әскери сайыстарда жүлделі орындарды иеленді.

«Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы күштері туралы» Заңында «Отанды қорғау және республика Қарулы күштерінде қызмет ету – Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекет алдындағы конституциялық міндеті мен парызы болып табылады» деп көрсетілген.

Нақты кезеңде ел әскері жаңа қару-жарақпен, техникалармен жаңартылуда. Осыған байланысты жастарды оқыту мен тәрбиелеу міндеті едәуір күрделенді. Қысқа мерзім ішінде қазіргі қаруды меңгеру, Отанының лайықты қорғаушысы болу – жауапты іс. Еліміздегі әрбір жасөспірімі өзін әскери қызметке дайындауға, өз Отаны алдындағы азаматтық жауапкершілігін кәміл ұғынуға тиісті.

Жиын соңында колледж ұжымы мен қонақтар алғыс хаттармен марапатталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<