Кеше Студенттер сарайында өңірдегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен жүзеге асырылып отырған жастардың әлеуметтік бастамаларын қолдау бағытындағы «Бизнес-инкубатор» жобасы аясында Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенттерінің қатысуымен жиын өтті. Онда жастардың экологиялық және экономикалық тұрғыдағы бизнес-жобаларын үйлестіруші «Enactus Korkyt Ata» командасының жұмысы таныстырылды.
Шарада «Бизнес-инкубатор» жобасының жетекшісі Жандос Оразмаханов команданың жұмысы жайлы жастарға кең көлемді ақпарат берсе, жоба аясында жұмыс жасап жатқан резиденттер өз тәжірибелерімен бөлісті. Мұндағы мақсат – жастар арасында бизнес-идеяларды талқылайтын, сондай-ақ, олардың жаңаша кәсіптік бастамаларын үйлестіретін ашық алаң қалыптастыру. Бұл орайда «Enactus Korkyt Ata» командасының жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарларының жайы сөз болды.
Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеті жанынан ашылған «Бизнес-Старт» орталығы 25 жобаны жүзеге асырып отыр. Оның аясында 80-ге жуық жастың жобасы қамтылған. «Enactus Korkyt Ata» командасы осыған дейін өткен республикалық байқауда 1-ші орын иеленіп, стипендиант атанған болатын. Сондай-ақ, «Zhas Project» жобасында 1 млн теңге грант ұтып алған. Қазіргі таңда «Enactus Korkyt Ata» Германия елінің жоғары оқу орындарында ұйымдастырылып жатқан байқауға қатысып, өз жобаларын қорғап шығуға күш салуда.
Біріккен ұлттар ұйымының құжаттарында бекітілген дамудың 17 бағыты бойынша өз жобаларын ұсынатын «Enactus Korkyt Ata» командасы енді ұлттық байқауда бақтарын сынайтын болады.
Ғазиза ӘБІЛДА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<