Біткен іс пен бастамалар

614

0

Шиелі ауданында мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген игілікті істер жүзеге асырылып келеді. Олардың барлығы халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған. Аудан орталығының іргесінде орналасқан Көкшоқы елді мекенінде үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Құрылыс «Нұрлы жер» мелекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен қаржы қаралған. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары жасалуда. Мұнда екі бөлмелі 12, үш бөлмелі 6 пәтер бар. Жалпы аумағы 1051,4 шаршы метрді құрайды. 

– Ауданда тұрғын үй ке­зегінде 1061 адам тұр. Бұл отбасылардың 962-сі әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар. Оларды тұрғын үймен қамту бағытында нәтижелі жұ­мыстар атқарылып келеді. Ал­дағы уақытта үш қабатты тағы үш үйдің құрылысын жүргізетін боламыз. Сондай-ақ, аудан ор­талығының шеткі аймағынан үш бөлмелі 34 тұрғын үй бой көтереді деп жоспарланып отыр. Таяу уақытта қаржы шешілсе, құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде, – деді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жомарт Бая­ділов. 

Шиеліде аудандық аурухана өткен жылдың соңында пайда­лануға берілді. Алыстан көз тартатын әсем ғимаратта емдеу­дің барлық шараларын атқаруға мүмкіндік жасалған. Оған 5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалып, 2 млрд теңгеге ме­дициналық құрал-жабдықтар жет­кізілді.

Жергілікті мамандардың ай­туынша, кейінгі жылдарда ау­данда денсаулық сақтау жүйе­сінің жұмысын жақсарту бағы­тында нәтижелі жұмыстар атқа­рылуда. Соңғы 10 жыл­дың көлемінде 20-ға жуық меди­циналық нысан жаңадан бой көтерді. Ел игілігіне айналған аудандық аурухана көптеген күрделі оталарды жергілікті ем­деу мекемесінде жасауға мүм­кіндік туғызды.

– Бізде қазір көптеген меди­циналық құрал-жабдық бар. Мә­селен, қызметі бірнеше есе же­тілдірілген лапароскопиялық ота жасайтын видеоқұрылғы, дүниеге жаңа келген нәрестеден бастап ересек азаматтарға дейін қолдануға болатын жасанды дем беру аппараттарын күнде­лікті жұмыс барысында қол­да­­нып келеміз. Сондай-ақ, шала туған нәрестелерді бір­қа­­лыпты жылуда ұстап тұра­тын кю­вездер, ауыр жағдай­дағы нау­қастардың жатуы­на ыңғайлы автоматты түрде көтеріліп тү­сетін функционалды кереуеттен бөлек, аудан медицинасында бұрын-соңды пайдаланылмаған техникалық құрал-жабдықтар ауруханаға жеткізілді, – деді жансақтау бөлім­шесінің меңге­рушісі Берік Бо­латов.

Емдеу орнының ғимараты кең де жарық. Онда науқастарға барлық жағдай қарастырылған. Перзентхана, балалар, жансақ­тау секілді бірнеше бөлімше біріктірілген.

Бидайкөл ауылының да бей­несі жылдан-жылға жақса­рып келеді. Талай Еңбек ері шыққан берекелі ауыл қай кезеңде де осындай жарасымды дәстүрден ажыраған жоқ. Қазір ауылдың кей бөлігіне «көгілдір отын» жетті. Қалғанына жақын арада толық тартылады деген жоспар бар.

Ауылдық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Әділхан Бек­тегенов елді мекендегі бас­тамалар мен біткен іске елдің атынан ризашылығын жеткізді.

– Осындай игілікті істердің нәтижесі ретінде жеке кәсіп­кер Ғалымжан Ерекеевтің де­меушілігімен салынған «Бас­тау» сауықтыру кешенін ай­­­та кетсек болады. Бұрын жер­­­­гілікті тұрғындар үшін бұл орын­далмас арман секілді көрі­нетін. Ауылдағылар да есе­лі еңбек пен табыстан тау тұр­ғызып, берекелі тірліктің қа­занын қайнатып отыр, – деді ол.

Сауықтыру кешені құрылы­сының жалпы құны 180 млн теңгені құрайды. Онда үлкен және кіші бассейн орналасқан. Тереңдігі 1 метрге жуық.

– Қазір кешенде 6 адам еңбекпен қамтылған. Мұнда ауыл жастарының спортпен шұ­ғылдануына қолайлы жағдай жасалған. Келушілер массаж, душ, асхана қызметтерін де пай­далана алады. Бізге келушілер саны уақыт өткен сайын арта түсуде. Көршілес елді мекен тұрғындары мен оқушылары да келіп тұрады, – деді Ғ. Ерекеев.

Бидайкөл ауылындағы та­ғы бір жаңалық – 56 млн тең­геге салынған ашық спорт алаңы. Онда балалардың ойын, жаттығу және футбол ала­ңы орналасқан. Бұл жобаға «Sam­ruk-Kazyna Trust» корпо­ративтік қоры демеушілік жасады.

– Спорт алаңы №148 орта мектептің аумағында орын теп­кен. Бұл оқушылар мен жер­гілікті жастардың салауатты өмір салтын ұстануына үлкен септігін тигізеді. Мұндай орын­дар алдағы уақытта еліміздің әрбір елді мекенінде бой көтереді деген сенімдеміз, – де­ді мектеп директоры Орын­күл Шорабаева.

Елімізде халықтың жағда­йын жақсарту бағытында көп­те­ген келелі істер атқарыл­ды. Олардың әрбірі ауыл ажа­рын кіргізіп, ауқымды жоба­ларды айшықтай түсті. Кешегі мен бүгінгі бейнесіне көз са­лып көрсеңіз, ауыл өмірі өрелі өзгерістердің өміршең тыны­сын айшықтай түседі. Бұл елі­міздегі береке мен бірліктің жарасымды үрдісін айғақтайды.

Шиелі ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<