Кез келген бағдарлама бірінші кезекте халықтың табысын арттыруға бағытталуы тиіс – Әлихан Смайылов

613

0

Жаппай тәртіпсіздіктер салдарын жою бағытында республикалық және жергілікті бюджеттерден шығынды өтеу үшін тиісті қаражат бөлінеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атамекен» палатасы мародерліктен зардап шеккен бизнес субъектілерінің тізілімін жасады. Жаппай тәртіпсіздіктер салдарын жою жөніндегі үкіметтік және өңірлік комиссиялар жұмысын аяқтағаннан кейін республикалық және жергілікті бюджеттерден шығынды өтеу үшін тиісті қаражат бөлінеді. Сонымен қатар бизнеске түскен ауыртпалықты азайту үшін 2022 жылғы 1 ақпанға дейін мемлекеттік кіріс органдарының салықтық және кедендік тексерулері мен камералдық бақылау хабарламаларын беру уақытша тоқтатылады», – деді Ә. Смайылов.

Оның айтуынша, «Атамекен» палатасымен бірге Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеп, қабылдау жоспарланып отыр.

«Біз үшін ең басты мақсат – халықтың табысын арттыру. Кез келген жоспар, кез келген бағдарлама бірінші кезекте, халықтың табысын арттыруға бағытталуы тиіс. Басқарудың барлық деңгейінде жұмыстың тиімділігі дәл осы көрсеткіш бойынша бағаланатын болады», – деді Үкімет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары аясында жалақы мөлшері мен жобаларға қатысу мерзімі ұлғаяды. «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры мұқтаж балаларға заманауи және қымбат тұратын медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерді алуына мүмкіндік береді.

«Жалпы бұл Жоспардың іске асырылуы қаңтар оқиғаларынан кейін елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жедел қалыпқа келтіруді қамтамасыз етеді. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдерге аталған Жоспардағы іс-шаралардың орындалуын жеке бақылауға алуды тапсырамын», – деді Премьер-Министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасын таныстырылды. Талқылаудан кейін құжат жобасы бекітілді.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<