АИТВ ешкімді аямайды

770

0

Жастар арасында дерт жұқтырғандар көбейіп барады

Дерт жұқтырғандар көбейіп барады

Коронавирус пандемиясынан бөлек, талай адамның өмірін жалмап жатқан басқа да жұқпалы кеселдер бар. Мәселен, әлі күнге дейін шипасы толық табылмаған, асқына келе соңы СПИД-ке ұласатын адам иммунтапшылығы вирусы. Елімізде АИТВ жұқтырғандар саны екі жыл ішінде екі есеге жуық өскен. Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының 2019 жылы келтірген мәліметінше, Қазақстан бойынша – 24 322, Қызылорда облысында – 112 адамнан АИТВ анықталған. Бұл көрсеткіш биылғы 8 айды қосқанда елімізде 42 мыңнан асып, облыста 205 адамға жеткен. Оған қоса, ең алаңдатарлығы – соңғы уақытта анықталып жатқан жұқтыру деректерінің 90 процентке жуығы үйленбеген жастар.

Дегенмен қазір елімізде АИТВ-мен өмір сүретін, антиретровирустық терапия (АРТ) қабылдайтын адамдардың қатары көбейген. Соңғы бес жылда АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың анықталуы ғана емес, арнайы антиретровирустық ем қабылдайтын жандардың саны ұлғайды. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 73 процентке жетті, пациенттердің 84 процентінде вирустық жүктемесі басылған. Осы арада тоқтала кетуге тура келеді, бұл дерттен құлантаза айықтыратын ем әлі күнге дейін табылмаса да, антиретровирустық терапия оны жұқтырғандардың денсаулығын бір қалыпта ұстауға, өмірді ұзарта түсуге септігі бар.

Вирустық жүктеме – бұл бір мл қанға АИТВ-мен ауыратын адамның қанындағы вирустық бөлшектердің саны. Вирустың мөлшері неғұрлым көп болса, оның серіктестеріне парентеральды (қан арқылы), жыныстық немесе тікелей жолмен (жүктілік, босану, емізу кезінде АИТВ-мен ауыратын анадан балаға) берілу қаупі соғұрлым жоғары болады. Әлсіз иммунитеттің салдарынан пайда болатын кейбір оппортунистік аурулардың туындау мүмкіндігі жоғары, мысалы, туберкулез, пневмоцистік пневмония немесе онкология.

Қазақстандық мамандардың маңызды жетістіктерінің бірі – АИТВ жұқтырған әйелдердің дені сау балаларды дүниеге әкелуі 99,6 пайызға дейін артқаны.

ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың ұйымдастыру әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Қанат Шушаев өңірде АИТВ-ға қарсы кешенді шаралар жүргізіліп жатқанын айтты.

– Аурудың көбеюінің негізгі себебі биыл тестілеу саны 23,6 пайызға артты. Тестілеу саны көбейген сайын жұқтырушылардың да көбейетіні сөзсіз. Тағы бір себеп, АИТВ-ға тұрғындарды тестілеу стратегиясында өзгерістер орын алды. Соның нәтижесінде облыс бойынша барлығы 4000-ға жуық жүкті әйелдің жыныстық серіктестері тексеріліп, олардың арасынан 3 адамнан осы инфекция анықталды. Сондай-ақ, аталған инфекцияны жұқтырған 2 жүкті әйел босанып, нәресте антиретровирусты еммен қамтылды, – деді ол.

Өңірде биыл тіркелген инфекцияны жұқтырған 24 адамның алтауы нәзік жандар болса, он сегізі ер адам. 14-і қала тұрғыны болса, қалғаны аудандардан анықталған. Атап айтқанда, Жаңақорған, Қазалы, Шиелі аудандарында 2 адам ЖИТС жұқтырса, Жалағаш, Арал, Қармақшы аудандарынан 1 адамнан белгілі болған. Ал Байқоңыр қаласынан 1 азамат ауру жұқтырған. Жас шамасына қарай ауру жұқтырушылардың көбі 30 және 40 жас шамасындағы азаматтар.

Жүргізілген эпидемиологиялық зерттеу қорытындылары бойынша біздің облыста АИТВ инфекциясы жастар мен жасөпірімдер арасында 20-29 жас аралығында көптеп тіркелуде және гетеросексуалды, гомосексуалды жыныстық жолмен таралуы эпидемиолог мамандарды алаңдатуда. Соңғы 3 жылда облыс бойынша гомосексуалды жыныстық жолмен таралу басымдық алуда.

– Облыс бойынша АИТВ инфекциясының эпидемиологиялық жағдайын тұрақтандыру мақсатында жастардың және жасөспірімдердің жыныстық тәрбиесіне ата-аналар мен оқу орындарында басты назар аудару қажет деп ойлаймыз. Жастар мен жасөспірімдерге бейберекет, қорғалмаған жыныстық қатынастарға бармауға, үйленгенге, отбасылы болғанға дейін жыныстық қатынасқа түспеу қажеттігін ескертеміз. Бұл – АИТВ инфекциясының және басқа да жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алудың бірден-бір басты бағыты. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолмен жүруге шақырамыз, – дейді ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың эпидемиологиялық бөлім меңгерушісі Салтанат Балықбаева.

Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) ағзадағы қорғаныш жүйесін зақымдайды. Оны жұқтырған адамдардың көпшілігі бірнеше жылға дейін өзінің ауырғанын сезбей, сау адамша жүруі мүмкін. Ауру жұқтырған адам тиісті емін алмаса, уақыт өте келе оның бойындағы бұл дерт асқынып, жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына ұласуы мүмкін. Бұл кезде ағзадағы қорғаныш қабілетінің төмендейтіні соншалық, қарапайым тұмаудың өзі адамды өлімге әкеліп соқтырады.

АИТВ қалай жұғады?

Қанға АИТВ қажетті мөлшерде түскенде жұғуы мүмкін. Құрамында АИТВ-ның жұғатын мөлшері бар организм сұйықтықтары – қан, шәуіт, қынап сұйықтығы, ана сүті. Сілекей, тер, несеп құрамында қоздырғыш жұқтыратын мөлшерде болмайды. АИТВ зақымдалмаған тері арқылы немесе ауа арқылы тұмау қоздырғышы сияқты берілмейді.

Сақтанбай мүшеқапсыз жыныстық қатынасқа түсу кезінде, инъекция құралын бірлесіп қолданғанда, есірткі дайындау құралдарын бірге пайдаланғанда, стерильденбеген дене әшекейлеу (татуировка) және сырға салу құралдарын бірлесіп қолданғанда, бөтен адамның қырыну құралдары мен тіс щеткасын қолданса, жүктілік, босану және емізу кезінде анадан балаға жұғу қаупі жоғары болады.

Оны қол алысу, құшақтасу, достық сүйісу, түшкіру мен жөтелу кезінде, бір ас ыдысын, орамал-төсек құралдарын пайдаланғанда, бір душ пен дәретхананы қолданғанда, бірігіп спортпен шұғылданғанда, бір бөлмеде ауру жұқтырған адамдармен тұрғанда және жәндіктер шаққанда жұқтыру мүмкін емес.

Инфекциясы туралы білмей, басқа адамдарға жұқтыруға болады.

Қазір АИТВ инфекциясының вирусын жоятын ешқандай дәрі жоқ, бірақ ЖИТС-тың дамуын баяулататын дәрі-дәрмектер бар. Жұғудың алдын алатын вакцина да жоқ.

Ауруды жұқтырған немесе жұқтырмағанын білу үшін әуелі қанды арнайы лабораторияда тексеруден өткізу қажет. Ауру жұқтырған адамдардың қанында АИТВ-ға қарсы денелердің (антидене) табылғаны білінеді. Антиденелер – бұл қанға вирус түскеннен кейін жауап ретінде пайда болатын белоктар. Ауруды дер кезінде анықтап, тиісінше ем қолданатын болса, ағзадағы дерттің асқынуын тежеуге, сол арқылы адамның қалған өмірін сапалы да, саналы өткізуге мол мүмкіндік бар. Ол үшін мекен-жайы бойынша емханаға немесе облыстық ЖИТС орталығына келіп дәрігер кеңесін алуға, ақысыз және құпиялық сақталу негізінде АИТВ тестінен өтуге болады. Салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар үшін бұл аурудан сақтануға толық мүмкіндік бар.

Дегенмен, АИТВ/ЖИТС-тың алдын алу мақсатында қаншама бағдарламалар қабылданып, іс-шаралар өткізіліп жатса да нәтижесіз. Себебі, инфекцияның алдын алатын вакцина әлі табылған жоқ. Сондықтан оның алдын алу әр адамның өз қолында. Аты жаман індеттен жастарымызды, болашағымызды қорғауға бар мүмкіндікті жасау қажет. Еліміздегі халықтың кез келген тобының мүшесі алдын алу шаралары жөнінде барынша хабардар болып, қауым болып жұмылған абзал. Кеселмен қарсы күреске жеке өз үлесіңізді қосу үшін сізге белгілі бір ресми ұйымның мүшесі болу міндетті емес. Бұл ауру туралы үнемі хабардар болып, аурудың болдырмау жолдарын сауатты түрде басқа да адамдарға жеткізе білудің өзі жеткілікті.

ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың эпидемиологиялық бөлім меңгерушісі Салтанат Балықбаева АИТВ инфекциясының қасіреті туралы қаншама айтылып жүр­се де, азаймай отырғанына алаң­даулы.

– Бұл дертпен жалғыз емес, бірлікте жұмыла күрессек, алынбас қамал жоқ. АИТВ инфекциясы ол жолдың шеті, өмірдің соңы емес. Байқаусызда от басып жұқтырып алған күнде де дәрігердің кеңесін бұлжытпай орындап, толыққанды айыға алмаса да өмірін ұзартып, қалған өмірін тек жақсылықтарға құруға болады. «Тұңғиыққа қарай берсең, бір күні ол саған қарайды» дейді халық даналығы. Сондықтан, өткенді ойлап өзіңді мүжігенше, келешек ұрпақ сенің қателігіңді қайталамайтындай із бен ой тастау керек, – дейді ол.

Ашық аспанымызға қара бұлт төндірген заман кеселінен арылу, арылту – көкірегі ояу, көзі ашық әрбір азаматтың борышы. Ол үшін жеке бас және қоғамдық тазалықты сақтап, спортпен айналысып, зиянды әдеттерден аулақ болуымыз керек.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<