COVID-19: Әлемдегі ахуал алаңдатарлық

96

0

Бес ай бойы  қорқыныш қамытын кигізген қауіпті дерт елімізде шілденің аяғына қарай біршама бәсеңдегені белгілі. Тамыздың алғашқы онкүндігінде қалыптасқан эпидахуал көңілге ұялап қалған үрейді едәуір сейілтті.  Десе де, әлем елдерінде қос өкпеден қысқан кеселдің беті қайтар емес. Тіпті күн өткен сайын жағдай ушығып барады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Еуропа­да күніне 26 мың науқас тіркеледі. Әсіресе, Франция, Испания, Ита­лияда індет өршіп тұр. Ал Перу­де балалардың  вирус жұқтыр­уы жиілеген. Мұнда  COVID-ке шал­дыққандар саны 560 мыңға жуық­таған. Әсіресе балалар арасында күрт көбейіп барады. Эпидемия бастал­ғалы 23 мыңдай жеткіншек індет ілмегіне ілінсе, 108-і көз жұмған.

Оңтүстік  Корея билігі карантин талаптарын сақтамағандарды бұдан былай сот жүзінде қатаң жазаламақ. Елде жұқпалы індет неше күннен бері дес бермей тұр. Соңғы тәулікте 315 науқас тіркелген.

«Наурыздан бері алғаш рет індет жұқтырғандар саны 300-ден асып отыр. Бұл – аса қауіпті жағдай», – деп атап өтті Оңтүстік Корея Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ким Канг Лип. 

Елдегі қалыптасып отырған эпидахуалға байланысты Оңтүстік Корея астанасы Сеулде маска тағу режимі күшейді. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі РИА Новости агент­тігіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

 Қала билігінің мәліметіне сейкес, соңғы 10 күнде елде COVID-19 инфекциясын жұқтырудың жаңа 2,6 мың дерегі тіркелген. Сеул мэ­риясы қала тұрғындарын маска тағып жүруге міндеттеді. Масканы тұрғындар тек тамақтанғанда шешу­ге рұқсат беріледі. Сонымен бірге сеулдықтар масканы көлік және қоғамдық орындармен қатар ғимарат ішінде де тағып жүруі керек.

Үндістандағы пандемияның қар­қыны да адам шошытарлық күй­де. Айналдырған екі аптаның ішінде індет жұқтырғандар саны 1 мил­лионға өскен, – деп хабарлайды Egemen.kz. 

Пациенттерге ауруханаларда орын жетіспей, дәрігерлер де, адам­дар да абыржулы. 23 тамызда Индия Денсаулық сақтау және отба­сының әл-ауқаты министрінің хабар­лауын­ша, бір тәулікте 912 адам ажал құшып, жалпы індеттен көз жұмғандар саны 56706-ға жеткен.

Елде күнделікті 65 мың мен 70 мың арасында вирус жұқтыр­ғандардың тіркелуі алдыңғы орын­дардағы АҚШ пен Бразилияның көрсеткішін қосқандағыдай болып тұр. Осылайша кете берсе, Үндістан тізімнің ең басына шығуы мүмкін екенін айтады мамандар.

Финляндия үкіметі COVID-19 індеті бәсеңдемей тұрған 10 елмен барыс-келісті қайтадан шектеді, – деп хабарлайды Egemen.kz.  Атап айтқанда, елдің Ішкі істер министр­лігі 24 тамыздан бастап Норвегия, Дания, Исландия, Германия, Гре­кия, Мальта, Ирландия, Сан-Марино, Жапония және Кипрмен арадағы барыс-келістің шектелетінін мәлім­деген. Сонымен бірге Солтүстік Ма­ке­дония мен Турку қаласын жағалаған әуе байланысы да тоқта­тылуы мүмкін. Себебі, осы елдерден келген 40 адамнан вирус анықталған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, шіл­деге қарағанда тамызда финдіктер арасында ауру көрсеткіші ұлғайған. Пандемия жария етілгелі бұл елде 7752 адам ауырып, 334-і көз жұмған.

Түркияда да соңғы күндері коронавирус індетін жұқтырғандар саны артқан. Елдің Денсаулық сақтау министрі карантиндік шараларды күшейту керектігін айтуда. Егер қатаң тәртіпке бағынбаса, күз айларында вирустың екінші толқыны болуы мүмкін екенін де ескертеді. 22 тамыздағы мәлімет бойынша бір тәулікте 1203 адамға COVID-19 диагнозы қойылған. Жалпы індетке шалдыққандар саны 255 мыңнан асады. Қайтыс болғандар 6080 адамды құраған.

Ал еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтың хабарлауынша, елі­мізде 13 наурыз бен 24 тамыз ара­лығында 104713 адам ауырған. 92598-і жазылып шықса, 1523-і қайтыс болған. Қазіргі уақытта ін­детке шалдыққан 10597 науқас ем алуда. Олардың арасында 52 бала бар. Стационарларда 5673 науқас жатса, 4924-і амбулаториялық жағ­дайда ем алуда. Науқастардың ара­сында 309 адамның жағдайы нашар. 1-24 тамыз аралығында  COVID-19-ға ұқсас белгілері бар, бірақ ПЦР  сынамасы теріс нәтиже көрсеткен пневмонияның 22774 жағдайы тір­келді, 258-і қайтыс болса, 4519 адам сауығып шыққан.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз