Кесел кеулемесін десек

473

0

1993 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сүт безі ісігіне қарсы күрес күнін белгіледі. Бұл күнді белгілеудегі мақсат – қоғам назарын осы дертке аудару, жаһандық мәселеге айналып отырған сырқаттың алдын алу, ауруды ерте анықтау, қатерлі дерт жөнінде көпшілікті кеңінен ақпараттандыру.

Елімізде сүт безінің қатерлі ісігі көбейіп барады. Тіпті онкологиялық аурулар арасында таралуы жағынан бірінші орында тұр. 30 жастан асқан әйелдердің 92 проценті сүт безінің әртүрлі ауруларымен ауырады екен. Олар асқынған жағдайда сүт безі обырына ұласады.  Десе де кеуде обырына шалдыққандар арасында  өлім-жітім азайған.

Маммолог мамандардың мәлімдеуінше, Қазақстанда былтыр 5 мыңдай адам осы қауіпті дертке шалдықса, 1400 әйел көз жұмған. Алғашқы сатысында кеуде обыры байқалмайды. Сондықтан оны өткізіп алу қаупі де жоғары. Нақтырақ айтқанда, онкологиялық ауруларды бастапқы сатыда анықтап, емді ертерек бастаса жақсы нәтиже береді және сауығу мүмкіндігі де артады. Қазір Қазақстанда 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер арасында тегін скрининг жүргізілуде. Онкологтарды үрейлендіретіні соңғы уақытта қатерлі ісіктің «жасаруы», яғни, кеуде қатерлі ісігі 35-45 жастағылар арасында жиі байқалуда. Осы орайда мамандар жыл сайын кем дегенде бір рет ультрадыбыстық зерттеу, маммографиядан өтіп, маммологтың консультациясына міндетті түрде қаралып тұру керектігін айтады.

Біздің өңірде де кеуде қатерлі ісігіне шалдығушылар баршылық. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Раушан Бақтыберлинаның айтуынша, биыл 9 айда 99 әйел  есепке алынған. Аурушаңдық көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 12,3-ті құрайды. Ал жалпы есепте тұратындар саны – 900.

– Сүт безінің қатерлі ісігі 40-70 жас аралығындағы әйелдер арасында жиі кездеседі. Ауруды ерте анықтау мақсатында скринингтік тексеру жүргізіледі. Скрининг шеңберінде 40-70 жастағы әйелдерге 2 жылда бір рет сүт бездерінің маммографиясы жүргізіледі. Тіпті аурудың ешқандай белгісі болмаса да, әйелді ештеңе мазаламаса да осы тексеруден анықталып жатады. Статистикаға сәйкес, уақытында анықталған ісік көп жағдайда сәтті емделеді. Бүгінде облыста обырмен 5 жылдан астам өмір сүрген  әйелдер 53,3 процентті құрайды, – дейді ол.

Сүт безі қатерлі ісігі мутация нәтижесінде сүт бездерінің жасушалары бақылаусыз бөлініп, қоршаған тіндерге тарала бастағанда пайда болады. Қатерлі ісікке тұқымқуалаушылық әсер етеді, жүкті болмаған, босанбаған,  қант диабеті, семіздікке шалдыққандар ұшырайды.  Осы орайда мамандар жалпы онкологиялық аурулардың, оның ішінде сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу үшін салмақты бақылауда ұстауға, физикалық белсенді болуға, жеміс-жидекті жиі тұтынуға, саламатты өмір салтын ұстануға және  шақырылған скринингтік тексеруден өтуге кеңес береді.  Олай болса, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеп, маман кеңесіне құлақ түрейік.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<