Медицина: Мемлекет мүмкіндігін халық түгел сезінуі тиіс

1110

0

Бейсенбі күні ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен өңірге келді.  Сапар барысында бірқатар медициналық мекемелерді аралап, жұмысымен танысты. Онан соң «Достық үйінде» тұрғындармен кездесті. Кездесуді жүргізген облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов  алдымен салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Облыстың денсаулық сақтау саласында оң динамика байқалады. Биылғы 4 ай қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштері –  жалпы өлім-жітім 12%-ға, ана өлімі 50%-ға, сәби өлімі 43,4%-ға, туберкулезден болатын өлім-жітім 33,3%- ға төмендегенін көрсетеді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары ауылдық инфрақұрылымды дамытуда жалпы құны 11,2 млрд теңге болатын 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. Одан бөлек, Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана құрылысы басталды. Құны 36,4 млрд теңге болатын нысанның құрылысы 2025 жылы аяқталады, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Сондай-ақ, 2025 жылға қарай Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық ауруханаларын көпбейінді ауданаралық аурухана деңгейіне жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін республикалық бюджеттен 6 млрд теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі күні көпбейінді облыстық балалар ауруханасы 200 төсек орынға арналғанымен, 360 төсек болып үстемемен жұмыс жасауда. Осыған орай, бұрын-соңды облыста болмаған көпбейінді қалалық балалар ауруханасын жергілікті бюджет қаражаты есебінен ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес 200 төсектік перинаталдық орталық салу мәселесі пысықталып, нысан құрылысына 3,7 гектар жер учаскесі бөлінді. Балаларға арналған қалада ғана бар, республика бойынша айтулы «Қамқорлық» оңалту орталығын Арал (Арал, Қазалы аудандары үшін) және Жаңақорған аудандарында (Жаңақорған, Шиелі аудандары үшін) ауданаралық оңалту орталығы қылып ашу жоспарланған. Бұл бастама өз кезегінде 5000-ға жуық ерекше балалардың тиісті оңалту шараларын тұрғылықты жерінде қабылдауға мүмкіндік беретіні сөзсіз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Медициналық ұйымдарды техникамен қамтамасыз етуге биыл 3,4 млрд теңге қарастырылған, оның 72% ана мен бала денсаулығын сақтауға бағытталған.

ҚР Денсаулық сақтау  бірінші вице-министрі саланы дамытуда  мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

–    Мемлекет басшысының халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін біз өткен жылы кешенді жұмыс жүргіздік. Осының нәтижесінде халықтың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштері жақсарды. Қызылорда облысы бойынша халықтың жалпы өлім-жітімі 2021 жылмен салыстырғанда 21%-ға төмендеді, оның ішінде қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім 16%-ға, обырдан 12%-ға, тыныс алу ағзалары ауруларынан 22%-ға төмендегені байқалады. Ана өлімі 30%-ға (2021 жылы – 10 жағдай, 2022 жыл – 6 жағдай), ал нәресте өлімнің деңгейі 5%-ға төмендеді, – деді ол.

Тимур Сламжанұлының айтуынша, өткен жылы онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік туындаған жағдайда тексеру мен емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» енгізілген. Сондай-ақ, елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жолға қойылып келеді. Биыл медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты әзірленіп, бекітілді.

Мұнымен қатар бірінші вице-министр ауылдық денсаулық сақтау саласына арнайы тоқталды. Оның айтуынша, елімізде ауыл мен қала тұрғындарының арасында медициналық көмек көрсетуде теңсіздік байқалады. Ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін былтыр денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралған. Ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін өткен жылы 107 нысан пайдалануға берілген. Жетуі қиын ауылдық елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін жылжымалы медициналық емханалар кеңінен пайдаланылуда. Былтыр облыста 5 жылжымалы медициналық кешен 153 мың ауыл тұрғынына емдік қызмет көрсеткен. Биылғы I тоқсанның қорытындысы бойынша 28 мың адам қамтылса, жыл сонына дейін 180 мың адамға ем-дом көрсету жоспарланып отыр.

– Былтыр ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексерулер енгізілді. Қызылорда облысы ауылдарының 51 мыңнан астам тұрғыны зерттелді, 713 адам динамикалық бақылауға алынды, оларда жоғары қан қысымы, қант диабеті, бүйрек патологиясы белгілері анықталды. Сондай-ақ, аудандық ауруханаларды заманауи компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен қамтамасыз ету  84%-ға дейін жеткенін айта кету керек. Ауыл тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде медициналық ұйымдардың базасында қосымша 72 дәріхана пункті және ауылда 161 жеке дәріхана ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде Үкіметтің  2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілгенін тағы да атап өткім келеді. Ұлттық жоба шеңберінде 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын, оның ішінде Қызылорда облысында 27 нысан салу жоспарда. Оның 16-сы биыл салынатын болады. Сонымен қатар, ұлттық жобада аудандық мекемелерді 965 заманауи медициналық жабдықпен қамтамасыз ету көзделген. Оның ішінде, Қызылорда облысына тиесілі 77 медициналық құрал-жабдық. Сондай-ақ, биыл ұлттық жоба шеңберінде 307 медицина қызметкері, оның ішінде 54 жалпы практика дәрігері, 253 орта медицина қызметкері даярланады. Жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде биыл қосымша 2,4 млн-нан астам ауыл тұрғыны мамандандырылған медициналық көмекпен қамтамасыз етілетін болады, – деп атап өтті ол.

Кездесу соңында сұрақ-жауап, ашық пікір алмасуға кезек берілді.  Тұрғындар өздерін толғандырған  ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. 

Онан соң бірінші вице-министр журналистерге арнап брифинг берді және азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Тимур Сұлтанғазиев жұмыс сапарының екінші күні бірқатар денсаулық сақтау нысандарын аралап, жұмысымен танысты. Атап айтқанда, Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылындағы дәрігерлік амбулатория жұмысымен танысты және жаңадан салынатын дәрігерлік амбулаторияның құрылыс алаңын көрді. Одан кейін Жалағаш  ауданында болып, аудандық аурухана қызметіне қанықты.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<