Конституция

Тарихи кезең. Тағылымды жол

6

0

Фото: Парламент кз

Еліміздің саяси тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі аяқталды.

Жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа конс­титуциялық моделі күшіне енді. Осыған бай­ланысты 1995 жылғы Конституция негізінде қа­лып­тасқан және отыз жылдан астам уақыт бойы қыз­мет атқарған қос палаталы Парламенттің (Сенат пен Мәжілістің) өкілеттігі толық тоқта­тылды. Осылайша, елімізде жаңа саяси-құқықтық кезең басталып, мемлекеттік билік институттары жаңа Конс­титуция талаптарына сәйкес қайта қалыптасады.

Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламенттің ел дамуындағы орнын ерекше атап өтіп: «Пар­ламент әрдайым уақыт талабына тез бейімделіп, қоғам сұранысына лайықты жауап бере алатын жасампаз құрылым болды. Парламент – мем­лекетіміздің басты өкілді органы» деп жоғары баға берді. Осы орайда, Қазақстан Респуб­ли­касының игілігі жолында өз әлеуетімізді жүзеге асыруға мүмкіндік бергені үшін Президентімізге шынайы ризашылығымды білдіремін.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы тәуелсіз Қазақ­станның қалыптасу кезеңіндегі күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдайда құрылған Пар­ламенттің өткен отыз жыл ішінде мем­лекетіміздің орнықты дамуы мен мемлекеттік құрылыстың тұрақ­ты­лығын қам­тамасыз ету жолындағы тарихи мис­сиясын абырой­мен атқарғанын айтты. Сенаттың заң шығару үдерісінің тиімді жұмыс істеуіне және елдегі негізгі реформалардың жүзеге асуына кепіл болған маңызды институт екенін де ерекше атап өтті. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолындағы Сенаттың орны мен рөлін дәл айқындайтын әділ баға деп есептеймін.

Осы тарихи сәттің куәгері ретінде Қазақ­станның заң шығару органының жоғарғы пала­тасында 2023 жылдың қаңтар айынан бастап Сыр халқының аманатын арқалап, Сенаттың VII, VIII шақыры­лымдарының депутаты ретінде қызмет атқару мен үшін үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе болғаны анық. Депутаттық міндетімді жүзеге асыру кезеңіндегі басты мақсатым – мемлекет мүддесі мен халықтың талап-тілегін ұштастырып, Қызыл­орда облы­сының өзекті мәселелерін республикалық деңгейде көтеру, заңнамалық бастамалар ар­қылы еліміздің дамуына үлес қосу болды.

30 жылдан аса тарихы бар Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Сенатының соңғы Төр­ағасы қызметін атқарған Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың мемлекеттік мүддеге негізделген саяси ұстанымы мен стратегиялық көзқарасы Сенат жұмысының мазмұнын жаңа деңгейге көтергенін айту қажет. Ол елдің әр өңірінен сайланған сенатор­ларды ортақ мақсатқа жұмыл­дырып, күрделі заң жобалары мен маңызды мемлекеттік шешімдерді жан-жақты талқылауға ұйытқы бола білді. Әсіресе, Мемлекет басшысы бастамашылық еткен саяси және конституциялық реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамта­масыз ету, қоғам сұранысына сай жаңа заңдарды қабылдау және өңірлердің өзекті мәселелерін мемлекеттік деңгейде көтеру бағытында Сенаттың ықпалы айқын сезілді. Бұл ретте Мәулен Сағатханұлының парасатты басшы­лығы, саяси мәдениеті және келісім мен сабақ­тастыққа негізделген басқару стилі Парламенттің жоғарғы палатасының беделін арттырып, ел мүддесіне қызмет ететін маңызды заңдардың сапалы қабылдануына берік негіз қалады.

Мен үшін бұл уақыт аралығы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты ретінде ел тағдырына қатысты маңызды шешім­дердің қабылдануына қатысып, халық сенімін ақтауға күш-жігерімді жұмсаған жауапты әрі тағылымды кезең ретінде есте қалмақ. Бұл – атқарылған жұмыстарды саралап, ел сенімін ақтауға бағытталған қызметтің нәтижелеріне баға беретін маңызды кезең.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі ретінде білім беру, ғылым, мәдениет, ақпарат, еңбек қатынастары, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және руханият салаларына қатысты маңызды заң­дарды қарауға және жетіл­діруге әріптес­терімізбен бірге белсенді қатыстым. Сол жұмыстардың ең негізгілеріне тоқталып өтейін.

Есепті кезеңде аталған комитеттің мүшесі ретінде он беске  жуық заң  бойынша жұмыс тобын басқардым. Солардың қатарында «Қоғам­дық бақы­лау туралы» Заңын ерекше айтқан болар едім. Аталған заң азаматтық қоғам инсти­туттарының әлеуетін күшейтіп, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталды. Заңды талқылау барысында қоғам өкілдерімен, сарапшылармен және мемлекеттік органдармен жүйелі жұмыс жүргізілді. Заң аясында Қоғамдық бақылауды жеке бір адам да, қоғамдық бақылау топтары да жүзеге асыра алады.

Жалпы қорыта айтар болсақ, «Қоғамдық ба­қылау туралы» Заң жалпы қоғамдық бақылау сала­сын бір жүйеге келтіріп, қоғам өкілдеріне шешімдерді енгізу кезеңінде де, іске асыру кезеңін­де де, нәтижелерді бағалау кезінде де билікті басқаруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор жұмысының «ашық­тығы» деңгейі жоғарылайды, азаматтардың мемлекет істерін басқаруға тартылу деңгейі өседі, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімнің деңгейі жоғарылайды, азаматтардың барлық сындарлы  сауалдарына жедел және тиімді жауап беруге жәрдемдеседі.

Өзім депутаттық бастамашы топтың құра­мында болып, бірге әзірлеген «Қазақстан Рес­публика­сы­ның кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыс­керлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеу­меттік қамсыз­дан­дыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заңы қабылданып, еңбек адам­дары­ның құқық­тарын қорғауға бағытталған маңыз­ды құқықтық тетіктер заңнамалық деңгейде бекітілді.

Қос палаталы Парламенттегі қызметіміздің негізгі бағыттарының бірі – Сыр өңірінің мәселелерін тұрақты түрде көтеру болды. Осы кезеңде облыс әкімі қызметін абыроймен атқарған Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың ұтымды үйлестірушілігімен және Сыр бойынан әр жылдары сайланған Парламент депутаттары А.Әлназарова, Н.Байқадамов, М.Әбенов, М.Ергешбаев, М.Жа­йым­­бетовтермен, орталық атқарушы орган­дар­мен бірлесе отырып, облыс­тың өзекті мәселелеріне республикалық бюд­жеттен қаржы бөлінуіне қол жеткізу бағытында нақты жұмыстарды атқаруға тырыстық.

Осы бірлескен жұмыстардың нәтижесінде өңір үшін аса маңызды бірқатар инфра­құры­лымдық және әлеуметтік жобаларды ілге­рілетуге мүмкіндік туды. Ең негізгілерін атап айтқанда, жаңа тұрғын аудандардың инже­нерлік-ком­муникациялық инфра­құрылымын жүргізу, теміржол өткелін салу, бір­қатар магистральды көшелерді қайта жаңғырту, жаңа көпір мен жол желілерін дамыту, әуежайға кіреберіс автожолды реконструкциялау, жылу желілерін жаңарту секілді ірі жобаларға қолдау көрсетілді.

Сонымен қатар ауылдар мен елді мекендерді ауызсумен, газбен, электрмен қамту, жолдарды, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы бастамалар кезең-кезеңімен шешімін тапты.

Бастысы, бұл бастамалардың барлығы елдің күнделікті тұрмысын жақсартуға, өңірдің инфра­құрылымдық әлеуетін арттыруға және Сыр жұртшылығының көптен күткен нақты мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге қызмет етті. Шындығында да еңбек ырғағын бір сәтке баяулатпаған жерлестеріміздің бірлігімен кел­ген осы жетістіктерді – Сыр жұртшылығы Президентіміз бен Үкіметтің нақты қолдауы деп түсінеді.

Сондай-ақ өз тарапымнан Үкіметке жиыр­маға жуық депутаттық сауалдар жолдадым. Олардың қатарында Сырдағы су тапшылығы, ирригациялық жүйелерді жаңғырту, топы­рақтың тұздануы, Арал теңізінің эколо­гиялық ахуалы, Қызылорда облы­сына бөлінген мұнай экспорты квотасын ұлғайту, бірқатар елді мекендерді ауызсумен қамту, т.б. мәселелер бар. Бұл тақырыптар республикалық деңгейде кеңінен көтеріліп, мемлекеттік органдардың назарын аударды.

Ұлттық құндылықтарды сақтау және рухани дамуды қамтамасыз ету бағытында ұлттық кино өндірісінің сапасын арттыру, ұлттық анима­цияны, қазақ балалар әдебиетін қолдау,  музей ісін дамыту, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқыту әдістемесін жетілдіру мәселелері бо­йынша да бірқатар депутаттық сауалдар жолдап, ұсыныстар енгіздім.

Қоғамдық қызмет аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Ұлттық фильм­дерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәсе­лелері жөніндегі Ведомствоаралық комис­сияның мүшесі ретінде ұлттық кино саласын дамытуға бағытталған жұмыстарға белсенді қатыстым.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған саяси және конституциялық реформаларды қолдау жұмыстарына да белсенді атсалыстым. Жаңа Конституцияны қабылдау, референдум өткізу, саяси жаңғыру үдерістерінің маңызын түсіндіру бағытында республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында көп­теген мақалалар жария­лап, қоғамдық талқы­лауларға қатыстым. Осы бағыттағы еңбегім Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген «Құрмет» орденімен жоғары бағаланды.

Бұдан басқа, еңбек қатынастарын одан әрі жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек саласындағы ұжымдық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» Заң жобасы бойынша депу­тат­тық бастамамыз Мәжілістің қарауына ұсы­нылды. Бұл заң жобасы алдағы уақытта Құ­­рыл­­тай отырыс­тарында қолдау табады деп сенемін.

Парламент Сенатындағы қызметіміз бары­сында Сыр өңірімен байланысымыз бір сәтке де үзілген емес. Оның басты себебі – сол кездегі облыс әкімі, бүгінде Қазақстан Республикасы Премьер-ми­нистрінің бірінші орынбасары қыз­метін атқарып отырған Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берген қарқынды жұмысы еді. Облыста күн сайын дерлік жаңа бастамалар қолға алынып, өндірістік, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатты. Сондықтан әр сапарымызда жаңадан пайдалануға берілген нысандардың ашылуына қатысып, салынып жат­қан маңызды жобалардың барысымен танысып, ел игілігіне бағытталған жұмыстардың куәсі болдық. Облыс әкімінің қала, аудан тұрғындарын жеке мәселелерімен қабыл­дауларына бірге қатысып, өңір үшін түйткілді мәселелерді бірлесе  зерделедік. 

Бүгінде Мемлекет басшысының сеніміне ие болып, Қызылорда облысының әкімі қызметін атқаруға белсенді кіріскен Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың алдында да өңірдің қарқынды дамуын одан әрі жалғастыру міндеті тұр. Ел басқару ісінде мол тәжірибе жинақтаған, Сыр өңірінің тыныс-тіршілігін тереңінен білетін білікті басшы ретінде Мұрат Нәлқожаұлының облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі арттырып, басталған ауқымды жоба­ларды табысты жалғастырарына сенімдімін.

Уақыт сыны таразысына түскенде лауазымның емес, ел үшін атқарылған істің салмағы өлшенеді. Сенаттағы қызмет атқарған жылдарым мен үшін саяси өмірбаянымдағы кезекті кезең ғана емес, Сыр жұртшылығының сенімін арқалап, өңірдің өзекті мәселелерін мемлекеттік деңгейде көтеруге мүмкіндік берген үлкен жауапкершілік мектебі болды. Өйткені ел сенімі есеп беретін биік мінбер ғана емес, табанды еңбек пен нақты нәтижені талап ететін зор жауапкершілік. Осы уақыт ішінде қолдау білдірген барша жерлестеріме, ардагер­лерге, зиялы қауым өкілдеріне, қоғамдық ұйым­дарға, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне және әріптестеріме шынайы риза­шылығымды білдіремін.

Руслан РҮСТЕМОВ,

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенатының

2023-2026 жылдардағы депутаты