«Мейіргер – мейірім жүрегі»: Қызылордада мейіргерлер апталығы өтеді

6

0

Көпбейінді қалалық ауруханада «Мейіргер – мейірім жүрегі» атты мейіргерлер апталығы ұйымдастырылмақ. Аталған шара 27–30 сәуір және 11–12 мамыр күндері өткізіледі.

Апталықтың мақсаты – мейіргер мамандығының беделін арттыру, корпоративтік мәдениетті дамыту, халық арасында мейіргер ісін насихаттау, пациенттердің сенімін нығайту және кәсіби әрі қоғамдық өзара әрекеттесудің заманауи түрлерін енгізу болды.

Апталықтың ашылу салтанатында аурухананың бас дәрігері Нуридин Егенбердіұлы сөз сөйлеп, мейіргерлердің денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды рөлін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде мейіргерлердің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі пациенттердің қауіпсіздігі мен сапалы медициналық көмек көрсетудің негізгі кепілі екенін айтып, барлық мейіргерлерге адал еңбектері мен жанашырлықтары үшін алғыс білдірді.

Сонымен қатар, аурухананың бас мейірбикесі Айгүл Тағаева апталық барысында ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспарымен таныстырып, олардың мақсат-міндеттері мен маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, кәсіби шеберлік байқаулары, семинарлар мен тәжірибелік сабақтар, тәжірибе алмасу кездесулері, санитарлық-ағарту жұмыстары, мәдени-танымдық іс-шаралар өтеді.

«Мейіргер – мейірім жүрегі»: Қызылордада мейіргерлер апталығы өтеді

Бұл іс-шаралар мейіргерлердің кәсіби біліктілігін жетілдіруге, ұжымдық ынтымақтастықты нығайтуға және пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға оң әсерін тигізбек.

Іс-шара қорытындысында белсенділік танытқан және кәсіби шеберлігімен ерекшеленген қызметкерлер марапатталып, олардың еңбегі ерекше атап өтілді.

Индира Ережімбетова,

Көпбейінді қалалық ауруханасының аға мейіргері