Қосалқы ауру кеселді асқындырады

1565

0

Жерлесіміз Мыңжылқы Бердіқожаев – ҚР Президенті іс басқармасының орталық клиникалық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі.

«100 жаңа есім» қатарына енген нейрохирург бүгінде қауіпті кесел – коронавируспен күреске өзіндік үлес қосуда.

Тәжірибелі маман өзінің YouTube каналында вирустан сақтану және оның алдын алу жолдары жайлы бейнероликтер жүктеп, халыққа тегін кеңес беріп жүр.

Дәрігердің айтуынша, вирусты бір адамнан екі немесе одан көп адам жұқтырады. Мұның қауіптілігі де осында. Инфекция 3,5 процент жағдайда адам өліміне алып келеді. Егде жастағы адамдар ауыр қабылдайды. Сондықтан қазір қарттарға ерекше көңіл бөліп, күтім жасау керек.

– Алғашқы симптомдар әрі қарай өршімесе және температура 7 күннен артық көтерілмесе, онда алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл бірден антибиотик қабылдап, компьютерлік томографиядан өтуге себеп емес. Адам 2-3 күн бойы симптомдардың күшейіп жатқанын немесе қайта пайда болғанын байқаса, онда бұл өкпе қабынуының белгісі болуы мүмкін. Бұл жағдайда зерттеу жүргізу мен емдеу әдісін ауыстырып, қандай да бір терапияны кеңейту маңызды, – дейді М.Бердіқожаев.

Дәрігер індеттен қорғанудың жолымен де бөлісті. Оның айтуынша, жеке гигиеналық талаптар әр азаматтың өмір сүру салтының бір бөлігіне айналуы тиіс. Қолды кемінде 20 секунд сабынмен жуу, көп адам шоғырланған жерде бетперде тағу, антибактериалды ерітінділермен қолды жиі өңдеп отыру, түшкіру, жөтелу кезінде респираторлы этикет қағидаларын сақтану керек. Иммунитетті жоғарылатуға арналған шараларды ұстану, күндізгі және түнгі ұйқының балансын сақтау, дәрумендерге байытылған дұрыс тамақ­тану рационына көңіл бөлу, стрестік жағдайлардың мейлінше алдын алу, спортпен шұғылдану және барынша позитивті көңіл-күйді сақтауға талпыну керек. Дәрумендерге бай таңқурай, қарақат сынды жеміс-жидектерді тұтынуға болады.

– Егер сізде артериалды гипертония, қант диабеті, семіздік, созылмалы жүрек, өкпе ақаулары сынды қосалқы аурулар бар болса, онда емдеуші дәрігер жазып берген негізгі ем жоспарын тоқтатпау қажет. Ал егер COVID-19 ауруына шалдығып, ауруханаға жататын болсаңыз, қосалқы аурудан қабылдап жүр­ген дәрі-дәрмектеріңізді өзіңіз­бен алып жүргеніңіз жөн. Себебі, індеттің асқынуына қосалқы ауру себеп, – дейді ол.

Мыңжылқы «Болашақ» бағ­дарла­ма­сымен Санкт-Пе­тер­бургттағы С.Киров атындағы Ресей әскери-медициналық акаде­миясындағы клиникада тәжі­рибеден өткен. Нейрохирург 2004 жылдан бері өзінің тікелей қатысуымен 3200-ден астам ота жасаған. Оның ішінде ми тамырларына жасалатын ең күрделі оталар Қазақстанда 2008 жылы енгізіле бастаса, алдымен елордадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында қолға алынды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<