Сәбит Пазылов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Дәрігер еңбегі өтпелі құбылыспен ғана еленбеуі керек»

1221

0

– Сәбит Бексейітұлы, кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

– Рахмет!

– Осы сәрсенбіде мерекелік салтанатты кеш өтті. Дәрігерлер бір сәт ақ халатты сахналық киімге ауыстырып ән де айтты, би де биледі. Көрермен ерекше ықылас танытты. Ал осыдан тура бір жыл бұрын өзіңізбен құрылған сұхбат жаһанды жайлаған жұқпалы індет туралы болып еді. Сонда медицина қызметкерлерінің жанкешті еңбегі, оларға деген елдің құрметі айқын сезіліп жатқан сәт болатын. Сол ықылас қазір  қалай?

– Әрине, әлемді жайлаған жұқпалы індет денсаулықтың қадірін, онан қалса бірлік пен ынтымақ, қайырымдылықтың парқын таразылап берді. Кейінгі екі жыл уақыт медицина саласы үшін жеңіл болған жоқ. Көп дүние өзгерді. Өмір мен өлім арасындағы арпалысқа араша түскен дәрігерлер сөзсіз жанкештілік көрсетті. Үй көрмей, уақытпен санаспай жұмыс жасады. Сол қиын тұста жалпы адамзаттың дәрігерлерге деген оң көзқарасы қайта жанданғандай болды. Тіпті медицина қызметкерлерін «Бүгінгі күннің батырына» балады. Әндер шықты, жыр да арналды, көңілге жылу ұялатар дәрігерлер туралы фильмдер түсіріліп, бір марқайып қалғанымыз рас. Шынымды айтайын, медицина саласында жүрген жиырма жылда сала мамандарына деген бұдан асқан құрметті көрмедім.

Дәрігерлерге алғыс айтатындар әрине, жеткілікті. Бірақ, әлеуметтік желіде әрқалай пікір білдіріп, көпті жетегіне ерткісі келетіндер де бар. Дегенмен пандемия уақыты дәрігерлерді барша адамзаттың бір көзқараста құрметтеуіне алып келді десем, артық айтқандық емес. Әсіресе қауіпті індеттің салдарынан күшейтілген режимде қызметтік міндетін асқан жауапкершілікпен орындаған дәрігерлер еңбегі еленіп, аталған инфекцияға шалдыққандарға шипа іздеген ақ халаттылар қоғам үшін маңызды, әрі абыройлы екені сол сәтте тағы бір мәрте айқындалғандай.

Құрметтің көрсетілуі соншалықты, тіпті көшедегі кейбір автокөліктер «Дәрігерлерге мың алғыс» деген жазулар қойып, көше бойларына суреттері ілінді. Мемлекет тарапынан дер кезінде көмек көрсетілді. Денсаулық сақтау саласы тығырыққа тірелгенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың амандығы үшін батыл шешім қабылдады. Жұқпалы індетпен бетпе-бет жүрген медицина қызметкерлерінің табысы еселеніп, өмірлік қауіпсіздігі қорғалды. Қысқасы, жүйеде үлкен сілкініс жасалды.

Емдеу ұйымдары ИВЛ аппараттармен толықты. Қазіргі таңда аймақта құрал-жабдықтар жеткілікті. Атап айтқанда, өткен жылы 1,1 миллиард теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алынды. Материалдық-техникалық база жаңарды. Жақында Қазалы теміржол ауруханасында МРТ орталығы ашылды. Аппараттардың толығуының арқасында диагнозды дәл қою, науқастарды айықтыру жеңілдеп келеді. Өздеріңізге белгілі, коронавирус індеті жыл басында қатты күшейгенімен (Омикрон штамына байланысты), қазіргі күні бәсеңдегені баршаға мәлім. Мұның барлығы – індетке қарсы екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптастырудың арқасы.

– Шын мәнінде, коронавирустың таралуы неден тежелді деп ойлайсыз?

– Тарихқа көз жүгіртсек, бұрын болған пандемиялар уақыты шамамен екі жылға созылып, әр жүз жылда бір қайталанып отырған.

Коронавирусты жеңген вакцина ма, әлде барлық халықтың ауырып шығып пайда болған табиғи иммунитеттен ба, қазір көзі ашық мамандар арасында бұл қызу талқылануда. Ал сол толқын-толқынмен келген вирустық инфекциямен күрескен дәрігерлердің жанкешті еңбегі тек қана мәселе туындағанда емес, әрдайым бағаланып қалса деген ойдамын.

Қазір технология заманы, адамның еңбегін әлеуметтік желі арқылы көріп бағалайтын деңгейге жеттік. Қараңызшы, өткенде барлығымыз куә болған 8-қабаттан құлағалы тұрған баланы құтқарған жерлесіміз қандай қошеметке ие болды. Ал осындай адамдарға өмір сыйлап жатқан қаншама дәрігерлеріміз бар. Бұл тұста айтқым келгені, дәрігерлердің табанды еңбегін тек қана пандемия кезеңімен сараламай, әрдайым өз бағасын беріп отыруға, құрметтеуге шақырамын.

Кеше ғана кезекті бір дәрігерлердің қуана бөліскен жағдайына куә болдым. Бір қолы мен аяғы істемей, тілі күрмеліп, көзі көрмей келген науқасқа дәрігерлердің дер кезінде «инсульт» диагнозын қойып, сол уақытылы қойылған диагноздың арқасында мидағы тамырда тромб анықталып, оны сол мезетте алып тастаудың нәтижесінде операция столы үстінде қимылсыз қалған қол мен аяқтың қалпына келуі, көздің қайта көруі, батырлық емей немене?! Ол адамның аз уақытта қалыпты өмірге ораларына еш күмән жоқ.

Кейде «Жүз қадам» деген әңгіме ойыма оралады. Адам тоқсан тоғыз қадам жерден құрғақ өтіп, бір қадам жерден лай басып кетсе, ол неге лай басып келген дейді. Сондықтан мен бұл жерде, бір ғана көргенді емес, жылдар бойғы еңбекті бағалауға шақырар едім.

– Сөзіңіз орынды. Медицинаны қолдау қаншалықты пәрменді деп есептейсіз?

– Мен медицина саласына шамамен еліміз тәуелсіздік алған жылдары келдім. Сол студенттік шақ, онан кейін жұмыс бастаған тоқсаныншы жылдардың соңы да оңай кезең емес еді. Дегенмен, еліміздің медицина саласындағы көптеген жетістіктеріне куә болып жүрміз.  Қарыштап кардиохирургия, нейрохирургия салалары дамуда, оған қосымша жасанды ұрықтандыру, орфандық ауруларда дәрілермен қамтамасыз ету жақсарды.

Медицина қызметкерлері жұмысының қаншалықты ауыр және жауапты екені мәлім. Олар үнемі білімді толықтыруды, интеллектуалды және физикалық күшті қажет етеді. Ол үшін алыс-жақын шетелдерде білім жетілдіруге қосымша қаражат қажет. Бұл тұста мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар аз емес. Дәрігерлердің шетелде тәжірибе алмасу жұмыстары ширап келеді. Өткен жылы Түркия Республикасында 7, Біріккен Араб Әмірліктерінде 14 бас дәрігер және олардың орынбасарлары тағылымдамадан өтті. 17 медициналық ұйым аккредиттеуден өтіп, сапа стандартына сай деп танылды. Сол себепті емдеу ұйымдарымыз талапқа сай, дәрігерлеріміздің білімі мен тәжірибесі ұштасқан деп айтуға болады.

Бүгінде Сыр медицинасының абыройы жақсы. Тұрғындардың денсаулық деңгейі жоғарылап, дәрігерлер күрделі оталар жасауда біліктілік танытып жүр. Бұрын шетелдерде немесе Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жасалатын күрделі оталар өз дәрігерлеріміздің шеберлігімен сәтті жүзеге асуда.

Облыс басшысының қолдауы, салаға бөлініп отырған қаржыландыру өңірде денсаулық сақтау саласында айрықша ілгерілеуге жол ашты. Ал, аймақтың ақ халатты абзал жандары болса, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге өздерінің білімі мен мүмкіндіктерін аянбай жұмсауда.

– Маман тапшылығы қалай шешіліп жатыр? 

– Кейбір мамандар бойынша жетіспеушілік қазір қай салада да бар. Әйтсе де, дәрігерлер тарапынан тапшылық болмау үшін біздің аймақта қарқынды жұмыс жасалуда. Сұранысқа ие «жалпы медицина» мамандығы бойынша мамандар даярлауға  облыс әкімінің 127 гранты бөлінді. Сонымен қатар өткен жылы 84 дәрігер жұмысқа қабылданды. Қазір бұл мамандар халыққа қызмет көрсетіп, елдің алғысын алып жүр.

Ал маманға жағдай жасау, ол – енді үлкен мәселе. Мемлекет басшысының тапсырмасы елдің денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мұрындық болып отыр. Жаңа Қазақстан конкурентті жүйелерден тұруы керек, соның бірі – медицина саласы. Жақында өткен референдум халқымызға біраз күш-жігер сыйлады деп ойлаймын. Ең бастысы, сенім арта түсті. Қор ашылып, сирек кездесетін ауруларды емдеуге қаражат мәселесі оңынан шешілді. Медицина қызметкерлері үшін бұл – үлкен қуаныш.

– Кәсіби мерекеде қандай тілек қосасыз?

– Мереке қарсаңында халық алғысын жолдап, денсаулығы дұрысталған жандар, дүние есігін ашып жатқан нәрестелер туралы, аурудың алдын алған жағдайларды еске алып, баспа болсын, әлеуметтік желі болсын лебіздерін бөлісіп жатыр. Кәсіби мереке тек салтанат құрып, той тойлау емес. Бір жылға баға беріп, алдағы мақсатты пысықтай түсетін жауапкершілігі бар. Бүкіл әлем бастан өткізген пандемия халықтың дәрігерлерге көзқарасын өзгертті, медицинаға құлақ асатын болды. Қиындықтарға қарамастан осы мамандықты таңдаған әрбір қызметкер халықтан қолдау күтеді және ол керек. Ал осы жолда барша әріптестеріме, ардагерлерге абырой тілеймін. Баға жетпес қазынаны қызғыштай қорып жүрген Сіздердің еңбектеріңіз қашанда мәртебелі. Еліміздің, оның ішінде Сыр дәрігерлерінің мерейі үстем болсын деп тілеймін. Осы сәтті пайдалана отырып, БАҚ өкілдерін санаулы күнде келетін кәсіби мерекелерімен де құттықтаймын.

– Рахмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан

Қуат Шарабидинов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<