Жедел жәрдем қызметі жетілдіріліп келеді

6

0

Науқастанған адам үшін алғашқы медициналық көмектің маңызы зор. Мұндайда жедел жәрдем қызметіне жүгінеміз. Дер кезінде әрі сапалы көрсетілген көмек адам өмірін сақтап қалады.

Кейінгі жылдары елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға барынша назар аударылып келеді. Әсіресе, тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға арналған шаралар қатарында жедел жәрдем қызметін жетілдіру жұмысы да бар.  Себебі жедел жәрдем – медицина саласының өзегі.

Жалпы, бұл қызметтің тарихы әріде жатыр. Соғыс даласындағы алғашқы көмек көрсетуден басталып, уақыт өте келе медицинаның маңызды әрі жеке саласына айналды. Деректерге сүйенсек, XIX ғасырдың басында алғашқы ұйымдастырылған жедел көмек Наполеон Бонапарттың бас хирургі Доминик-Жан Ларрейдің бастамасымен жүзеге асты. Ол жараланған сарбаздарды майдан даласынан жылдам алып шығу үшін ұшатын амбулатория (ат арбалар) жүйесін енгізді.

1860 жылдары азамат соғысы кезінде АҚШ армиясында арнайы жедел жәрдем жасақтары құрылды. Бұл кейін бейбіт өмірдегі аурухана негізіндегі алғашқы стансалардың ашылуына түрткі болды. 1881 жылы Венадағы қайғылы өрттен кейін әлемдегі алғашқы ерікті құтқару қоғамы құрылып, ол халықаралық үлгіге айналды. Ал Қазақстан аумағындағы жедел жәрдемнің қалыптасуына келсек, 1926 жылы Алматы қаласында алғаш рет орталық қалалық амбулатория жанынан 4 медициналық қызметкерден тұратын алғашқы жедел жәрдем тобы жұмысын бастады.

Бүгінде елімізде жедел жәрдем қызметі жетілдіріліп, медициналық авиациямен біріктірілді. Шақырулар халіне қарай жеделділіктің 4 санатына бөлінеді, ал мамандандырылған мобильді бригадалар халыққа шұғыл көмек көрсетеді. Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, тек былтырдың өзінде Қазақстанның жедел медициналық жәрдем қызметі 8 млн-нан астам шақыртуға қызмет көрсетсе, биылғы үш айда бұл көрсеткіш шамамен 1,8 млн болған. Осы орайда облыстағы жедел жәрдем қызметінің жұмыс ауқымы қандай, материалдық-техникалық базасы қаншалықты қауқарлы деген сұрақтар төңірегінде облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Бауыржан Төлегенмен сұхбаттасқан едік.

Жедел жәрдем қызметі жетілдіріліп келеді

– Бауыржан Төлегенұлы, кейінгі жылдары облыс әкімінің есеп­терінде, жалпы денсаулық сақ­тау саласы туралы айтқанда жедел жәрдем қызметі санитарлық авто­көлікпен түгелдей қамтылды де­генді алға тартып келеміз. Сіз басшылық қызметке келгелі қандай жаңалық бар?

– Иә, қазіргі кезде өңірдің жедел жәрдем қызметінде санитарлық автокөлік мәселесі түбегейлі шешілді. Мен 2023 жылдың қазан айында осы жерге басшылық қызметке келдім. 2024 жылы 16 автокөлік берілді. Былтыр 1 шілдеден бастап емха­наларға қатысты кешкілік болатын төртінші санаттағы шақыртуларды жедел жәрдем топтары орындайды. Нақтырақ айтқанда, жұмыс күндері 19.00-ден кейін, сенбіде түстен бастап, демалыс күндері толықтай біз қызмет көрсетеміз. Осыған байла­ныс­ты тағы 16 автокөлік берілді. Сонда бір жарым жылдың көлемінде 32 көлік берілді. Бұған дейін де алынды. Өйткені жыл сайын ескірген, бұзылған көліктің орнына жаңасы келеді. Ау­дандарда да солай. Себебі өмір болғасын шақыр­тулар толас­тамайды, соған сәйкес көмек те тоқ­таусыз көрсетілуі тиіс. Белгіленген норма­тив­тік талапқа сәйкес автокөлік жалпы көліктің санынан он пайыз артық болуы тиіс. Техника болғасын бұзылады, жолда жүргесін жол-көлік оқиғалары да болады. Ондай жағдайда бригадалар тоқтаусыз жұмыс істеу үшін артық авокөліктер тұруы керек. Механиктер тәулік бойы кезек­ші­лікпен жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда қазіргі кезде санитарлық автокөлікпен қам­туда еш мәселе жоқ. 2024 жылы облыс әкімінің қолдауы­мен 200 санитарлық автокөлік берілді. Осылайша ауылдық жерлердегі ден­саулық сақтау меке­мелері де толықтай автокөлікпен қамтылды.

– Облыста қанша жедел жәр­дем бригадасы бар?

– Қазіргі кезде 70 бригада жұ­мыс істейді. Аудандарда және қа­лада бар. Аудандарда бір бөлім­шеден. Бірақ Сырдария ау­да­­нының Шаған ауылында және Арал ауданының Сексеуіл кен­­тінде ауылдардың шал­ғай­лығына бай­ланысты қосымша бри­гадалар қызмет атқарады. Қалада төрт бөлімше бар. Ол бөлімшелерде 36 бригада жұмыс істейді. Одан бөлек, емхана­лардың барлығында мобильдік топ бар. Олар күндізгі шақы­рыстарды қабылдайды. Облыс бойынша 28 мобильдік топ таңертеңгі сағат 8.00-ден кешкі 19.00-ге дейін қызмет атқарады. Не­гізінен төртінші санаттағы шақыр­туларға барады. Одан кейінгі уақытта жедел жәрдем бригадалары халыққа қызмет етеді. Ал бірінші, үшінші санаттарға біздің шақырыс топ­та­рымыз барады. Бірақ үлгермей жатқан жағдайда тұрғындар тарапынан реніш болмас үшін біздің қызметкерлер де ара-тұра барып көмек көрсетеді.

– Кадр мәселесі қалай?

– Бүгінде жедел жәрдем қызметін­де 1109 қызметкер бар. Оның ішінде 58-і дәрігер, 668-і орта буын медицина маманы, өзге де қызметкер саны – 387. Кадрмен қамтуда еш мәселе жоқ. Дәрігерлердің санаттылығы 51 пайыздан 65,5 пайызға көбейді. Атап айтқанда, жоғары санатты дәрігер саны – 25, бірінші санатты – 6, екінші санатты – 7. Ал орта буын медицина қызметкерлерінің санаттылығы 45 пайыздан 51 пайызға артты. Оның ішінде жоғары санаттысы 219 болса, 43-і бірінші, 78-і екінші санатты.  Резидентура бітірген дәрігерлеріміз бар. Алдағы уақытта жалпы тәжіри­белік дәрігерлерді де жұмысқа қа­былдау туралы жаңа заң күшіне енбекші. Фельдшерлермен жүз пайыз қам­тылған. Мамандардың біліктілігін көтеруге де баса көңіл бөлінген.

– Материалдық-техникалық база туралы не айтасыз?

– Материалдық база туралы сани­тарлық автокөліктен бөлек, меди­циналық құрал-жабдықтарды айта­мыз. Бүгінде 95 пайыз қамтылған. Кез келген жағдайға бірінші жететін жедел жәрдем ғой, сондықтан бұл мә­селеге аса мән беріледі. Алғашқы кө­мек көрсетуге қажетті құрал-жаб­дық­тарымыз жеткілікті. Бізде со­­ны­­мен қатар санитарлық авиация бар. Жер­мен және әуе көлігімен ау­дандарға шығамыз. Жаз мезгілінде айына 20-25 рет ұшамыз. Көбіне жаңа туған нәрес­телерді тасымалдаймыз. Бір АН-2 және бір еурокоптор тік­ұшағы бар. Төтенше жағдайлар де­пар­­­таментіне тиесілі МИ-8 тік­ұшағы бар, қажет болған жағдайда алыс ауыл­дарға соны да пайдалана­мыз. Облыс­тағы барлық ауруханамен келі­сімшарт бар. Соның негізінде алды­мен теле­ме­дицина ар­қылы кеңе­сіп аламыз, содан кейін ғана қажет болған жағдайда санавиация жі­береміз. Был­тыр жаңа туған нәрес­телерді тасымал­дайтын кювез құрыл­ғысын алып берді. Ол – жаңа туған нәрестелерді тасымалдауға өте қа­жет­ті құрылғы. Жол бойы арнайы монитор арқылы нәрестенің жай-күйін бақылап, кислородпен қамта­масыз етеді.

Жедел жәрдем қызметі жетілдіріліп келеді

– Кейінгі кезде жедел жәрдем қызметкерлерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы жиі көтерілуде. Оған себеп – шақырысқа келген мамандарды ұрып-соғу, жеке басына қауіп төндіру секілді келеңсіз көріністердің жиілеуі. Сондай оқи­ғалар сіздің қызмет­керлеріңізде кездесті ме?

– 2024 жылы сондай бір оқиға болды. Күндізгі уақытта шақырысқа бар­ған қызмет­ке­рімізге мас күйдегі азамат шабуыл жа­сап, ми шайқа­луы­мен ауруханада ем алып шық­ты. Бү­гінде қатарымыз­да жұ­мысын істеп жүр.

Иә, кейінгі жылдары аталған мә­селеге қатысты ұсыныстар жиі кө­терілгені рас. Тек жедел жәрдем емес, аурухана, емхана қызмет­кер­лерін де қорғау туралы заң күшіне енді. Был­тыр облыс әкімінің қолдауы­мен же­дел жәрдем қызметкерлеріне видео­жетондар алып берілді. Қазір бар­лық бригада шақырысқа барғанда соны пайдалана алады. Ол аудио, видео жазбалар жүргізуге мүмкіндік береді. Егер қандай да бір дау туған, шағым түскен жағдайда соны қарап, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, шешім шы­ғаруға, құқықтық баға беруге болады. Бірақ заңнамаға сәйкес бар­ған кезде ең алдымен видео жүргізуге рұқсат сұрайды. Ал агрессивті жағ­дайда қызметкер өзін қорғау үшін рұқсатсыз да түсіре алады. Алдағы уақытта сақтық үшін автокөлікке де камера орнатуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін ұсыныс та беріп қойдық.

– Кейінгі кезде көпшіліктің «Қазір жедел жәрдем келгенімен ештеңе істемейді не дәрі екпейді» деген ренішін жиі естіп қаламыз.

– Біздің жұмысымыз Ден­саулық сақтау министрлігі бекіт­кен бұй­рыққа, хаттамаға сәйкес жүргізіледі. I, II, III, IV санатты шақырыстарға көрсе­тілетін кө­мектер бар. Созыл­малы ауруы бар кісілерге барғанда өзінің ішіп жүрген дәрі-дәрмегін ішуге кеңес беріледі. Наразылық бар, оны жасыра алмаймыз. Көбіне кіш­кентай балаға шақырғанда ата-ана­лары шыдамсыздық танытып жатады. Бригада барғанша біздің мамандар телефон арқылы кеңес береді. Ал бірінші, екінші, үшінші санатты шақырыстарда қажетті дәрі-дәрмек егіліп, адамды аман алып қалудың барлық амалы жасалады. Жалпы біздің қызметіміз заңмен бекітілген хаттама аясында жүргізіледі.

– Бригаданың науқасқа жету уақыты қалай? Бұдан біраз уақыт бұрын сағаттап күттік деп шағымданып жатушы еді.

– Қазіргі кезде шақырысқа жету уақыты әр санатқа байланысты бел­гіленген. Мысалы, бірінші санат он минутқа дейін, екінші санатқа жету уақыты он бес минутқа дейін, үшінші санат жарты сағатқа дейін, төртінші санат бір сағатқа дейін бару керек деп белгіленген. Кешкілік қар­балас сәтте сәл қиындау, әрине.  Әсі­ресе, ата-ана кешкілік жұмыстан кел­гесін бала-шағасын түгендей бас­­­тай­ды ғой, сол кездерде қарбалас бас­­талып кетеді. Одан бөлек, қы­зыл­ша секілді мау­сымдық вирус­тар­дың ке­зінде ша­қырыс көбейіп кетеді. Сон­дай жағ­дайда болып тұрады. Бірақ барынша уақы­тылы, жедел жетуге, кешікпеуге жұмыс жасап жатырмыз.

Қандай мәселе бар? Жос­пар­ларыңыз туралы айтсаңыз?

– Қазіргі таңда айтарлықтай мәселе жоқ. Алдағы уақытта аудан­дарда, қа­лада халық көп шоғыр­ланатын жер­лерде алғашқы көмек көрсету бойынша түсіндірме жұмыс­тарын жүргізіп жатырмыз. Соған түсіністікпен қараса дейміз. Ал­ғашқы көмек көр­сетуді кез келген адам білуі тиіс деп ойлаймыз. Же­дел жәрдем жет­кенше ал­ғаш­қы көмекті көрсете білу өте маңызды. Мектеп дирек­торла­ры­мен тығыз байла­ныс­та­мыз. Қазір суға түсу маусымы басталды. Соған бай­ланысты суға батқанда қалай көмек көрсетеміз, соны үйренсе дейміз. Жол-көлік оқиғалары да көп. Сондай жағдайда жедел көмек көр­сетудің маңызы зор. Бұл орайда полиция, төтенше жағдай қызмет­кер­лерімен бірігіп жұмыс істейміз. Тұрғындар арасында ал­ғашқы көмек көрсете білуді наси­хат­тау бағытында жұмыстар атқарылуда.

Атап айтар мәселе жоқ, саланы қаржыландыру уақытылы әрі толық­тай жүргізілуде. Биыл жедел жәрдем қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Жылдан жылға жақсармасақ, жаман емес.

Жетістіктеріміз де баршылық. Жылда жедел жәрдем бригада­ла­ры­ның республикалық спартакиа­дасы өтеді. Соған қатысып, жүлделі орын­дар алып жүрміз. Былтыр Ақтау қала­сында халықаралық деңгейде өтті. Сонда реанимациялық көмек көрсету бойынша біздің қызметкерлер бірінші орын алды.  Алдағы уақытта маман­дарымызды шетелдерге шы­ғарып, біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу жоспарымыз бар. Сонымен қатар аудандарда мамандардың білік­тілігін арттыру бойынша курстардан өткізу қолға алынған.

– Әңгімеңізге рахмет! Істеріңіз­ге сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»