«Саламатты Қазақстан» пойызы Ордабасы ауданына аялдады

1766

0

Фото: Kazinform

«Саламатты Қазақстан» пойызы Ордабасы ауданына келді, деп хабарлайды Kazinform.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ордабасы ауданындағы Бадам ауылдық округіне аялдады. Дәрігерлер құрамын аудан әкімі Азат Оралбаев күтіп алып, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі. Ал, жұмыс тобының бас дәрігері Айнұр Құдайбергенова тұрғындарға қызмет алу барысын түсіндірді.

Еліміздің барлық облысын аралап келе жатқан пойыз Ордабасы ауданында екі күн қызмет көрсетеді. Дәрігерлер аудан тұрғындарын таңертеңгі сағат 9:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін қабылдайды.

8 вагоннан тұратын медициналық пойыз заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен, шағын операциялық бөлмемен, зертханамен жабдықталған. Онда терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор дәрігері, хирург, уролог, маммолог, педиатр мамандары бар.

Айта кетейік, бұдан алдын «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Түркістан облысына қараша айының 4-нен бастап 17-іне дейін тоқтайтынын жазған болатынбыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<