Жедел жәрдемнің бір күні

1213

0

Бас ауырып, балтыр сыздаса, алдымен жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетініміз белгілі. Дәрігердің ауырған жерімізді тәптіштеп сұраса, айыққандай күй кешетініміз тағы бар. Десе де, көпшілік ем-дом жасауға дайын арашашы жандардың сан түрлі жағдайды бастан кешетінін біле бермейді. Бұған облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы мамандарымен бірге шақыртуларға шыққанда куә болдық.

Әуелі жедел жәрдем станциясының диспетчерлер орналасқан бөлмесіне бас сұқтық. Мұнда ұдайы қарбалас. Бір-біріне қарауға мұршалары жоқ. Жан-жақтан қоңырау қабылдап, бөлімшелерге бағыттап жатыр. Өйткені облыс бойынша барлық қоңырау негізгі бекетте қабылданады. Ол жердегі мамандар дереу автоматтандырылған «Көмек» жүйесі арқылы қосалқы бекеттерге хабар береді, яғни, аудандар да дәл осы жерден басқарылады. Қабырғаға ілінген үлкен монитордан Қызылорда қаласы ғана емес, облыс бойынша жедел жәрдем көліктерінің қозғалысы байқалады. Бір қарағанда түсініксіз болғанымен, шақыруға шыққан бригаданың жұмысы осы арқылы бақыланады. Себебі әр минут қымбат. Күніне шамамен 1300-ден аса  шақыруға жауап берілмей қалған кез болған емес.

Халық ескермейтін 4 санат

Құрамында 950 адамнан тұратын ұжым ауысымдық жүйемен жұмыс істейді. Оның ішінде 78 дәрігер, 500-ден астам орта буын қызметкер бар. Қысылғанның жанын сақтайтын да, кешігіп келеді деген ел өкпесін еститін де – осы бөлім. Содан болар, бекеттегі бригаданың барлығы шақыртудан бір сәт босамайды.

– Мұндағы жұмыстың қарбаластығы сонша қызметкерлерінің түскі ас ішуге де уақыты жоқ. Соған қарамастан тұрғындардан түсетін шағым да жетерлік. Оған себеп көп. Оның ішінде атауы жоқ көшелер мен реттік нөмірі дұрыс емес үйлерді іздеумен  уақыт өтіп, кешігіп барады. Осы мәселе қиындық тудыруда. Алайда қазір жедел жәрдем көлігінің барлығына автоматтандырылған «Көмек» жүйесі қондырылған. Оның тиімділігі соншалық, көліктер бекетке қайта келіп әуре болмайды. Бағыттаушы диспетчер көліктің қай жерде жүргенін компьютер арқылы анықтап, сол бойынша келесі шақыртуға жібереді. Осылайша уақыт үнемдейді әрі артық шығын болмайды, – деді ақпараттық-диспетчерлік бөлімнің меңгерушісі Марина Тобылбаева.

Айта кетерлігі, жедел шақыртулар науқастың ауру белгілеріне байланысты оңтайландырылып, төрт санатқа жіктелген. Алғашқы үш санатқа пациенттің өміріне тікелей қауіп төніп, шұғыл медициналық көмек қажет етілетін жағдайлар жатқызылады. Мұндай бөлімшелер шақыртуларды тәулік бойы қабылдайды. Облыстық медициналық  жедел жәрдем станциясының бас дәрігерінің медицина ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Нұрсейітованың айтуынша, шұғыл көмекке аттанатын жедел жәрдем көліктері кислород, ИВЛ, ЭКГ, отсос, дефибриллятор, небулайзер сынды қажетті аппараттармен жабдықталған. Фельдшерлердің қораптарында керекті дәрі-дәрмектер бар, олар үнемі жаңартылып отырады. Шұғыл қатерлі жағдайларда дәрігерлер құрал-сайманын сайлап, 10-15 минут ішінде оқиға орнына қарай жүйткіп жетеді.

– Бүгінде жедел жәрдем 4 санат бойынша қызмет көрсетеді. Халық соны ескере бермейді. Әуелгісі – шұғыл санат. Сондықтан мамандар діттеген жерге 10-15 минутта тез жетуі керек. Атап айтсақ, бірінші санатқа науқастың өміріне тікелей қауіп төнетін шұғыл медициналық көмек қажет жағдайда он минутта жету керек. Мәселен,  жол- көлік оқиғасы, төтенше оқиға болғанда, адам ес-түссіз қалған жағдайлар жатады.  Ал екінші санат бойынша науқастың өміріне қатер төнуі ықтимал, алайда тығырықтан медициналық көмексіз шығуға мүмкіндік болса, жүкті келіншектер мен жүрек қысылғанда, қан қысым мен дене қызуы көтерілгендерге он бес минутта барады. Үшінші санатқа жататын науқастың денсаулығына қатер төнуі мүмкін, бірақ жағдайды медициналық көмексіз реттеуге болады. Құсып, іші өтіп жатқан 3 жасқа дейінгі балалар мен жүктіліктің соңғы кезеңіндегі әйелдерге көмек көрсетіледі. Оларға жедел жәрдем қызметі 30 минут ішінде келуі керек. Сонымен бірге төртінші санатқа науқастың денсаулығына және өміріне тікелей қауіп төнбейтін жағдай кіреді. Оған бір сағат уақыт беріліп, емханалардағы жедел медициналық көмек бөлімшелеріне жүгіне алады. Мұндай бөлімшелер шақыртуды жұмыс күндері тәулік бойы қабылдайды, – деді бас дәрігердің медицина ісі жөніндегі орынбасары.

Орайы келгенде айта кетейік, бүгінде аймақтың кез келген нүктесінде тұрып 103-ке телефон соға аласыз. Қоңырау бірден Сall орталығына келіп түседі. Сондай-ақ, қазір 103 бірыңғай оперативті бөлімі мен 112 бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі халыққа бірге қызмет көрсетеді. Айтпақшы, станция құрылымына 4 қалалық, 9 аудандық бөлімше, оперативті және медициналық авиация бөлімі кіреді.

1299 шақыру немесе дәрігердің бір күні

Байқағанымыз, жедел жәрдем бөлімі жұмысына фельдшер, дәрігер, диспетчер, көлік жүргізушісінің өз үлесі бар. Бір-бірімен тығыз байланысты, іскерлік пен жылдам шешім қабылдауды, кәсібилік пен кешенді қызметті қажет ететін бөлімнің бір күндік жұмысы да оңай емес.

Ауысым бойынша жұмысқа кіріскен фельдшер, дәрігердің күні шақыртудан басталады. Бұл жерде қоңырауларды қабылдап, бригадаларды реттеп отыратын диспетчердің жұмысы аса маңызды. Әрі қарай науқастың қандай жағдай бойынша хабарласқаны назарға алынып, бригада жедел түрде аталған мекен-жайға қажетті аппараттарымен аттанады. Мәселен, реанимациялық жағдайдағы науқасқа дер кезінде оттегі беріп, мониторинг арқылы бағалаған соң, қимылға көшеді.

Әуелгі шақыруымыз қала тұрғыны Сайділда Оспановтан түсті. Оның демікпе ауруы асқынып, жағдайы нашарлауына байланысты жедел жәрдем шақырды. Сөйтіп, біздің бір күндік бірлесіп атқаруды көздеген кезекшілігіміз басталып кетті. Бұл жолы көмек қан қысымы көтеріліп, демікпесі асқынған 60 жастан асқан ер кісіге керек. Діттеген жерге 8 минутта жеттік. Жедел жәрдем қызметкерлері науқастың қан қысымын өлшеп, қант мөлшерін анықтап, тамырына дәрі екті. Науқастың аталған дертпен ауырғанына біраз жыл болған. Ол кісіге сол уақытта қан қысымын қалыпқа келтіретін екпе салды. Осылайша жағдайы дұрысталды. Содан соң барып жедел жәрдем қызметіне қандай баға беретінін сұрадық. Ол кісі әрдайым уақытылы келіп, көмек көрсететінін ақ халаттыларға алғыстан басқа айтары жоқ екенін жеткізді.

Бұл шақыруға бізбен фельдшер-субординатор Ерлан Әуесбаев бірге жүрді. Ол станциядағы ең қөп шақыруға барған. Мәселен, былтыр 175 мыңға жуық шақыру түссе, соның 1800-ге жуығына, ал биыл 500-ге тарта шақыруға барған. Оның айтуынша, жыл сайын жедел жәрдем шақыратындардың саны артып барады. Сөзімізге тұздық болсын, биылғы жылдың алғашқы үш айында 113 мыңнан астам қоңырау түскен.

Облыстық жедел жәрдем станциясының 4-бөлімше меңгерушісі Алма Оразованың осы салада келе жатқанына 30 жылдан асты. Оның айтуынша, өңірде шақыртудың басым көпшілігі қан қысымына қатысты. Шұғыл көмекті қажет ететін науқастардың арасында үй жағдайында босану оқиғалары да кездескен. Жүрек талмасы да – біраз шақыртудың себебі. Мұның барлығы ауырған адамның өздігінен әрекеттенуіне келмейтін, күтпеген, шұғыл жағдайда туындайды. Осындай қысылтаяңда адам жанын сақтауға ант еткен ақ халаттылардың орны бөлек.

Айтпақшы, біз бағамдаған бір тәулікте 1299 қоңырау түсті. Түскен қоңырауларды 7 диспетчер қабылдап, 2 аға дәрігер, 3 бағыттаушы диспетчер, 13 бөлімше диспетчері санаты бойынша жедел жәрдем топтарына берді. Бірінші, екінші, үшінші санатты шақыруды орындау барысында 4 кардиологиялық, 4 педиатриялық, 10 желілік дәрігерлік топ және 32 фельдшерлік топ жұмыс атқарды. Ал 4-санатты шақыруларды орындау барысында емханалар құрамындағы 29 топ жұмыс істеді. Ауруханаға тасымалданған науқастар саны – 261. Олардың ішінде 63 науқас арнайы көмекке, 52 науқас жарақат пунктіне, 146 науқас ауруханаға жатқызылуға жеткізілді.

Шақыртуыңызға жедел жәрдем жылдам келе қоймаса түсіністікпен қараңыз. Жай жүрген жоқ, бір адамның жанына араша түсіп жатқан болар. Кешігіп жатса, себепсіз емес!

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<