Ернар Шымбаев, бильярдтан екі дүркін әлем чемпионы: «Кәсібіңді сүйсең, жеңіске жетесің»

2306

0

Ертеде бильярд корольдар мен императорлардың, ақсүйектердің ойыны деп саналған.

Бильярдты өте жақсы көрген 15-16 ғасырдағы Франция королі XIV Людовик пен кеңсе хатшысы Шамильяр деген ойыншы ғана қарсылас болыпты. Шын мәнінде ол күшті бильярдшы еді, сондықтан корольмен ойнағанда кейде ұтып, көбіне әдейі ұтылады екен. Король бильярдты шебер ойнағаны үшін  Шамильярды әскери министр қызметіне тағайындаған.

Осынша қызығушылық тудыратын һәм жан ләззатын сыйлайтын бильярд ойыны бүгінде өз елімізде де ерекше қарқындап келе жатыр.

Бильярд әлемінің биігіне шыққан – Әлихан Каранеев, Қаныбек Сағындықов, Әуез Елубаев, Әлімбек Омаров есімдерін бұл спорт жанкүйерлері жақсы біледі. Осы сапта халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлемнің екі дүркін чемпионы Ернар Шымбаевтың да аты айрықша аталады.

Жақында Қызылордада бильярдтан өткен Қазақстан ашық чемпионатына қонақ есебінде келіп, шеберлік класын көрсеткен Ернармен біз бір-екі ауыз әңгімелесіп қалған едік.

– Ернар, әуелі өзіңді қызылордалық жұртшылыққа жақын таныстырып өтсем деймін…

– Мен 1988 жылы Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында туғанмын. 1999 жылы үйіміз Алматы облысы Еңбекші поселкасына көшіп келді. Өзім Нөкістен құқықтану колледжін бітірдім.

Қазір бірыңғай бильярд спортымен айналысамын. Үйлі-жайлымын, биыл ұлды болып, әке атандым. Қысқаша – осы.

– Бильярд ойынына деген қызығушылығың қалай басталды?

– Бала кезімнен бильярд ойнап жатқан жігіттердің қасында жүріп, қызықтайтынмын. Ойынның сырын соларға қарап тұрып үйрендім. Бір күні мен де ойнаймын дедім. «Ойнай ғой» деп қолыма кий берді. Кий деген таяқты қолыма бірінші мәрте ұстауым, лузаға бірден алты тас аттым. Алты шарды шебер ойыншылардың өзі бір кезекте түсіре алмай қалуы мүмкін. Себебі, тақта бетіндегі шашыраған шарлар бір біріне кедергі келтіріп тоқтайды.

Сол кезде он бес жастамын. Содан бастап менің көңілім биьярдқа біржола ауды. Ата-анам қолдады. Сөйтіп, 2017 жылы алғаш рет Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатына қатыстым. Осы жерде Садирин деген кісінің көзіне түстім, ол кісі мені болашақ жақсы ойыншы болады деп танып, Алматыға барған соң үш ай дайындалдырды. Сөйтіп, бильярдтағы жолым басталды. Осыдан кейінгі жылдары бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы болдым. 2010 жылы комбинациялық пирамида бойынша әлем чемпионатының финалында қырғызстандық Қаныбек Сағынбаевты жеңіп, жиырма екі жасымда әлем чемпионы атандым.

2021 жылы Ханты-Мансийскіде өткен әлем чемпионатында 3 дүркін әлем чемпионы Никита Ливаданы ұтып, екінші мәрте чемпион болдым.

– Жақында ғана Мәскеуде өткен «Кремль кубогы» жарысында да жеңіске жетіп, барша жанкүйерге қуаныш сыйладың. Бұл қандай жарыс, өзіңді қалай сезіндің?

– «Кремль кубогы» – әлем чемпионатымен деңгейлес жарыс. Биыл бұл жарысқа әр елден 392 спортшы қатысты. Шешуші ойындарда Қырғызстан мен Өзбекстан бильярдшыларымен кездесіп, жеңіске жеттім. Өзіме сенімді болдым.

– Өзіңді қалай сезіндің дегенім, осы ойында аяқтан шалмақшы болып, алалық танытқандар да болған сияқты…

– Ондай болды. Осы ойында бірінші орынды мен, екінші, үшінші орынды қырғыздар алды. Бұл ресейліктердің шамына тиді. Әділ төрешілік жасамайтын кездер де кездеседі. Физикалық, кәсіби тұрғыдан мықтылығың алға шыққанда, моральдық тұрғыдан тұқыртқысы келеді. Алайда, өзіңе деген сенімділік қандай кедергіден де алып шығады.

– Жалпы, бильярдшыға қандай қасиеттер керек?

– Кез келген бильярдшы математиканы, геометрияны, шахмат жүрісін жақсы білуі керек. Ойыншы өзінің ойында соғылған шарлардың қалай айналыс жасайтынын жақсы біліп тұруы керек. Миында сызба жасай алуы тиіс. Сөз жоқ, мұның бәрі әуелі жаралысынан, сосын тәжірибемен келген талант пен шеберлікке тікелей байланысты. Әрине, бильярдшы болсын, басқа болсын адами қағидаттардан аттамау керек деп есептеймін.

– Екі рет әлем чемпионы болғаныңды айттық. Осы жетістігің үшін үй, көлік деген сияқты сыйлықтар иеленген шығарсың?

– Чемпионаттың мөлшерлі сыйы болады. Бірақ, елге оралғандағы біздің сыйымызды басқа спорт түрлерінен жеңіп келгендерге көрсетілген құрметпен салыстыруға келмейді. Үй де, көлік те алғаным жоқ. 2021 жылы әлем чемпионы болып келгенімде Алматы облысының әкімі он сотық жер телімін берген. Алған үлкен сыйым сол болды. Оған ренжімеймін, жанкүйерлерімді қуанту, елдің намысын қолдан бермеу – ең үлкен сыйым.

– Қызылордадан қандай әсер алдың?

– Қызылорда – көркейіп, кеңейіп келе жатқан қала. Таза, көңіл-күйге әсер ететін көріністері көп. Адамдары ақпейіл, турашыл, қонақжай. Спорт жанашырлары, бильярд қауымдастығының басшылары Талғат Ыстықбаев, Руслан Маманов, Сейіткерей Досаев секілді азаматтар Қызылордада бильярдтан бірнеше мәрте турнир өткізді, мені қонақ есебінде шақырып тұрады. Қызылордада жақсы бильярд ортасы қалыптасқан. Бүгінде осы өңірде үш бірдей Қазақстан чемпионы бар, онан да басқа мықты ойыншыларды білемін.

Дегенмен, облыста бильярд федерациясының болмауы бұл спорттың даму жолындағы кедергілерді көбейтеді. Әсіресе қаржылық жағынан. Сондықтан, алдағы уақытта облыстық спорт басшылығы бұл мәселені қолға алуы тиіс. Ол жастардың болашағы үшін қажет. Қызылордадан әлем чемпиондарының шығу мүмкіндігі зор. Жастар өте талантты. Оларға қолдау керек-ақ.

– Бильярдтан басқа не кәсіппен айналысасың. Алда қандай жоспарлар бар?

– Қазір өзім жаттықтырушымын. Жастарды бильярд спортына баулып жатырмын. Өзіңнің сүйікті ісіңнен жеген наннан тәтті ештеңе жоқ.

Биыл қарашада Орынбор қаласында кезекті әлем чемпионаты басталмақ. Оған дейін, 20 қыркүйекте ішкі біріншілік өтеді.

Менің назарым – сол ойындарда тұр. Жеңіп, жанкүйерлерімді қуанту – басты мақсатым.

–  Жеңісің жеңіске ұлассын, ел мерейін асыра бер, Ернар. Қазақтың намысын көтеріп жүретін шәкірттерің көп болсын!

Сұхбаттасқан

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<