– Айжан Жұмабекқызы, «Қызылорда ньюс» ақпараттық агенттігінің әлеуметтік желіде желкен көтеріп, жаңалық таратқанына 5 мамыр күні тура 15 жыл толады. Құтты болсын!
– Рахмет!
– Әуелгіде интернет газет, бертін келе сайт, онан кейін ақпараттық агенттікке айналған жаңалық жаршысының аз-кем тарихы екеумізге аян. Әйтсе де осы ақпарат көзінің негізін қалап, өзегіне қан жүгірткен өкілдер еңбегін ұмытуға болмайды.
– Әлемдік медиатрансформация мәселелерін зерттеушілер баспадан вебсайтқа көшу процесін кейінгі 15 жыл деп қарастыратынын ескерсек, жалпы біздің де бұл ақпарат айдынында желкен керген жылдарымыз шамалас болады екен. Бұл ретте интернет газет идеясының авторы, негізін қалаушы аға буын Аманжол Сақыпұлы, агенттіктің алғашқы бас редакторы Елібай Жікібаев, оператор Насреддин Бахманов, одан кейінгі жылдарда шығармашылық топты шыңдаған Мұрат Жетпісбаев, Әлібек Байшүленов, Дәуіржан Елубаев, Жәнібек Исаев, сайт әкімшісі Бақытжан Салмұрза, кейінгі толқындардан Нағымжан Сауяев, Назерке Саниязова, Дәурен Омаров, Нұрсұлтан Мықтыбай, Мөлдір Снадинқызы, Әзиз Батырбеков есімдерін біз әрқашан мақтанышпен айтамыз. Әрбірінің өзіндік қолтаңбасы бар. Қазақ журналистикасындағы жаңа медианың, яғни ақпарат таратудың басқа көзіне қарағанда мүмкіндігі зор медиа-технологияның алғашқы қарлығаштарының бірі ретінде танылуы, тұрақты оқырман қалыптастыруы, сәт сайын мың құбылған замана көшіне бейімделуі мұның барлығы да жылдарды жылға жалғап, сабақтасып отырған үлкен шығармашылық ұжымның еңбегі деп бағалаймыз.
– Әлеуметтік желіде ақпарат таратудың түрлі тәсілі қолданылып жүр. «Қызылорда ньюс» қандай жолдан өтті?
– Интернет газетке бастапқы жылдары Жарғы бойынша екі тілде 15 ақпарат салыну қажет болса, сол 15 ақпаратты табудың өзі оңай болмаған жолдардан өтті. Себебі ол кездері барлық ақпарат газеттердің шығу күніне ыңғайланып, асықпай, баппен жазылатын. Елібай Зұлхарнайұлының еңбегімен Ішкі істер департаменті, төтенше жағдайлар және денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметімен тығыз байланыс орнату арқылы күнделікті жаңалықтар жасау қызметі жолға қойылса, одан кейінгі жылдары күнделікті оқырман санын көбейту жұмыстары маңызды болды. Ақпараттық агенттік болып тіркелген 2014 жылдары мультимедиалық элементтерді пайдалана отырып, ұзақ мәтінді лонгридтер мен фоторепортаждар ұсынудың да өз қызығы бар. 2018 жылдары әлеуметтік желілермен жұмыс істеу қолға алынып, SMM нұсқаулықтары үйретілді. 2019 жылы жаңартылған, жетілдірілген, дизайны заманауи веб-сайт іске қосылды. Аудиоподкастар жасалды. Қазір видеоконтент, түрлі медиаблогтар медианың жаңашылдығы ретінде қабылданып отыр. Мұнымен қоса агенттіктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларын үздіксіз дамыту, күнделікті қысқа рилстар арқылы оқырманды ұстап тұру басты назарда тұрады. Бұрын қысқа жазбалар басқа сайттардан көшірілетін болса, қазір камера, дрон көмегімен бейнежазбаларды өзіміз түсіріп, арнайы жабдықталған студияда монтаждап, өнім ретінде ұсыну мүмкіндігінің болуы кәсіби табысымыз деп есептейміз. Осының барлығы да агенттіктің ақпаратты жылдам әрі сапалы таратудың сан түрлі жолдарынан өтіп келе жатқанын көрсетеді.
– Алдағы бесжылдықтың бәсекесі нені меңзейді?
– Меніңше, ақпараттық агенттіктің алдағы бесжылдық жоспары жаңалық тарату деңгейінен жоғары болу керек. Қазіргі медианарықта тек жылдамдық жеткіліксіз, сенім, сараптама және технологиялық икемділік шешуші роль атқарады. Демек сенімді ақпарат көзі, сараптамалық орталық және мультимедиалық платформа ретінде түсіндіретін, талдайтын, бағыт беретін медиа болуымыз өте маңызды. Өйткені қазіргі аудитория тез қабылдайды, визуалды ақпаратты жақсы көреді, эмоция мен мағына іздейді.
Қалай дегенде де әрбір бесжылдықтың өзіне тән көтеретін жүгі, дамитын жолы болады. Сол жолда әріптестер еңбегі абыройлы бола бергей деп тілеймін.
Әңгімелескен
Қ.ӘБІШ






