«Қазалы Маринамен мақтанады»

1008

0

Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев ел чемпионаттарының жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларын қабылдады.


– Қазалы ауданының спортшылары қай жарысқа қатыспасын, жеңіске жетіп, қашанда үздіктер қатарынан көрініп келеді. Ауданнан шыққан атақты спортшылардың да қатары қалың. Әріге бармай-ақ, 2012 жылы Лондон Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған Марина Вольнова қызымыздың жетістігін айтсақ болады. Маринаның есімі ауданның тарихында ғана емес, еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылып қалады. Өйткені ол – тәуелсіз Қазақстан тарихында Олимпиадада әйелдер боксынан жүлде алған алғашқы спортшы, – деді аудан басшысы.


Мұнан соң Қазақстан Республикасы чемпионаттарында күміс, қола медаль алған спортшыларға құттықтау хатын табыс етіп, сый-сияпат көрсетті. Ал Олимп шыңына шыққан Маринаның бапкері, көптеген жеңімпаз боксшының ұстазы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақытбек Құлбаевты«Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.

Басқосуда аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы Бақытбек Құлбаев пен ардагер спортшы Сапарбек Көбегенов спортшыларға ерекше мән беріп, қабылдау өткізген аудан басшысына алғыс айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.


Айта кетейік, 23-29 қараша күндері Шымкент қаласында өткен бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы ел чемпионатында Дәметкен Келімбет пен Гүлсая Ержан қола жүлдегер атанды. Олжас Сырлыбай мен Айдос Сүлеймен қараша айының соңғы күндері Алматы қаласында грек-рим күресінен ересектер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында күміс және қола медальді еншіледі.


Тағы бір жас талант Аяжан Нұржан биылғы жылдың ерекшелігіне байланысты Қызылорда қаласында ауыр атлетикадан әйелдер арасында онлайн өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз